Қоғам

Қазақстандық мұғалімдердің жалақысы қайта қаралады

© Sputnik / Абзал КалиевОқулықтар, иллюстративті сурет
Оқулықтар, иллюстративті сурет - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Министр ауыл мұғалімдерінің еңбекақысын көтеру бағдарламасын жаңарту жұмысы жыл соңына дейін аяқталатынын айтты

НҰР-СҰЛТАН, 21 тамыз – Sputnik. Қазақстанда ауыл мұғалімдерінің еңбекақысын есептеу бағдарламасы қайта қаралады. Бұл туралы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Министр қазір республикада ауыл мектептерін білікті мамандармен қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүріп жатқанын атап өтті.

"Бұл өте өзекті мәселе. Біз бұл жайлы ашық айтуымыз тиіс. Ауылдар мен шалғай мектептерде білім деңгейі төмен. Басты проблема – кадр біліктілігі мен тапшылығы. Көптеген мектепте бір мұғалім бірнеше пәннен сабақ береді. Сол себепті осы мәселені шешу үшін ауыл мектептері мен ауыл мұғалімдерінің еңбекақысын қаржыландыруды қайта қарау бойынша жұмыс жүргізу қажет", - деді Аймағамбетов республикалық тамыз конференциясында.

Ол ауыл мұғалімдерінің жалақысын көтеру бағдарламасын жаңарту жұмысы жүріп жатқанын және жыл соңына дейін аяқталатынын мәлімдеді.

Тағы оқыңыз: 2020-2021 оқу жылындағы демалыс күнтізбесі

Бұған дейін қазақстандық ұстаздардың орташа жалақысы бір жыл ішінде 35%-ке өсіп, 184,4 мың теңгеге жеткені хабарланған болатын. Алайда бұл  елдегі орташа жалақыдан 28 мың теңгеге аз.

Қазір мектепке дейінгі білім беру саласының қызметкерлері бәрінен де аз жалақы алады. Олардың орташа айлығы 90 мың теңгеден аспайды. Ең жоғары жалақы орта білім мұғалімдеріне төленеді. Олардың айлығы 214,2 мың теңгеге жетті.

Білім министрлігі алдағы төрт жылда мұғалімдердің жалақысын 2,5 есеге көтеруді көздеп отыр.

Қазіргі таңда Қазақстанның білім саласында миллионға тарта адам жұмыс істейді.

Жаңалықтар
0