Қоғам

Грант иегерлерінің тізімі қашан жарияланатыны белгілі болды

© Sputnik / Абзал КалиевСтарт ЕНТ 2019
Старт ЕНТ 2019 - Sputnik Қазақстан
Жазылу
2020 жылғы грант иегерлерінің тізімі 15 тамыз күні сағат 18:00-де testcenterkz парақшасында жарияланады

НҰР-СҰЛТАН, 15 тамыз – Sputnik. 2020 жылғы білім гранты иегерлерінің тізімі 15 тамызда жарияланады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Грант иегерлерінің тізімі бүгін сағат 18:00-де testcenterkz парақшасында жарияланады", - деп жазды Ұлттық тестілеу орталығының басшысы Дидар Смағұлов Instagram-да.

Оның айтуынша, комиссия отырысы аяқталып, шешім қабылданған.

Грант қалай тағайындалады?

"Бакалавр" дәрежесі бойынша білім гранттары ұлттық бірыңғай тестілеудің немесе кешенді тестілеудің нәтижесіне қарай конкурстық негізде беріледі. Конкурс кезінде Қазақстан тарихы, математика, оқу сауаттылығы (қазақ немесе орыс тілі) және екі бейіндік пәннің ұпай саны ескеріледі. Ал шығармашылық пәндер болса, емтихандардың нәтижесі есепке алынады.

Оқытудың қысқартылған мерзімін көздейтін және жоғары білімнің ұқсас білім беру бағдарламалары бойынша оқуға түсемін деушілердің кәсіптік пәннен және арнайы пәннен жинаған ұпайы ескеріледі. Сол сияқты шығармашылық даярлық бойынша арнайы пән мен шығармашылық емтиханның бағасына қарайды.

Қанша балл жинау керек?

Жоғары білімнің білім беру гранттарын тағайындауға арналған конкурсқа қатысу үшін шығармашылық даярлықты талап ететін жоғары білімнің білім беру бағдарламаларына түсушілерді қоспағанда, ұлттық университеттерге түсу үшін ҰБТ нәтижесі бойынша кемінде 65 балл жинау керек.

  • "Педагогикалық ғылымдар" бойынша кем дегенде 70 балл;
  • "Ауыл шаруашылығы және биоресурстар" және "Ветеринария" бойынша кемінде 60 балл.

Басқа жоғары оқу орындарына түсуі үшін кемінде 50 балл жинау қажет. Педагогика бойынша ұпай саны 70 болса, медицина мамандықтарына түсу үшін кем дегенде 65 балл алу керек.

Ал шығармашылық даярлықты талап ететін жоғары білімнің білім беру бағдарламаларына түсушілерді қоспағанда, оқытудың қысқартылған мерзімін көздейтін жоғары білімнің ұқсас білім беру бағдарламаларының тобы бойынша білім беру бағдарламалары топтарына түсушілерге ҰБТ нәтижесі бойынша – кемінде 25 ұпай жинау керек.  

Кімге басымдық беріледі?

Конкурс кезінде грантқа үміткерлердің ұпай саны тең болса, басымдық беру шарттары қарастырылған. Олар:

  • "Алтын белгi" белгiсімен марапатталған тұлғалар;
  • техникалық және кәсіптік білім алғаннан кейін мамандығы бойынша кемінде бір жыл жұмыс өтілі бар тұлғалар;
  • тiзбесiн бiлiм беру саласындағы уәкiлеттi орган айқындайтын жалпы бiлiм беретiн пәндер бойынша халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарының (ғылыми жарыстардың) (бiрiншi, екiншi және үшiншi дәрежелi дипломдармен марапатталған), орындаушылардың халықаралық және республикалық конкурстарының және спорттық жарыстардың (бiрiншi, екiншi және үшiншi дәрежелi дипломдармен марапатталған) соңғы үш жылдағы жеңiмпаздарының, сондай-ақ өздерi таңдаған мамандықтар олимпиадалардың, конкурстың немесе спорттық жарыстың пәнiне сәйкес келген жағдайда, жалпы бiлiм беретiн пәндер бойынша ағымдағы оқу жылында президенттік, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарының (бiрiншi, екiншi және үшiншi дәрежелi дипломдармен марапатталған) жеңiмпаздары;
  • жетiм балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, сондай-ақ кәмелетке толғанға дейін ата-аналарынан айырылған немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастар қатарындағы Қазақстан Республикасының азаматтары;
  • I және II топтағы мүгедектер, жеңілдіктері мен кепілдіктері бойынша Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілген тұлғалар, медициналық қорытындыға сәйкес тиісті білім беру ұйымдарында оқуға қарсы айғақтары жоқ бала кезінен мүгедектер, мүгедек балалар және үздік білімі туралы құжаттары (куәліктері, аттестаттары, дипломдары) бар тұлғалар.
  • Гранттардың 70 проценті жалпы конкурс тәртібімен беріледі, қалған 30 проценті тек ауыл жастары арасынан шыққандарға таратылады.

 

Жаңалықтар
0