Қоғам

Депутат жаппай вакцина салдыруды ұсынды 

© REUTERS / SIPHIWE SIBEKOШприц с вакциной подготовлен для прививки
Шприц с вакциной подготовлен для прививки  - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Отандық инфекционистер қыркүйектің аяғына дейін ересектер мен балаларға пневмококк инфекциясына қарсы вакцина салып шығуға кеңес беріп отыр

НҰР-СҰЛТАН, 16 қыркүйек – Sputnik. Парламент мәжілісінің депутаты Зағипа Бәлиева пневмококк инфекциясына қарсы жаппай вакцина салдыру қажеттігін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Депутаттың айтуынша, бұл вакцина Қазақстандағы коронавирустың қаупін де азайтуға мүмкіндік береді. Себебі оның негізгі салдары – пневмония.  

"2010 жылы Қазақстанда пневмококк инфекциясына қарсы вакцинация енгізілген болатын. Бүгінде 10 жастан асқан балалар мен ересектерге мұндай екпе салынбады. Бәлкім, қазақстандық COVID-тің ерекшелігі де сонда шығар. Мұның ауыр салдары бар. Ол - пневмония", - деді Бәлиева мәжілістің жалпы отырысында. 

Оның айтуынша, отандық инфекционистер қыркүйектің аяғына дейін ересектер мен балаларға пневмококк инфекциясына қарсы вакцина салдыруға кеңес беріп отыр. Бүгінде әлем бойынша көптеген елдер де осы тәжірибені қолға алып жатыр. Осы орайда депутат үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов пен денсаулық министрі Алексей Цойға жазбаша сауал жолдап, мәселені шешіп беруді сұрады. 

"Осы мәселені қарастырып, оң шешім қабылданған жағдайда бұл шараны міндетті медициналық сақтандыру қорының есебінен өткізу керек. Себебі бұл вакцина қымбат. Мен осы мәселені жұмыс топтарының отырысында бірнеше рет көтерген едім. Бірақ "СК-Фармация" тарапынан әлі жауап жоқ", - деп атап көрсетті Бәлиева. 

Оның сөзіне қарағанда, Қазақстанда пневмококк инфекциясының 13 түріне қарсы балаларға арналған вакцинаны табуға болады. Ал үлкен кісілерге арналған 23 пневмококктың вакцинасы әкелінген жоқ. 

"Сондықтан осы мәселені шұғыл шешу керек. Барлығына пневмококк инфекциясының 13 түріне қарсы вакцинаны да салып шығуға болады", - дейді Бәлиева.

Жаңалықтар
0