Қоғам

COVID-19 бен тұмауды бір уақытта жұқтыру қаупі бар ма – инфекционист жауабы

© Sputnik / Максим Богодвид / Медиабанкке өтуРтутный градусник для измерения температуры, архивное фото
Ртутный градусник для измерения температуры, архивное фото - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Бүгінде тұмау мен коронавирус қабаттасып келсе, жағдай ушығып кетуі мүмкін деген болжам бар. Алайда кей кезде бір вирус екіншісін тоқтатып жатады

НҰР-СҰЛТАН, 7 қыркүйек – Sputnik. Күзде коронавирустың екінші толқыны болады деген болжам бар. Бірақ осы вирус тұмаудан кейін бола ма? Жоқ, әлде онымен қатар жүре ме? Жалпы, тұмау мен вирустық инфекциялар маусымы COVID-19 пандемиясымен қалай қабаттасады? Sputnik Қазақстан тілшісіне сұхбат берген инфекционистер осы сұрақтарға жауап берді. 

COVID-19-дың "туысы" тұмауды тоқтатты

Бүгінде тұмау мен коронавирус қабаттасып келсе, жағдай ушығып кетуі мүмкін деген болжам бар. Алайда кей кезде бір вирус екіншісін тоқтатып жатады. Мәселен, 2003 жылы Sars-Cov-1 вирусы өршіп кеткенде тұмауға шалдыққандардың саны күрт төмендеді. Себебі бір вирус екіншісін басып тастады. Алайда қазіргі Sars-Cov-2 вирусының симптоматикасы мүлдем басқаша, бұған дейінгі "туысына" ұқсамайды. 

Астана медициналық университетінің доценті, инфекционист Баян Тұрдалинаның айтуынша, COVID-19 бен тұмаудың адам ағзасын зақымдау белгілері 40 процентке ұқсайды. Мәселен, тұмау кезінде қан тамырларына зақым келеді. Қазіргі коронавирус та дәл солай әсер етеді. Сол себепті диагностика дұрыс жасалмаса, тұмаудың орнына Sars-Cov-2 диагонозы қойылуы да мүмкін. 

"Әрине, кез келген вирустық инфекциядан кейін адамның иммунитеті төмендейді. Сондықтан жазылған соң сақтық шараларын сақтамасаңыз, коронавируспен ауырып қалуыңыз әбден мүмкін. Негізі, үйден шықпай, толықтай емделіп шыққан дұрыс. Өкінішке қарай, адамдар ауырып тұрса да, жұмысқа бара береді. Оны да азайту керек", - деді Тұрдалина Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.

Оның ойынша, адам тұмау және коронавируспен қатар ауырып қалуы да мүмкін. 

"Мысалы, тұмаумен ауырып жүрген адаммен қарым-қатынаста болып, екі-үш күннен кейін коронавирусы бар адаммен байланыста болсаңыз, ол екі вирус та қосылуы мүмкін. Ондайда асқынуы да мүмкін. Тұмау төрт күннің ішінде шықса, коронавирус он төрт күннің ішінде білінеді. Енді, әр адамда әртүрлі. Ол иммунитетке және вирустық жүктемеге байланысты. Екі вирустың қосарлануы әбден мүмкін", - деп атап көрсетті Тұрдалина. 

ОРВИ мен пневмония

Инфекционист Алтынгүл Исламбекқызы да осы жолғы коронавирустың тұмаумен бірге жүретінін айтады. Мұның барлығы ғылыми тұрғыда дәленденбесе де, күнделікті өмірде анық байқалып отыр.  

"Қазір бізде "ОРВИ"-мен басталып, кейін пневмонияға шалдығу жағдайлары бар. Ол науқастар COVID және пневмониямен ауырып шыққан. Енді, "ОРВИ"+пневмония болып жатыр. Бірақ ПТР-тест теріс нәтиже көрсетіп тұр. Күзде қалай болатынын нақты айту қиын", - дейді Исламбекқызы.

Айта кетейік, бұған дейін денсаулық сақтау министрлігіне қарасты қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы коронавирустың екінші толқынына болжам жасаған болатын. Орталық директорының бірінші орынбасары Бауыржан Жүсіповтың айтуынша, Қазақстан маусым-шілде айларында коронавирустың шарықтау шегінен өтті. Бұл алғашқы әрі негізгі толқын болды. Бүгінде денсаулық сақтау жүйесі біраз тәжірибе жинап алды. Сондықтан вирустың екінші толқыны қатты қарқын алмайды. Ал коронавирустың екінші толқыны шамамен желтоқсанға жақын уақытта басталады. 

Қыркүйек пен қазанда тыныш болады. Ал қараша айында алғашқы белгілер көрінуі мүмкін деген болжам бар. Дегенмен, бетперде кию мен арақашықтық сақтау сияқты санитарлық нормалар сақталса, коронавирустың екінші толқыны болмауы да мүмкін.

Жаңалықтар
0