Зейнеткер, архивтегі сурет

Қазақстанда зейнетке шығу жасы төмендей ме?

3179
Қазақстанда зейнет жасын төмендету мәселесі жыл сайын көтеріледі. Алайда осы жолы бір топ депутат ерлер мен әйелдердің зейнетке шығу жасын шұғыл азайту қажеттігін мәлімдеді

НҰР-СҰЛТАН, 18 қазан – Sputnik.Коронавирус инфекциясы, егде жастағы адамдарға қауіп төндіріп тұр. Сондықтан оларды үйден шығармай, зейнетке ертерек шығару қажет. Депутатар осылай деген болатын. Дегенмен, үкімет әйелердің зейнет жасын ерлермен теңестірмей жатып, бәрін үш жылға ерте демалысқа жіберуге мүдделі емес. Sputnik Қазақстан тілшісі осы мәселенің негізгі себептерін зерделеп көрді. 

Депутаттар ұсынысы

Саяси сарапшылар коммунистердің зейнет жасын төмендетуге қатысты ұсынысы мәжіліс сайлауы алдындағы белсенділіктің бір көрінісі десе де, бұл дер кезінде көтерілген бастама екенін ашық айтуымыз қажет. Бүгінде коронавирустан көп жағдайда 60 жастан асқан адамдар қайтыс болады. Себебі олардың иммунитеті төмен, созылмалы аурулары да аз емес. Содан инфекцияны тез жұқтырады. Оны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да растап отыр. Мәселен, қайтыс болған 10 пациенттің ішінде 8 адамда, кем дегенде, бір созылмалы жүрек-қантамыр және эндокриндік жүйе ауруы болған екен. Қазақстандағы өлім-жітімнің статистикасы да дәл осындай. 

Ресми мәліметке сәйкес, биыл қаңтар-тамыз аралығында елімізде 110 981 адам қайтыс болған. Олардың ішінде 78 637 адам (71%), яғни әрбір жетінші қазақстандық 60 жастан асқан. Осы өлім-жітімнің арасында коронавирус құрабандары да бар. Иә, бүгінде олардың ресми саны 2 мың адамнан аспайды. Дегенмен, маусым-шілде аралығында "белгісіз пневомониядан" қайтыс болғандарды да ескеруіміз керек. Себебі ол пневмонияда коронавирустың анық белгілері бар. Бүгінде оны "ковидтік пневмония" деп атайды және тамызда ресми түрде есепке ала бастады.  

Депутат Айқын Қоңыровтың айтуынша, COVID-19 індетінің екінші толқыны болуы мүмкін. Коронавирустың мутацияға ұшырау қаупі де бар. Оған қоса, күз-қыс мезгілінде ЖРВИ және тұмау сияқты маусымдық аурулар өршиді. Коронавирустың ауыр түріне шалдығу және өлім қатері айтарлықтай артады. Шыны керек, ондайда, әсіресе, үлкен адамдарға аса сақ болу қажет. Осыған байланысты коммунистер үкімет басшысына депутаттық сауал жолдап, әйелдер мен ерлер үшін зейнет жасын 60 жасқа дейін төмендетуді ұсынған болатын.

Айкын Конуров
© Photo : parlam.kz
Депутат Айқын Қоңыров

Премьер-министр Асқар Мамин депутаттардың сауалына әлі жауап берген жоқ. Дегенмен, оның жауабы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтың айтқанынан аспайтын сияқты.

Министрлік жауабы

Министр мырза "үкіметте зейнет жасын төмендету мәселесі қаралып отырған жоқ" дейді. Себебі әлемдік тәжірибе ескерілген. Экономикалық және демографиялық жағдай ондай өзгерісті жасауға мүмкіндік бермей отыр. Қазақстанда егде жастағы адамдардың саны өсіп келеді. Жұмыс істейтіндер, керісінше, азаюда. Демек, бюджетке салық аз түседі. Ал қазынада ақша азайса, әлеуметтік төлемдер үшін қосымша қаржы көздерін іздеу керек.  

"Мәселен, он жыл бұрын елімізде зейнеткерлер мен жұмыс істейтін халықтың арақатынасы 20 процент болған, яғни, бір зейнеткерге бес жұмысшы келген еді. Қазір осы көрсеткіш 30 проценттен (1/3) асып кетті", - дейді Нұрымбетов.   

Министрдің айтуынша, Қазақстанда 65 жастан асқан азаматтардың саны көбейіп жатыр. Бес жыл бұрын 6,8 процент болса, биыл 7,7 процентке дейін жеткен.

Министр труда и социальной защиты населения Казахстана Биржан Нурымбетов
© Sputnik / Владислав Воднев
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов

Негізі, елімізде әйелдердің жасын 63 жасқа дейін кезең-кезеңмен көтеру бастамасын заңдастырғанда дәл осы демографиялық болжам негізге алынған болатын. Себебі 90-шы жылдары бала туу көрсеткіші күрт төмендеп кеткен. Соның салдарынан 2020 жылға қарай еңбек нарығына шығатын жас мамандардың саны азаяды деді. Ал еңбек күші азайса, бюджетке салмақ түседі. Дәл осы салмақты азайту үшін әйелдердің жасын 2027 жылға дейін біртіндеп көтеруге шешім қабылданды. Оған дейін 2000 жылдан бері қарай туған балалар есейіп, еңбек нарығына келе бастайды. Осылайша, билік қиын қаржылық кезеңнен шығамыз деген. Алайда сол кезде коронавирус пандемиясының өршіп кететінін, соның салдарынан  жұмыссыздықтың басталатынын ешкім білмеген...

Біріккен ұлттар ұйымы да Қазақстанның демографиялық қартаюдың алғашқы сатысында тұрғанын мәлімдеді. Халықтың қоныстануы саласындағы қордың (ЮНФПА) демография мәселелері жөніндегі жобалардың ұлттық үйлестірушісі Ғазиза Молдақұлованың айтуынша, бүгінде әлем бойынша халықтардың қартаю процесі байқалып отыр. БҰҰ класификациясына сәйкес, 65 жастағы адамдардың саны 7 проценттен асқан қоғам қартайып бара жатқан халыққа жатады.

"Қазақстанда егде жастағы адамдардың саны көбейіп келеді. 2019 жылдың басында 60 жастан асқандар жалпы халықтың 11,6 процентін құраса, 65 жас пен одан жоғары адамдарың үлесі 7,5 процент болған. Мемлекет демографиялық қартаюдың алғашқы сатысында тұр", - дейді Молдақұлова. 

Оның сөзіне қарағанда, солтүстік және орталық аймақтардың демографиялық жағдайы Еуропа елдеріне ұқсас. Ал оңтүстік және батыс өңірлерде, сондай-ақ, астанада бала туу көрсеткіші көтеріліп келеді. Дегенмен, облыстардың жартысы егде жастағы адамдардың саны жағынан 7 проценттік межеден асып отыр. Бұл – қартайып бара жатқан ұлттың анық көрінісі.

"Негізі, әзірше Қазақстанды жас ұлтқа жатқызуға болады. Дегенмен, халықтың қартаю мәселесін алдын ала ескерген жөн. Болжамға сәйкес, қазір 65 жастағы және одан жоғары егде адамдардың саны 7,3 процент болса, 2050 жылға дейін бұл көрсеткіш екі есеге өседі", - деп атап көрсетті Молдақұлова.

Сонымен, біз демографиялық қартаюдың алғашқы сатысында тұрмыз. Демек, зейнеткерлер онсыз да көп. Ал коммунистердің бастамасын іске асырса, бюджеттен ақша алатындардың армиясы көбейеді. Үкіметте зейнет жасын төмендету мәселесі қаралып отырмағанның негізгі себебі де осы шығар...

3179
Кілт сөздер:
зейнет жасы, Қазақстан
Тақырып бойынша
Қанша қазақстандық зейнетке ақша жинап жүр
Министр Нұрымбетов депутаттардың зейнет жасын төмендету туралы ұсынысына жауап берді
Қазақстанда 216 мың зейнеткер бір реттік төлем алады
Депутат Қазақстанда зейнет жасын төмендетуді ұсынды 
Тоқаев Иманғали Тасмағамбетовті зейнетке жіберді
Қонаев ескерткішінің құрылысы тоқтатылды

Алматы облысында Қонаев ескерткішінің құрылысы тоқтатылды

56
20 қазанда әлеуметтік желіде Дінмұхамед Қонаев ескерткішінің суреті мен видеосы тарады. Мүсіншілер мен желі қолданушылары жаңа монументті сынға алды

АЛМАТЫ, 27 қазан – Sputnik. Алматы облысында Дінмұхамед Қонаевқа арналған ескерткіштің құрылыс жұмыстары тоқтатылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Облыстың мәдениет басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, 21 қазанда эскиздегі ескерткіш пен желіде тараған сурет арасында айырмашылық болуына байланысты құрылған арнайы жұмыс тобы құрылысты тоқтату туралы шешім қабылдады. Сонымен қатар ескерткішке қатысты барлық ескертуді жоюға екі апта уақыт берді.

"21 қазанда құрылған жұмыс тобы заңбұзушылықтарды анықтау үшін Балқаш ауданына барды. Барлық жауапты тұлғаны, соның ішінде мүсіншіні жинап, жұмыс тобы ескерткішті орнатуға қатысты құрылыс жұмысын тоқтатты. Сондай-ақ, ескерткіш бойынша барлық ескертуді екі апта ішінде жоюға нұсқау берілді", - деп мәлімдеді облыстың мәдениет басқармасы.

Енді Балқаш ауданының әкімдігі тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі облыстық комиссияның қарауына құжаттар мен эскиздік жобаларды қайта ұсынуы қажет.

"2020 жылдың 15 қазанында мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың ескерткішін орнату жөніндегі барлық тиісті құжат тексерілді. Тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі облыстық комиссия мақұлдады. Содан кейін барлық тиісті құжат Нұр-Сұлтан қаласындағы мемлекеттік комиссияның қарауына жіберілді. 20 қазанда әлеуметтік желі арқылы Қонаевтың ескерткіші мемлекеттік комиссия шешімін күтпестен орнатылғаны белгілі болды", - делінген ақпаратта.

Айта кетейік, 20 қазанда әлеуметтік желіде Дінмұхамед Қонаев ескерткішінің фотосы мен видеосы тарады. Мүсіншілер мен желі қолданушылар жаңа монументті сынға алды. Оның талғамсыз жасалғанын жазды.

Бұдан соң облыстың мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы Дінмұхамед Қонаевтың ескерткішін орнатуға бюджеттен ақша бөлінбегенін хабарлады. Барлығы демеушілер қаржысына жасалған.

Айта кетейік, мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаев ескерткішін Алматы облысы Балқаш ауданы Бақанас ауылындағы Қонаев саябағына орнатуды Балқаш аудандық әкімдігі ұсынған.

56
Кілт сөздер:
құрылыс, ескерткіш, Дінмұхамед Қонаев
Тақырып бойынша
"Ол мені қорғап қалды" Дінмұхамед Қонаев туралы не білеміз?
Қонаевтың ескерткіші желіде қызу талқыланып жатыр: арнайы тексеріс болады
Қонаевтың жаңа ескерткіші төңірегінде дау туды – видео 
Нұрғали Нүсіпжанов Дінмұхамед Қонаевтың өзіне не дегенін айтты
Нұр-Сұлтанда мектепке Қонаевтың есімін беру ұсынылды – әкім не дейді?
Кісен, сот залы

Нұр-Сұлтанда директор салық төлемегені үшін бес жылға сотталды

174
"Атырауоблтяжстрой" ЖШС басшысы үш жыл ішінде 1,3 миллиард теңгеден астам салықты төлеуден жалтарған

НҰР-СҰЛТАН, 27 қазан – Sputnik. Нұр-Сұлтанда кәсіпорындардың бірінің директоры 1,3 миллиард теңгеден астам салық төлемегені үшін бес жылға сотталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан қаржы министрлігі қаржы мониторингі комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қылмыстық істі Нұр-Сұлтан қаласы бойынша экономикалық тергеу департаментінің мамандары тергеген. "Атырауоблтяжстрой" ЖШС басшысына аса ірі мөлшерде салық және бюджетке басқа да міндетті төлемдерді төлеуден жалтарды деген айып тағылды.

"Құжаттамалық салық тексерісінің актісіне сәйкес, кәсіпорын үш жыл ішінде 1,3 миллиард теңгеден астам салықты төлеуден жалтарған. Салықтардың қосымша есептелуіне жалған шот-фактуралар жазып берген кәсіпорындармен келісімдер негіз болды", - делінген хабарламада.  

Тағы оқыңыз: Алматылықтың 2 млрд теңгені қалай тапқаны белгілі болды – видео

Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа ауданы №2 сотының үкімімен кәсіпорын басшысы Қылмыстық кодекстің 245-бабы 3-тармағында қарастырылған қылмыстық құқықбұзушылықты жасағаны үшін 5 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сонымен қатар, ол үш жыл бойы коммерциялық ұйымдарда басшылық қызметтерді атқара алмайды.

174
Кілт сөздер:
салық, кәсіпорын, Нұр-Сұлтан
Тақырып бойынша
"Головлев-Кабдушев" қылмыстық тобының мүшелері сотталды
Қазақстанда сегіз мемлекеттік қызметкер сотталды
Жамбыл облысында есірткі тасымалдаған қылмыстық топ сотталды
Трансгендерді зорлаған ҰҚК-нің бұрынғы қызметкері бес жарым жылға сотталды
Портфель, архивтегі сурет

Изоляторда отырған атыраулық шенеунік халыққа үндеу жасады 

0
(Жаңартылды 12:56 27.10.2020)
Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов бірінші орынбасарының кінәсі дәлелденсе, қызметінен кетуге дайын екенін мәлімдеді

НҰР-СҰЛТАН, 27 қазан – Sputnik. Нұрлан Таубаев Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметінен босату туралы арыз жазғанын және өзіне тағылған айыптардың негізсіз екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Оның адвокаты Игорь Вранчев өзінің Facebook парақшасында шенеуніктің үндеуін жариялады. Онда Нұрлан Таубаев 22 қазанда Атырау облысы әкімінің атына арыз жазып, өзін бірінші орынбасар қызметінен босатуды сұрағанын айтады. 

"Бірақ бұл шешім тергеліп жатқан іс бойынша менің қандай да бір айыптарды мойындауыма байланысты емес. Мен кінәлі емес екенімді дәлелдеуге мүдделімін. Себебі маған тағылған айыптардың біреуін де жасаған жоқпын", - дейді Таубаев. 

Шенеунік жұмыстан кету туралы арыз жазудың себебін де түсіндірді. Оның айтуынша, облыс әкімінің бірінші орынбасарына біраз міндет жүктелген. Соның ішінде мәжіліс мен мәслихаттардың сайлауын өткізу шаралары да бар.

"Тергеу кезінде мен бұл жауапты қызметті атқара алмаймын. Сосын әкім мен әріптестерімнің атына күдік көлеңкесі түспесін деп, осындай шешім қабылдадым", - деп атап көрсетті Таубаев. 

Таубаев не үшін ұсталды 

10 қыркүйекте Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Таубаевтың ұсталғаны туралы хабар тараған болатын. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі шенеуніктің қамауға алынғанын хабарлады. 

"Ақ Жайық" басылымының мәліметіне сәйкес, Нұрлан Таубаевпен бірге облыстық құрылыс басқармасының бастығы Тимур Басаров та ұсталған. Шенеуніктер 182 миллион теңге пара алғаны үшін айыпталып отыр. Оларды елордадан Атырауға арнайы барған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бір топ қызметкері ұстап алған. 

Ал Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов бірінші орынбасарының кінәсі дәлелденсе, қызметінен кетуге дайын екенін мәлімдеді.

0
Кілт сөздер:
үндеу, шенеунік, Атырау
Тақырып бойынша
Қостанайда сотталған шенеуніктің камерасында болған жағдай видеоға түсіп қалды
Парамен ұсталған шенеунік өзенге секіріп кетті - видео
Ақтауда шенеуніктің көлігінен бума-бума ақша шықты – видео
Үш жыл бойы ақша жинаған шенеуніктің қылмысы ашылды – видео
Желіде қаскелеңдік шенеуніктің видеосы тарап кетті – әкімдік түсініктемесі