Қоғам

Депутат Қазақстанда зейнет жасын төмендетуді ұсынды 

© Sputnik / Владислав ВодневВиды Астаны
Виды Астаны - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Мәжілісмен бұл шара қарттардың өмірі мен денсаулығын сақтауға ғана септігін тигізбей, экономикалық дағдарыс жағдайында еңбек нарығына да оң әсер етеді деп санайды

НҰР-СҰЛТАН, 7 қазан – Sputnik. Мәжілістің бір топ депутаты ерлер мен әйелдер үшін зейнет жасын 60 жасқа дейін төмендетуді ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Мәжілістегі "Халық коммунистері" фракциясының депутаттары премьер-министрге зейнет жасын төмендету туралы депутаттық сауал жолдады. 

"Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, COVID-19 вирусының ерекшелігі сол, өлім-жітімнің дені 60 жастан асқан адамдар арасында тіркелген. Егде жастағылардың вирусты тез жұқтыруы организмдегі физиологиялық өзгерістермен, иммундық реакцияның төмендігімен және басқа да қосымша аурулардың болуымен байланысты. Осылардың әсерінен олар індетке шалдығуға бейім келеді, аурудың ауыр түрін бастан өткеріп, асқынып, соңы өліммен аяқталып жатады", - деді депутат. 

ДДСҰ еуропалық кеңсесінің дерегінше, тәуекел тобындағы қайтыс болған 10 пациенттің 8-інде кем дегенде бір созылмалы жүрек-қан тамыры, эндокриндік жүйе ауруы кездескен. 

Депутаттың айтуынша, күзгі-қысқы мезгілдің келуімен ЖРВИ және тұмау сияқты маусымдық аурулар өршиді. Коронавирустың ауыр түріне шалдығу және өлім қатері айтарлықтай артады. Мұның бәрі, әсіресе, 60 жас және одан үлкен адамдар үшін қосымша қауіпсіздік шараларын қабылдауды талап етеді. 

Коммунистер COVID-19 індетінің екінші толқынын, коронавирустың мутацияға ұшырау қаупін және басқа да вирустың қауіпті штаммдары пайда болуы мүмкін ескеріп, қарт адамдарға қамқор болу, олардың оқшаулануы үшін барлық жағдайды жасау және туындаған проблемаларды дер кезінде шешуді өте маңызды деп санайтынын жеткізді.

"Осыған байланысты "Халық коммунистері" фракциясы азаматтардың зейнеткерлікке шығу жасын қайта қарауға шақырады. 2013 жылы біз әйелдердің зейнет жасын ұлғайтуды қолдаған жоқ едік. Бүгін, азаматтардың пікірін негізге ала отырып, әйелдер мен ерлер үшін зейнет жасын 60 жасқа дейін төмендетуді ұсынамыз", - деді Қоңыров. 

Депутат бұл шара қарттардың өмірі мен денсаулығын сақтауға ғана септігін тигізбей, экономикалық дағдарыс жағдайында еңбек нарығына да оң әсер етеді деп санайды.

 

Жаңалықтар
0