Қоғам

Белгілері ұқсас: дәрігер коронавирус пен тұмауды қалай ажыратуға болатынын айтты

© Sputnik / Владислав ВодневИнтенсивті терапия палатасындағы дәрігер
Интенсивті терапия палатасындағы дәрігер - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Елордалық дәрігер салқын тиіп, аурудың алғашқы белгілері пайда болғанда, бірден учаскелік дәрігерге хабарлауға кеңес берді

НҰР-СҰЛТАН, 22 қыркүйек – Sputnik. Күз мезгілінде ел ішінде тұмау дерті өршитіні белгілі. Оған биыл коронавирус індеті қосылып отыр. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Көпбейінді медициналық орталығының дәрігер-инфекционисі Эльмира Әбішева COVID-19 бен тұмаудың айырмашылығы жайлы және олардан қалай сақтануға болатынын айтты.

Коронавирустың тұмаудан айырмашылығы

Әбішеваның айтуынша, науқас коронавирусқа қарағанда тұмаудан тез жазылады. Айналдырған үш-бес күннің ішінде сауығып шығуы мүмкін. Ал COVID-19 инфекциясы кезінде адам күн өткен сайын әлсірей береді.

"Тұмауға шалдыққан адамның дене қызуы 38-39 градусқа дейін барады. Өзін әлсіз сезініп, мұрны бітеледі. Ал коронавирус кезінде температура қатты көтерілмейді – 37 градус шамасында. Әлсіздік басымырақ болады. Егер дене қызуы үш күн бойы түспей, әлсіздік ұзаққа созылып, дәм және иіс сезу қабілеті жоғалса, бұған қоса ентікпе және жөтел пайда болса, бұл коронавирустың белгілері", - деп түсіндірді инфекционист.

Дәрігер адам коронавирус пен тұмауды қатар жұқтыруы мүмкін бе, жоқ па, ол әзірге белгісіз екенін айтты. Тұмау маусымы енді басталғандықтан, мұндай деректер тіркелмеген.

Вакцина COVID-19 жұқтыру қаупін азайта ма?

Әбішеваның айтуынша, тұмауға қарсы вакцина салдырған адамдар вирус жұқтырмауы мүмкін. Тіпті, жұқтырған күннің өзінде, ауру жеңілірек өтеді, одан әрі асқынып, пневмонияға айналу қаупі төмен. Сол себепті инфекционист қазақстандықтарға тұмауға қарсы екпе салдыруға кеңес берді.

Сондай-ақ, дәрігер COVID-19 жұқтырып, дертінен құлан-таза айықпаған пациенттерге тұмау маусымы кезінде абай болуға кеңес берді.

Тағы оқыңыз: Қазақстанда қай кезде ең қатаң карантин жарияланатыны белгілі болды

"Коронавирустан кейін организм әлсіреп қалады. Сондықтан инфекциядан емделмей жатып, тұмауға шалдықса, адамның ағзасы көтере алмауы мүмкін. Инфекциядан толығымен құтылу үшін сауықтыру шаралары өте маңызды. Атап айтқанда, тыныс алу гимнастикасы, дұрыс тамақтану, салауатты өмір салты, демалыс. Мұның бәрін ұстанса, тұмау жұқтыру қаупі де азаяды", - деді ол.

Тұмау, әлде COVID-19? Алғашқы белгілер пайда болса, не істеу керек?

Елордалық дәрігер салқын тиіп, аурудың алғашқы белгілері пайда болғанда, бірден учаскелік дәрігерге хабарлауға кеңес берді.

"Тұмау мен коронавирустың симптомдары ұқсас болғандықтан, ауруды ажырату қиын. Егер адам өзін әлсіз сезініп, дене қызуы көтерілсе, бірінші кезекте, учаскелік дәрігерге хабарлау керек. Олар ауру белгілері негізінде қандай анализ тапсырып, қандай дәрі ішу керектігін түсіндіреді. Бірақ, менің айтарым: көп су ішіңіздер. Қонаққа бармаңыздар, барынша оқшауланыңыздар", - деді инфекционист.

Ол дәрігердің нұсқауынсыз өз бетінше дәрі ішпеуге шақырды. Айтуынша, науқастардың дені үйде емделемін деп ауруын асқындырып алады.

Әбішева тұмау кезінде антибиотиктер көмектеспейтінін, вирусқа қарсы препараттарды қолдану қажет екенін атап өтті.  

Дәрігер қазақстандықтардан жеке бас тазалығын сақтап, маска киіп, ара қашықтықты сақтауды сұрады.

Жаңалықтар
0