Қоғам

Алматы әкімдігі дәрі-дәрмекке бөлінген 10 миллиард теңгенің қайда жұмсалатынын айтты

© Sputnik / Болат ШайхиновЛекарства, деньги
Лекарства, деньги - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Әкімдік қызметкерлерінің айтуынша, бүгінгі таңда Алматы қаласындағы қоймаларда сұранысқа ие 69 дәрінің 5,9 миллион данасы бар

АЛМАТЫ, 27 тамыз – Sputnik. Алматыда дәрі-дәрмектің тұрақты және резервтік қоры үшін жергілікті бюджеттен 10 миллиард теңге бөлінді. Қаржы 2021 жылдың ақпанына дейін дәрі-дәрмектің 69 түрімен қамтамасыз етуге жұмсалады. Бұл туралы Алматы қаласы әкімдігінің дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жөніндегі үйлестірушісі Заңғар Сәлімбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Биыл маусымның соңынан бастап Алматыда кей дәрі-дәрмекке сұраныс өте жоғары болды. Сондықтан, медициналық бұйымдарды қалаға жеткізу үшін бірнеше келісімге қол қойылды. Соның арқасында қазір нарық тұрақтандырылды. Бұл жұмыстар әлі де жалғасып жатыр.

"Күзгі-қысқы маусымдық ауру мен індеттің екінші толқыны болуы мүмкін деген ықтимал болжамды ескере отырып, тұрақтандыру қоры құрылды. Бөлінген 10 миллиард теңгенің жартысы қала дәріханаларына дәрі-дәрмек жеткізуге, ал қалған қаражат ауруханалар мен емханаларда дәрі-дәрмекті сатып алу бойынша резервтік қорға бөлінеді", – деді Сәлімбаев.

Айтуынша, тұрақтандыру қорында дәрі-дәрмектің 65 түрі бар. Ал қала ауруханалары мен емханаларына арналған резервтік қор 39 атаулы дәрі-дәрмек пен жеке қорғаныс құралының жеті түрінен тұрады.

Емханаларды қамтамасыз ету

Ал қалалық кәсіпкерлік және инвестициялар басқарма басшысының орынбасары Қарлығаш Әбдіжаббарованың айтуынша, медициналық бұйымдармен тұрғындар мен дәріхана желілерін қамтамасыз ету қаланың медициналық ұйымдарын жабдықтау бағыты бойынша жүргізіліп жатыр.

Оның түсіндіруінше, тұрақтандыру қоры есебінен стационарлық емдеу нысандарын қамтамасыз етуге 5 миллиард теңге қарастырылған.

"Оның 2,9 миллиард теңгесіне жұқпалы аурулар және провизорлық стационарларға препараттар сатып алынады. Ал 893 миллион теңге емханалар үшін құрылғы алуға бөлінеді. Қалған қаражат медицина қызметкерлері мен басқа да сұранысқа ие стационарлық препараттар үшін жеке қорғаныс құралдарының қорына жұмсалады", – деді Әбдіжаббарова.

Бүгінгі таңда қоймада сұранысқа ие 69 дәрінің 5,9 миллион данасы бар.

Оқи отырыңыз: Президент дәрі-дәрмек тапшылығы мәселесі қай кезде шешілетінін айтты

Айта кетейік, қала тұрғындары дәріханаларда дәрі-дәрмектің бар-жоғы туралы ақпаратты 09.00-ден 18.00-ге дейінгі аралықта 8-775-882-5602 немесе 8-775-882-5672 нөміріне хабарласып, біле алады.

Жаңалықтар
0