Қоғам

Атаулы әлеуметтік көмек цифрлық әмиян арқылы төленетін болады

© Photo : Евразийский банкPOS-терминал
POS-терминал - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Нұрымбетов бүгінде министрлік 41 мемлекеттік қызметтің 34-ін электронды форматқа ауыстырғанын айтты

НҰР-СҰЛТАН, 2 қыркүйек – Sputnik. Осы жылдың соңына дейін атаулы әлеуметтік көмекті азаматтың әлеуметтік цифрлық әмияны арқылы төлеу тетігі әзірленеді. Жаңа механизм пилоттық режимде іске асырылады. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйекте жариялаған жолдауында зейнетақы мен жәрдемақы тағайындау процестерін барынша цифрландыруды тапсырған еді.

"Президенттің тапсырмасын орындау мақсатында еңбек және цифрлық даму министрліктері біраз дайындық жұмысын жүргізді. Енді 2020 жылдың соңына дейін атаулы әлеуметтік көмекті әлеуметтік цифрлық әмиян арқылы төлеу тетігін пилоттық режимде іске асыратын боламыз. Әлеуметтік цифрлық әмиян азаматтың жеке сәйкестендіру нөмірі негізінде пысықталады", – деді Нұрымбетов үкімет отырысында.

Екінші кезеңде – 2021-2022 жылдары республикалық, жергілікті бюджеттерден, әлеуметтік сақтандыру және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорларынан төленетін зейнетақы мен жәрдемақыларды әлеуметтік цифрлық әмиян арқылы төлеу тетіктері іске асырылады.

Нұрымбетов бүгінде министрлік 41 мемлекеттік қызметтің 34-ін электронды форматқа ауыстырғанын атап өтті.

"Дегенмен, проблема жоқ емес. Азаматтардың кейбір құжаттарының, әсіресе Кеңес одағы кезіндегі құжаттардың электронды қорларында цифрлық нұсқаларының толық еместігі мәселені қиындатып отыр", – деді ол.

Мәселені шешу үшін тиісті мемлекеттік органдар цифрлық даму министрлігімен бірге жыл соңына дейін зейнетақы және жәрдемақы тағайындауға қажетті ескі құжаттарды цифрландыру мүмкіндігін пысықтап, мерзімін анықтайды.

Оқи отырыңыз: Тоқаев атаулы әлеуметтік көмек туралы ойын айтты

Қазіргі таңда республикалық бюджеттен жылына 3,4 триллион теңгеге әлеуметтік төлемдердің 39 түрі төленеді. Барлық төлем азаматтардың екінші деңгейлі банктердегі шотына аударылады.

Жаңалықтар
0