Өтуге тыйым салынған лентамен қоршалған ойын алаңы

Қазақстанның облыстары мен қалаларында карантин күшейтілді: неге тыйым салынды

805
(Жаңартылды 12:13 17.10.2020)
Коронавирус пандемиясына байланысты Алматыда шектеу шаралары күшейтііп, тұрғын үйлердің кіреберістері мен балалар алаңдарын аптасына бір рет дезинфекциялау қайта басталды

НҰР-СҰЛТАН, 17 қазан – Sputnik. Коронавирус пандемиясының екінші толқынына жол бермес үшін республикада карантин күшейтіліп жатыр. Sputnik Қазақстан облыстар мен қалаларда енгізілген шектеу шараларына шолу жасады.

Нұр-Сұлтан қаласында

Ел астанасының бас санитар дәрігері Жанна Пірәлиева карантинді қатаңдату туралы қаулыға қол қойды.

"Оған сәйкес, білім беру орталықтары, балалар мен ересектерге арналған үйірмелер, балаларды дамыту орталықтары (алдын ала жазылумен, 10 адамнан аспайтын топтармен) жұмыс күндері 9:00-ден 18:00-ге дейін істейді. Демалыс және мереке күндері жабық болады", – делінген қаулыда.

Мәдениет нысандары, яғни кітапхана, музей, галерея, көрмелерге жасы 65-тен асқан адамдарды кіргізуге тыйым салынды.

Театрларға қойылымға көруге бір мезетте 50 адамға дейін кіргізуге рұқсат етілген.

Бұқаралық, спорттық және басқа да шараларға сол күйі тыйым салынған.

Сонымен қатар, бас санитар дәрігер адам көп қатынайтын уақытта автобустар санын ұлғайтып, қоғамдық көліктің барлық есігін ашуды тапсырды. Жексенбі күні автобустар жүрмейді, ал қалған күндері сағат 6.00-ден 23.00-ге дейін қатынайды.

Көңіл көтеру мекемелері, атап айтқанда, бильярд, караоке, боулинг орталықтары, компьютерлік клубтар, түнгі клубтар, букмекерлік кеңселер мен ойын клубтары, жабық мекемедегі балалар ойын алаңдары мен аттракциондар, батуттардың қызметіне де тыйым салынды.

Алматы қаласында

Коронавирус пандемиясына байланысты Алматы да шектеу шаралары күшейді. Бас санитар 10-нан астам адам жиналып отбасылық, салтанатты, еске алу және басқа да көпшіліктің қатысуымен өткізілетін шараларды, банкет, үйлену той, қыз ұзату, мерейтой өткізуге тыйым салды. Бұл жерде бір үйде тұратын адамдар саны есептелмейді.

Мәдени-демалыс мекемелері, яғни караоке, кальян, бильярд, түнгі клубтар, боулинг орталықтар, жабық жердегі аттракциондар, фудкорт, кинотеатрлар, ойын-сауық мекемелері жанындағы балалардың ойын алаңы мен батуттар, өзге де ойын-сауық орындарының қызметіне тыйым салынған. Бұдан бөлек, демалыс күндері жабық базарлар жұмыс істемейді.

Жұмыс күндері, демалыс және мереке күндері жеке ғимаратта орналасқан қоғамдық тамақтану нысандары 7.00-ден 23.00-ге дейін істейді. Алайда ұжымдық шара өткізуге болмайды. Көрсетілген уақыт аралығында тапсырысты жеткізу қызметі де бар.

Бизнесмендерге қызметкерлердің кемінде 30%-ін қашықтан жұмыс істеуге ауыстыру тапсырылды.

Жолаушылардың тығыздығын азайту мақсатында қоғамдық көліктің жұмыс уақыты 23.00-ге дейін ұзартылды.

Сондай-ақ, тұрғын үйлердің кіреберістері мен балалар алаңдарын аптасына бір рет дезинфекциялау қайта басталды.

Шымкент қаласында

Шымкентте карантин және шектеу шараларының мерзімі 26 қазанға дейін ұзартылды.

Азық-түлік және азық-түлік емес базарлар мен жәрмеңкелерге аумақтың 30%-ін ғана және бір адамға кемінде 4 шаршы метр орын қамтамасыз етілген жағдайда 06.00-ден 18.00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат етілді. Демалыс және мереке күндері жабық базарлардың жұмысына тыйым салынған.

Балалар ойын алаңдары, мұз алаңдары, батут пен жәрмеңкелердегі фудкорттардың қызметіне тыйым салынған.

Ақмола облысы

Ақмола облысында 16 қазаннан бастап карантин шаралары қатаңдатылды.

65 жастан асқан азаматтардың көшеге шығуы шектелді. Мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік ұйымдарда істейтін қызметкерлердің 80 процентінен астамы қашықтан істеу режиміне көшіріледі.

Сауда ойын-сауық орталықтары, азық-түлік және азық-түлік емес дүкендер, жабық базарлар жұмыс күндері 19.00-ге дейін жұмыс істесе, демалыс және мереке күндері мүлде жабық болады. Халыққа қызмет көрсету орталықтары мен діни нысандарға да осындай шектеу қойылып отыр.

Дәмханалар мен мейрамханаларға бір мезетте 30 адамға ғана қызмет көрсетуге рұқсат етілді, ал бұқаралық шараларға сол күйі тыйым салынған.

Солтүстік Қазақстан облысында

Солтүстік Қазақстан облысында коронавирус жұқтыру көрсеткішінің өсуіне байланысты 16 қазан сағат 00:00-ден бастап шектеу шаралары енгізілді. Атап айтқанда, сауда-ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері, азық-түлік пен азық-түлік емес дүкендер, қоғамдық моншалар мен сауналар түнгі сағат 22:00-ге дейін жұмыс істейді. 

Қоғамдық тамақтану орындарына тек 30 адамды ғана кіргізуге рұқсат берілді. Көп адам жиналатын шараларды өткізуге сол күйі тыйым салынған. Ал демалыс және мереке күндері тамақты алып кету және жеткізу қызметі ғана ұсынылады.

Демалыста және мереке күндері толығымен жабылатын нысандар:

  • жабық киім-кешек базарлары;
  • азық-түлік өнімдерін сатпайтын жабық базарлар;
  • спорт нысандары;
  • фитнес орталықтар;
  • жаттығу залдары;
  • бассейндер;
  • білім беру орталықтары;
  • үйірмелер;
  • сауда-ойын сауық орталықтары;
  • сауда орталықтары.

Бұдан бөлек, демалыста қоғамдық көлік қозғалысы тоқтатылады.

Демалыста саябақтар, алаңдар мен жағажайларға шығуға болмайды. Сол жерде орналасқан тамақтану мен сауда орындары да жабылады.

Мемлекеттік және квазимемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар, сондай-ақ, кәсіпкерлік нысандар қызметкерлердің 50 процентін қашықтан жұмыс істеу режиміне ауыстыруы тиіс.

Қазір облыста үш аудан орталығы – Булаев, Явленка, Мамлютка және облыстың үш ауданында үш елді мекен – Шал ақын ауданында Повозочное, Тайынша ауданында Краснокиевка, Ақжар ауданында Ленинградское 14 күнге карантинге жабылған.

Қарағанды облысында

Қарағанды облысында 19 қазан сағат 00:00-ден бастап санитарлық бекеттер қойылады.

65 жастан асқан тұрғындарға мүмкіндігінше үйде отыруға кеңес берілді. Мемлекеттік органдар мен ұйымдарға қызметкерлердің кемінде 50 процентін қашықтан жұмыс істеуге ауыстыру ұсынылды.

Өнеркәсіптік кәсіпорындар, автовокзалдар мен автостанцияларда смарт бейнебақылауы бар тепловизорлар орнату тапсырылды.

Бұқаралық, спорттық, отбасылық, еске алу, салтанатты және банкет, мерейтой секілді басқа да бұқаралық шараларды өткізуге сол күйі тыйым салынып отыр.

Шығыс Қазақстан облысында

Шығыс Қазақстан облысында да 17 қазаннан 31 қазанға дейін өңірдің бүкіл аумағында шектеу шаралары енгізілді.

Жұмыс, демалыс және мереке күндері саябақтар мен алаңдарда, жағалауларда бір отбасы мүшелерін қоспағанда, үш адамнан артық серуендеуге, көшеде де үш адамнан артық топтасып жүруге болмайды.

Бұқаралық, отбасылық шараларға, сонымен қатар, көңіл көтеру мекемелерінің қызметіне, облыс қалалары мен аудандары арасында автобуспен жолаушылар тасымалдауға тыйым сақталып отыр.

Азық-түлік дүкендері, минимаркет, супермаркет, гипермаркеттер мен дәріханалар 22.00-ге дейін істейді. Жабық азық-түлік және азық-түлік емес базарлар 17.00-ге дейін, ал ашығы 18.00-ге дейін қызмет көрсетеді.

Монша, сауна, бассейндердің жұмыс режимі 21.00-ге дейін белгіленген.

Павлодар облысында

Жаңа қаулыға сәйкес, қоғамдық тамақтану мекемелеріне бір уақытта келушілер саны 30 адамнан аспауы тиіс. Дәмхана, бар, мейрамханалар 22.00-ге дейін істейді.

Сауда ойын-сауық орталықтарына келушілер саны сыйымдылығының 20 процентінен көп болмауы керек.

Азық-түлік сататын дүкендер 22.00-ге дейін, азық-түлік емес дүкендер кешкі алтыға дейін ашық болады.

СПА орталықтар, сұлулық салондары, шаштараз кешкі сегізге дейін ғана жұмыс істейді. Монша, сауна, фитнес орталықтар, жаттығу залдарының жұмыс уақыты - 8.00-ден - 20.00-ге дейін.

Жексенбі күні қоғамдық көлік тоқтайды.

Атырау облысында

Атырау облысының бас санитарлық дәрігері карантин мерзімін ұзарту туралы қаулыға қол қойды.

Облыс аумағында шектеу шаралары 12 қазан сағат 00.00-ден эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанға дейін күшінде болады. 

Дәмханалар мен мейрамханалардың жұмыс кестесі 08:00-ден  22:00-ге дейін қысқартылды. Жабық ғимаратта бір мезетте келушілер саны 30 адамнан аспауы керек, ал жазғы алаңы бар дәмханаларда екі метр ара қашықтықты сақтап, 50 адамға дейін отыруға рұқсат етіледі.

Бір үстелде отбасы мүшелерін қоспағанда, тек төрт адамға дейін отыруға болады.

Жабық азық-түлік және азық-түлік емес  базарлар 17.00-ге дейін ғана ашық болады.

Сауда ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері (бутиктер), сауда желілерінің жұмыс уақыты 22.00-ге дейін белгіленген.

Оқи отырыңыз: Санитарлық нормалар сақталмаса, қатаң карантин енгізілуі мүмкін – Цой

Фитнес-орталықтардың жаттығу залдары, спорт секциялары, спорттық-сауықтыру орталықтарының, серуен катерлерінің (өзен трамвайы) қызметі уақытша тоқтатылды.

Демалыс және мереке күндері сауда үйлері, сауда ойын-сауық орталықтары жабық болады. Тек ішіндегі азық-түлік супермаркеті мен дәріханалар жұмыс істейді. Жабық азық-түлік және азық-түлік емес базарлар да демалыста жабылады.

Маңғыстау облысында

Облыста 13 қазан күні сағат 00.00-ден бастап карантиндік шаралар күшейтілді.

Қоғамдық тамақтану орындарының, мейрамханалар мен дәмханалардың, сондай-ақ ірі супермаркеттердің жұмыс уақыты 21.00-ге дейін қысқарды.

Сенбі және жексенбі күндері қоғамдық көлік қозғалысы тоқтатылады.

Спорт нысандарының, фитнес орталықтардың жаттығу залдарының қызметіне тыйым салынды.

 Киім-кешек, құрылыс базарлары мен дүкендер, азық-түлік емес тауарлар базарлары 16.00-ге дейін жұмыс істейді.

Отбасылық шараларды анықтау бойынша рейд күшейтілді.

Батыс Қазақстан облысында

Елдің батысында Халыққа қызмет көрсету орталықтары қашықтан жұмыс істеуге көшеді. Егер міндетті түрде орталыққа бару керек болса, алдын ала жазылу қажет.

Медицина орталықтары мен стамотологтарға кешкі алтыға дейін жұмыс істеуге рұқсат етілді. Балалар орталықтары, үйірмелер мен банктер де осы уақытта жабылады.

805
Кілт сөздер:
төтенше жағдай, шектеу, карантин
Тақырып:
Төтенше жағдай және карантин (667)
Тақырып бойынша
Қатаң карантин енгізілсе, халық әлеуметтік төлем ала ма?  
Қазақстанның тағы бір облысында карантин күшейеді
Алматыда екі күнде карантин талабын бұзған 65 нысан анықталды
Карантин күшейтіледі – облыстың бас санитар дәрігерінің жаңа қаулысы шықты
Карантин кезінде Қазақстан шекарасын кімдер кесіп өте алады
Әуежай қызметкері

Қазақстанда 26 қазаннан бастап қандай халықаралық рейстер қысқарады

12
Халықаралық төрт бағыт бойынша бір аптада 17 рейс қысқартылады. Бұған дейін Air Astana күз-қыс кезеңінде халықаралық рейстерді кейбір өзгеріспен орындауды жалғастыратынын хабарлады

АЛМАТЫ, 20 қазан – Sputnik. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің азаматтық авиация комитеті эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты халықаралық рейстер саны қалай қысқаратыны туралы айтып берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Осылайша, комитет Біріккен Араб Әмірліктеріне және кері рейстерді аптасына 8 рейске қысқарту туралы шешім қабылдады.

Беларусь еліне ұшу және кері қайту бойынша бес рейс, Германияға екі рейс қысқарады.

"Рейстер санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтап, әуекомпания сайттарында жарияланаған кестеге сәйкес эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруына қарай жүзеге асатын болады", - деп хабарлады ведомство. 

Бұған дейін Air Astana әуекомпаниясының күзгі-қысқы навигация кезеңінде халықаралық рейстерді кейбір өзгеріспен орындауды жалғастыратыны хабарланды.

Әуекомпания президенті Питер Фостер вирустың таралуын болдырмауға бағытталған үкіметтің шешімін қолдайтынын айтты. Алайда саяхат, туризм және демалыс индустриясы жаһандық экономикалық белсенділік пен жұмыс орындарын ұлғайтудың қуатты генераторы болып табылатынын атап өтті.

"Бұл салалардың 2021 жылдың басында толығымен қайта іске қосылуы өте маңызды. Олай болмаған жағдайда қаржылық және әлеуметтік салдары ұлттық экономика үшін де, адамдар өмірі үшін де қиын болады", - деп атап өтті Фостер.

12
Кілт сөздер:
рейстер, әуе қатынасы, Қазақстан
Тақырып бойынша
"Жағамызды ұстадық" Қазақстандық стюардессаның ашық әңгімесі
Қазақстандықтар апаттан зардап шеккендердің туыстарына ұшақтағы орындарын берді
Желіде малайзиялық ұшақтың апатына қатысты іс бойынша жаңа құжаттар пайда болды
Қарағанды түбінде апат: әскери ұшақтың құлаған сәтінің видеосы жарияланды
Есмағамбетова: Ұшақта ешкім науқас адамның жанында отырғысы келмейді

Қонаевтың жаңа ескерткіші төңірегінде дау туды видео 

84
(Жаңартылды 21:31 20.10.2020)
Алматы облысының Бақанас ауылында мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың монументі орнатылады

НҰР-СҰЛТАН, 20 қазан – Sputnik. Әлеуметтік желіде Дінмұхамед Қонаев бейнеленген ескерткіштің суреті мен видеосы тарап жүр. Мүсіншілер мен желі қолданушылар жаңа монументті сынға алды. Себебі оны талғамсыз жасаған, тіпті, пропорциясы да сақталмапты. 

Танымал мүсінші Олжас Мұхамеди де өз нарызылығын білдіріп, әлеуметтік желіде жазба жариялады.

"Тендер мен параға арналған ескерткіш! Мен Қазақстандағы ескерткіштер мен мүсіндер мәселесін бұрыннан бері көтеріп келемін. Алайда бәріне қазіргі жағдай ұнайтын сияқты. Бәлкім, президент осы проблемаға назар аудар. Мен өзім 60 адамнан тұратын бір топ мүсіншілердің атынан ұсыныс беруге дайынмын", – деп жазды Мұхамеди Facebook парақшасында.

Әлеуметтік желі қолданушылары оны қолдап, жаңа ескерткішті сынға алды. Дінмұхамед Қонаевтың басы кішкентай, ал денесі тым жалпақ және ұзын болып шыққан. 

Sputnik Қазақстан тілшісі Алматы облыстық әкімдігіне хабарласып, мәселенің мән-жайын білді. Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының мәліметіне сәйкес, Дінмұхамед Қонаевтың ескерткішін орнатуға бюджеттен ақша бөлінбеген. Барлығы демеушілер қаржысына жасалып жатыр.

"2020 жылы 15 қазанда мәдени және тарихи ескерткіштерді қорғау жөніндегі облыстық комиссия Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевқа арналған ескерткіш орнату бойынша барлық құжатты мақұлдаған болатын. Одан кейін тиісті құжаттар Нұр-Сұлтанға мемлекеттік комиссияның қарауына жіберілді", - дейді мамандар. 

Олардың айтуынша, мүсінді орнату туралы шешім бүгін қаралып, шығарылуы тиіс. Қазіргі кезде жаңа монумент қойылатын жерде дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.

84
Кілт сөздер:
видео, ескерткіш, Дінмұхамед Қонаев
Тақырып бойынша
Жұрттың ашуын тудырды: Семейде Мәншүк Мәметованың ескерткіші алынып тасталды
Назарбаевтың Нұр-Сұлтандағы ескерткіші: құрылыс жайлы не белгілі  
"Ол мені қорғап қалды" Дінмұхамед Қонаев туралы не білеміз?
Нұр-Сұлтанда мектепке Қонаевтың есімін беру ұсынылды – әкім не дейді?
Дінмұхамед Қонаевтың қарындасы қайтыс болды
Мәскеудегі АҚШ елшілігі

Ресей елшілігі АҚШ-та алты азаматының айыпталуына қатысты түсініктеме берді

0
Вашингтондағы Ресей елшілігі АҚШ-тың бүкіл әлемдегі хакерлік және тұрақсыздандыру әрекеттеріне қатысы бар деg Ресей азаматтарына таққан айыптарын жоққа шығарады

Бұған дейін АҚШ-тың әділет министрлігі мен федералды тергеу бюросы басқа елдердің инфрақұрылымына шабуыл жасау мақсатында хакерлік шабуылдарға және зиянды бағдарламалардың таралуына қатысы бар деg бес ресейлікті айыптағаны белгілі. Атап айтқанда, оларға 2017 жылы NotPetya вирусының таралғаны үшін айып тағылуда, деп мәлімдеді дипломатиялық миссияның өкілі РИА Новости агенттігіне.

АҚШ-тың болжамынша, бұл адамдар бас барлау басқармасының қызметкерлері және олар Оңтүстік Кореядағы Олимпиадаға кибершабуылдарды ұйымдастырған. Өз кезегінде Ұлыбритания да Ресей барлау қызметі Токидағы Олимпиада ойындарын кейінге қалдырғанға дейін ұйымдастырушыларға кибершабуыл жасауды жоспарлағанын мәлімдеді.

"Мұндай жаңалықтардың шындыққа жанаспайтындығы және америкалық қоғамда көңіл-күйді қоздыруға, тыңшылардың ізіне түсуге бағытталғандығы анық. Мұның бәрі бірнеше жылдан бері Вашингтонның саяси өмірінің айрықша сипатына айналып келеді. АҚШ билігі бір кездердегі прагматикалық Ресей-АҚШ қарым-қатынасын бұзып, өз тұрғындарына Ресейге және онымен байланысты барлық дүниеге қатысты теріс түсінікті жасанды түрде таңып отыр", - деп түсіндірді бұл туралы елшілік өкілі.

Агенттікке сұқбат беруші Ресейдің бүкіл әлемді "тұрақсыздандыратын операцияларға" қатысуға деген ниетінің жоқтығын және болмағанын атап өтті.

"Бұл біздің сыртқы саясатымызға, ұлттық мүдделерімізге, сондай-ақ мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастың қалай құрылатындығы жөніндегі таным-түсінігімізге сәйкес келмейді. Ресей басқа елдердің егемендігін құрметтейді және олардың ішкі ісіне араласпайды", - деп толықтырды ол сөзін. 

АҚШ пен Ұлыбританияның ресейлік хакерлерді түрлі шабуылдар, оның ішінде Токио Олимпиадасының ұйымдастырушыларына қатысты әрекетке айыптауы негізсіз екенін және оның ішкі аудиторияға бағытталғанын мәлімдеді.

0