Қоғам

Олжас Сүлейменовтің жиенін қаққан әйел бостандыққа шықты – сот түсініктемесі

© Sputnik / Владислав ВодневМалика Мухитова в зале суда
Малика Мухитова в зале суда - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Мұхитова жазаны өтеу тәртібін бұзбаған. Түзеу мекемесінде қоғамдық өмірге белсене араласқаны және үлгілі тәртібі үшін үш рет марапатталды

НҰР-СҰЛТАН, 20 тамыз – Sputnik. Екі жылға сотталған Мәлика Мұхитованың жазаны өтеу мерзімі бес айдан кейін аяқталады. Алайда сот ол уақытты айыппұлға алмастырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Ресми мәліметке сәйкес, 23 маусым күні Мұхитова жазаның қалған бөлігін алмастыру туралы өтінішті Байқоңыр ауданының №2 сотына берген. Бірақ сот оның өтінішін қанағаттандырған жоқ. Содан ол апелляцияға берді. Нұр-Сұлтан қалалық сотының апелляциялық инстанциясы аудандық сот шығарған шешімнің күшін жойып, Мұхитованың қалған жазасын айыппұлға алмастыру туралы үкім шығарды.

"Қылмыстық кодекстің 73-бабына сәйкес, қылмыспен келтірілген залалды толық өтеген не жазаны өтеудің белгіленген тәртібін қаскөйлікпен бұзбаған жағдайда, сот жазаның қалған өтелмеген бөлiгiн неғұрлым жеңiл жаза түрiмен ауыстыруы мүмкін. Мұхитова заңның осы талаптарын орындады", - дейді сот қызметкерлері.

Бүгінде ол жазаның басым бөлігін өтеді. Қалған мерзімі – 4 ай 27 күн. Жазаны өтеу тәртібін бұзбаған. Түзеу мекемесінде қоғамдық өмірге белсене араласқаны және үлгілі тәртібі үшін үш рет марапатталды. Мекеме басшысы оң мінездеме берді. Сондай-ақ, Мұхитова моральдық шығынның өтемақысын толығымен төлеп берді.

"Прокурор мен мекеме өкілі де сотталғанның өтінішін қолдап, жазасын алмастыруды сұрады. Апелляциялық инстанция соның бәрін ескеріп, Мұхитованың бас бостандығынан айыру жазасын айыппұлға алмастырды. Алайда ол бес жылға көлікті жүргізу құқығынан айыру жазасынан босатылған жоқ. Оны мекемеден шыққаннан кейін өтейді", - делінген ресми хабарламада. 

Айта кетейік, 2018 жылдың 22 маусымында астанадағы Мәңгілік ел – Керей Жәнібек хандар көшелерінің қиылысында жол апаты болды. Қызылорда облысы ішкі істер департаментінің бастығы, полиция полковнигі Қайрат Мұхитовтың қызы Малика Мұхитова мотоциклмен келе жатқан Ескендір Сүлейменовті қағып кетті. Белгілі ақын Олжас Сүлейменовтің 26 жастағы жиені оқиға орнында көз жұмды. 

Қараша айының ортасында 29 жастағы Малика Мұхитова ҚР Қылмыстық кодексі 345-бабы 3-тармағы бойынша ("Жол қозғалысы немесе көлікті пайдалану ережелерінің бұзылуынан абайсызда адам өліміне әкеп соққан әрекет") кінәлі деп танылды. Сот үкімімен ол екі жылға бас бостандығынан айырылды. Жазасын қауіпсіздігі төмен қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеді.

Жаңалықтар
0