Қоғам

Өлім жазасын қандай қылмыстар үшін қалдыруы мүмкін?

Колония чрезвычайной безопасности ЕЦ-166/5 в поселке Аршалы
Колония чрезвычайной безопасности ЕЦ-166/5 в поселке Аршалы - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Факультативтік хаттама бойынша әскери сипаттағы ауыр қылмыстар үшін өлім жазасын қолдану шарасын "ерекше жағдай" ретінде қарастыруға болады

НҰР-СҰЛТАН, 2 қазан – Sputnik. Қазақстан өлім жазасынан бас тартуға арналған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің екінші факультативтік хаттамасына қол қойды. Бұл дегеніміз, мораторийге қарамастан ең қатаң жазаны алып тастау шаралары басталады. Дегенмен бірқатар қылмыс бойынша өлім жазасын қалдыруға мүмкіндік беріліп отыр. Sputnik Қазақстан тілшісі заңнаманың қалай өзгеретінін және нақты қандай қылмыстар үшін өлім жазасын қалдыруға болатынын зерделеп шықты. 

Конституцияға өзгеріс енгізілмейді

Заңгерлер халықаралық пактінің екінші факультативтік хаттамасы рәсімделген күні Конституцияға да өзгеріс енгізуге тура келетінін айта бастады. Себебі Ата заңымызда өлім жазасы туралы жазылған. Бұны сыртқы істер министрлігі де өз түсініктемесінде растаған болатын. Алайда артынан ресми мәтіндегі "Хаттама күшіне енуі үшін негізгі заңға түзетулер және ұлттық заңнамаға өзгерістер енгізу керек" деген сөйлемді алып тастады. Ал ертесінде мемлекет басшысы осы мәселеге нүкте қойды.      

"Хаттамаға қосылуымыз Конституцияға толығымен сәйкес келеді. Негізгі заңға ешқандай өзгеріс енгізудің қажеті жоқ. Қазақстанның тұңғыш президенті өлім жазасына мораторий жариялаған болатын. Шын мәнінде, елімізде өлім жазасы жоқ", - деді Тоқаев Алматы қаласына жасаған сапары кезінде.

Заңгерлердің айтуынша, президент Коституцияға өзгеріс енгізілмейді десе, солай болады. Себебі мемлекет басшысына дейін осы мәселені барлық деңгейде жан-жақты қарастырып отырады. Дегенмен ұлттық заңнаманы, соның ішінде Қылмыстық кодексті өзгертуге тура келеді.

Оқи отырыңыз: Тоқаев Қазақстанның өлім жазасынан бас тартуына байланысты түсініктеме берді 

"Қалай болғанда да, заңға өзгеріс енгізуге тура келеді. Атап айтқанда, "өлім жазасы" деген санкцияны алып тастайды. Қазір өлім жазасына мораторий жарияланған. Ал факультативтік хаттамаға қосылғаннан кейін ондай жазаны мүлдем алып тастау қажет. Оның орнына өмір бойына бас бостандығынан айыру ғана қалады", - дейді адвокат Айман Омарова.

Өлім жазасы қандай қылмыстар үшін қарастырылған?

Қазақстан екінші факультативтік хаттамаға қол қойса да,  халықаралық құжат әлі күшіне енген жоқ. Тәртіп бойынша оны парламентте ратификациялаудан өткізу керек. Оған дейін отандық заңнамаға өзгеріс енгізіледі. Алайда өлім жазасын алып тастауға мүмкіндік берілсе де, бірқатар қылмыс бойынша ең қатаң жазаны қалдыруға болады.

"Ратификациялау кезінде екінші Факультативтік хаттаманың 2-бабының 1-тармағына сәйкес, мемлекет соғыс уақытында әскери сипаттағы неғұрлым ауыр қылмыстар жасап, кінәсін мойындағаннан кейін өлім жазасын қолдануды көздейтін ескертпе жасай алады", - делінген сыртқы істер министрлігінің түсініктемесінде.

Қазіргі кезде Қылмыстық кодекс бойынша ондаған қылмыс үшін өлім жазасы қарастырылған. Олар:

  • 160-бап. Басқыншылық соғысты жоспарлау, дайындау, тұтандыру немесе жүргiзу;
  • 163-бап. Соғыс жүргiзудiң тыйым салынған құралдары мен әдiстерiн қолдану;
  • 164-бап. Соғыс заңдары мен дәстүрлерін бұзу;
  • 168-бап. Соғыс уақытында геноцид жасау;
  • 170-бап. Жалдамалының қарулы қақтығысқа, соғыс қимылдарына немесе конституциялық құрылысты құлатуға немесе оған нұқсан келтіруге бағытталған өзге де күш қолдану әрекеттеріне қатысуы не мемлекеттің аумақтық тұтастығын бұзуы;
  • 177-бап. Қазақстан Республикасы Тұңғыш президентiнің – Елбасының өмiрiне қолсұғушылық;
  • 178-бап. Қазақстан Республикасы президентiнiң өмiрiне қолсұғушылық;
  • 184-бап. Диверсия;
  • 255-бап. Терроризм актісі;
  • 437-бап. Соғыс уақытында бұйрыққа бағынбау немесе оны өзгедей орындамау;
  • 438-бап. Соғыс уақытында бастыққа қарсылық көрсету немесе оны қызметтiк мiндеттерiн бұзуға мәжбүрлеу;
  • 439-бап. Соғыс уақытында бастыққа қатысты күш қолдану әрекеттерi;
  • 442-бап. Соғыс уақытындағы қашқындық;
  • 443-бап. Соғыс уақытында әскери қызметті атқарудан жалтару немесе бас тарту;
  • 444-бап. Соғыс уақытында жауынгерлiк кезекшiлiктi атқару қағидаларын бұзу.

Факультативтік хаттама бойынша осы қылмыстардың ішінде әскери сипаттағы ауыр қылмыстар үшін өлім жазасын қолдану шарасын "ерекше жағдай" ретінде қалдыруға болады.

Қылмыскерлердің жазасы қайта қаралмайды

Ресми мәліметке сәйкес, Қазақстанда тәуелсіздік алғалы бері өлім жазасы бойынша 536 үкім орындалды. 2003 жылы соңғы рет адам атылды. Одан кейін мораторий енгізілген болатын.

Содан бері елімізде өлім жазасы бойынша сот үкімі екі рет шығарылған. 2006 жылы Алтынбек Сәрсенбаев пен оның екі көмекшісін өлтіргені үшін полиция офицері Рустам Ибрагимов өлім жазасына кесілді. Артынан сот үкімі қайта қаралып, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды. Ал 2016 жылы Алматыда қанды қырғын жасаған Руслан Күлекбаев өлім жазасына кесілген болатын. Адвокат Айман Омарованың ойынша, Қазақстанда өлім жазасын алып тастағаннан кейін "алматылық мергеннің" ісі қайта қаралмайды.

"Оның өлім жазасын өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыратын шығар. Ал істі қайта қарамайды. Жазасын ғана ауыстырады. Енді ол да істі қайта қарау болып саналады. Дегенмен кәдімгідей сот өткізіп, істі қайта қарамайды", - дейді Омарова.

Педофилдерді ату керек пе?

Қазақстанда балаларға қатысты жыныстық сипаттағы қылмыстар үшін жаза күшейтілді. Олар ұзақ уақытқа түрмеге қамалады. Оған қоса, химиялық кастрация бар. Бірақ осы санаттағы қылмыстарға қатысты сот шешімдерінің бәрі бірдей халықтың көңілінен шыға бермейді. Содан болар, қазақстандықтар арасында педофилдерге өлім жазасын тағайындауды қолдайтындар аз емес.

Заңгер Айман Омарованың айтуынша, қылмыскерлер өз ортамыздан шығады. Сондықтан оған барлық қоғам жауапты.

"Олар біздің ортамызда өсті, біздің арамыздан шықты. Бізбен бірге жүрді. Демек, оған бәріміз жауаптымыз", - дейді Омарова.

Бұдан бөлек, сотта қателікке жол берілуі мүмкін. Ондайда кінәсіз адам өлім жазасына кесіледі. Сондықтан қателікпен біреуді өлтіргенше салық төлеушілердің есебінен болса да, түрмеде ұстай берген дұрыс.

"Өкінішке қарай, бізде ондай қателіктер бар. Сосын негізгі бір мәселе, ол – жемқорлық. Ондайда бір адамның орнына кінәсіз біреуді отырғызып қояды деген қауіп жоғары. Ақша үшін біреу түрмеге отырады, ал нағыз қылмыскер жазадан құтылып кетеді", - деп түйіндеді Омарова.

Жаңалықтар
0