Қоғам

Мемлекеттік қызметшіге сыйлық беруге тыйым салынды – қандай жаза қарастырылған

© Photo : СС0 / RedMaidenПосылка
Посылка - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Құны 2 айлық есептік көрсеткішке дейінгі сыйлық әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады, құны 2 айлық есептік көрсеткіштен жоғары сыйлық қылмыстық жауапкершілік болып саналады

АЛМАТЫ,7 қазан – Sputnik. Қазақстанда мемлекеттік қызметшілерге кез келген құнды сыйлық беруге тыйым салынды. Бұл жайында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Олжас Бектеновтің айтуынша, қылмыстық кодекстің 367-бабына сәйкес ("пара беру") мемлекеттік функцияларды атқаруға уәкілетті тұлғаларға, оларға теңестірілген тұлғаларға, жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын тұлғаларға құны 2 айлық есептік көрсеткіштен немесе 5 556 теңгеден асатын тарту жасау қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады.

Спикер әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 676-бабы ("жеке тұлғалардың заңсыз материалдық сыйақы беруі"), 678-бабына ("заңды тұлғалардың материалдық сыйақы беруі") тоқталды. Оларға сәйкес, жеке немесе заңды тұлғалардың аталған тұлғаларға заңсыз сыйлық беру әкімшілік сыбайлас жемқорлық әрекет болып саналады.

Осылайша, құны 2 айлық есептік көрсеткішке (1 АЕК – 2778 теңге) дейінгі сыйлық әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады, құны 2 айлық есептік көрсеткіштен жоғары сыйлық қылмыстық жауапкершілік болып саналады.

"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" заңда сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер қабылдайтын тұлғалардың отбасы мүшелерінің материалдық сыйақы, сыйлықтар қабылдауына тыйым салынады", - деді Бектенов.

Айта кетейік, мемлекет басшысы 7 қазанда "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылм әселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға қол қойды. Заң жүйелі түрде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша қосымша шаралар енгізуге бағытталған.

 

Жаңалықтар
0