Қоғам

Абайдың мерейтойы кезінде ысырапшылдық пен даңғазалыққа​ жол берген жоқпыз – Тоқаев

© Photo : Аккаунт Берік Уәли / facebook"Ұлы ақын Абай ұлдарымен" ескерткішінің ашылу салтанаты
Ұлы ақын Абай ұлдарымен ескерткішінің ашылу салтанаты - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Мемлекет басшысы қазақстандықтарды ұлы ақын айтқан бес дұшпаннан арылып, Абай аманатына адал болуға шақырды

НҰР-СҰЛТАН, 15 қазан – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Семейде "Ұлы ақын Абай ұлдарымен" ескерткішінің ашылу салтанатына қатысты. Президент мерейтой кезінде ысырапшылдық пен даңғазалыққа жол берілмегенін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Тоқаев ұлы ақынның рухына тағзым ету үшін қасиетті топыраққа арнайы келгенін атап өтті.

"Хакім Абайды біртұтас ұлт болып ұлықтау – біздің перзенттік парызымыз. Қала тұрғындарын және бүкіл елімізді Абай мен оның ұрпақтарына арналған жаңа ескерткіштің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – біртуар ғұлама ойшылымызға деген зор құрметтің белгісі", - деді президент ескерткіштің ашылу салтанатында.

Ол биыл Абайдың 175 жылдық мерейтойы мемлекеттік және халықаралық деңгейде аталып өткенін айтты. Ақын мұрасы  насихатталып, ұлағатты сөзін жас ұрпақтың санасына сіңіруге ден қойылды.

Сонымен қатар, Жидебайдағы "Абай-Шәкәрім" мемориалдық кешені жаңа талапқа сай жаңғыртылды. Ұлы ақынның рухына тағзым етуге келетін жұртшылыққа қолайлы жағдай жасалды.

"Бұл – облыс әкімі Даниал Ахметовтің және бір топ азаматтардың еңбегінің нәтижесі. Біз мерейтой кезінде ысырапшылдық пен даңғазалыққа​ жол берген жоқпыз. Абай айтқан "мақтаншақтық", "бекер мал шашпақты" тыюдың бір жолы осы деп санаймын", - деді Тоқаев.​

Мемлекет басшысы Абай – қазақ елінің мақтанышы ғана емес, әлемдік деңгейдегі кемеңгер екенін айтты.

"Ол – қазақтың жан-дүниесінің тұңғиығына бойлаған дара тұлға. Оның өлеңдері мен қара сөздері – ұлттық болмысымыздың айнасы. Абай жаңа әдебиетіміздің негізін қалаған ақын ретінде ел тарихында айрықша із қалдырды. Оның еңбектері бір ғасырдан астам уақыт өтсе де өзектілігін жоғалтқан емес. Әлі күнге дейін баршамызға рухани азық болып келеді", - деді президент.​

Тағы оқыңыз: "Абай айт­қан жал­қаулық жиі кездесетіні қынжылтады": Тоқаев мақала жариялады

Тоқаевтың айтуынша,  ақын айтқан бес асыл іс: "Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым" – ұлт үшін ауадай қажет қасиеттер. Осы ретте мемлекет басшысы Абай аманатына адал болуға үндеді.

"Біз дамуды тежейтін бес дұшпаннан арылып, елдік мүдде жолында еңбек етсек қана қоғамдық сананы жаңғыртамыз. Біз Абай аманатына адал болуымыз керек. "Жауапты мемлекет – жауапты қоғам – жауапты адам" жүйесінің берік орнығуы осыған байланысты.​ Ол үшін бүгінгі буын Абай мұрасынан нәр алып, рухани кемелденуі қажет", - деді ол.

Президент Абай және оның сөзі мен ісін жалғаған парасатты перзенттері Ақылбай мен Турағұл – елге үлгі болған тұлғалар екенін атап өтті. Айтуынша, мұнда ұрпақ сабақтастығы, әке мен баланың сыйластығы бейнеленген. Бұл – Құнанбай қажы әулетінің тектілігін танытатын туынды.

Тоқаев тәлім-тәрбие ұлт сапасын қалыптастыратын басты фактордың бірі болуы керек деп санайды.

Жаңалықтар
0