Қоғам

"Сотқа жібереді": отбасында жанжал шығаратындар қалай жазаланады

© Sputnik / Табылды КадырбековСлучаи бытового насилия
Случаи бытового насилия - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Қазақстанда карантин кезінде тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайы көбейді. Мұны ресми статистика да растап отыр. Қазіргі заңнама отбасылық жанжал құрбандарын қалай қорғайды? Депутаттар жаңа заң жобасын не үшін әзірледі? Мәселені Sputnik Қазақстан тілшісі зерделеп шықты

НҰР-СҰЛТАН, 25 қазан – Sputnik. Бүгінгі заңнамада тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы бірнеше шара қарастырылған. Соның бірі – қорғау ұйғарымы. Оны учаскелік полицейлер жәбір көрген адамның арызы бойынша жазады және жанжал шығарған кісінің қолына тапсырады. Осы құжатта нақты шектеулер көрсетілген. Атап айтқанда, 30 күн бойы жәбір көрген адамды іздеуге, қысым жасауға, телефон және тағы басқа байланыс құралдары арқылы сөйлесуге тыйым салынған. Ал қорғау ұйғарымын бұзғаны үшін әкімшілік жаза бар.  

Хабар беруге қорқады

Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 461-бабына сәйкес, қорғау ұйғарымын бұзған адамға ескерту жасалады, я болмаса, бес тәулікке дейін әкімшілік қамауға алады. Ондай тәртіп бұзушылықтар бір жылдың ішінде қайталанса, 15-20 күнге дейін жауып тастайды. 

Дегенмен, дәл осы қорғау ұйғарымы көп жағдайда тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын қорғай алмай жатады. Себебі зардап шеккендердің көбі полицияға арыз жазғаны былай тұрсын, хабар беруге де қорқады. Ал құқық қорғаушыларды шақырған күннің өзінде артынан өз талаптарынан бас тартады. 

Ресми мәліметке сәйкес, биыл 8 айдың ішінде құқық қорғау органдарына тұрмыстық зорлық зомбылық белгісі бар оқиғалар туралы 130 мың рет хабар түскен. Соның бәрін тексере келе, 2,5 мың қылмыстық және 30 мың әкімшілік іс қозғалды. Ал қалған оқиғалар бойынша ешқандай шара қабылданған жоқ. Себебі жәбір көрген адамдар арыз-шағымнан бас тартты. Сонда 100 мыңға жуық адам өздеріне жұдырық алып жүгіргенді аяп, жазаға тартпауға шешім қабылдапты. 

Тағы оқыңыз: Шолпанның көз жасы: алты баласы бар 29 жастағы келіншек халықтан көмек сұрады

Енді, ондай адамдар жазадан құтыла алмайды. Жаңа заң жобасына сәйкес, тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы арыз түспесе де, полицейлер қорғау ұйғарымын өз еркімен жаза береді. Әрине, құқық қорғаушы , алдымен, ондай қажеттіліктің бар-жоғын байқайды, яғни, жанжал шыққан үйдегі жағдайды қарайды. Беті көгерген немесе жарақат алғандар бар ма, жоқ па, соның бәрін зерделейді. Көршілердің пікірін сұрайды. Сөйтіп, тұрмыстық зорлық-зомбылық қаупі болса, бірден қорғау ұйғарымын шығарады. Ондай шара полицияға арыз беруге қорқатын адамдарды қорғауға көмектеседі деген болжам бар. 

Ақылға келеді

Бұдан бөлек, заң жобасында тағы бір ұсыныс бар. Оған сәйкес, қорғау ұйғарымын алған адамды 10 күнге үйден шығарып жіберу керек. Сонда ол отбасымен бір жарым апта бойы араласпай, ақылға келеді және жасаған қателігін түсінеді деген болжам бар. Бүгінгі заңнамада ондай шара қарастырылған. Бірақ оған тек соттың шешімімен міндеттей алады. Сосын тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған адамды үйден шығарып жіберу үшін оның тағы бір үйі болуы керек. Сот 30 күнге дейін отбасыдан бөлек тұруға шешім шығара алады.

Бұдан бөлек, судья ішімдік пен есірткі заттарын қолдануға тыйым салады. Ал соттың шектеулері бұзылса, 5 АЕК (13 890 теңге) көлемінде айыппұл немесе 7 күнге дейін әкімшілік қамау қарастырылған. Осы әрекет қайталанса, 10 күнге дейін ұзартылады. 

Негізі, осы уақытқа дейін тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл заңнамасына біраз өзгеріс енгізілген. Мәселен, бұрын зардап шеккен адам барлық дәлелді өзі жинаса, қазір ондай айғақты полиция жинақтайды және сотқа жібереді. Сосын жүкті әйелдер мен кәмелет жасқа толмағандарды азаптағаны үшін жаза күшейтілді. Ондай әрекеттер үшін, кем дегенде, төрт жылға түрмеге қамап тастайды. 

Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мұрат Баймұқашевтің айтуынша, пандемия кезінде полиция тарапынан қосымша шаралар қолға алынды. Мәселен, тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы хабар беруге қорқатын адамдар телефон арқылы құпия сөз айтып, құқық қорғаушыларды шақыра алады. 

"Сосын пандемия жағдайында қашықтан бақылау жүйесі де енгізілді. Ондайда полицейлер жауапқа тартылған адамға әлеуметтік мессенджерлер арқылы бейнеқоңырау шалып, не істеп жүргенін бақылап отырады", - дейді Баймұқашев.  

Оның айтуынша, осы санаттағы тәртіп бұзушылықтардың басым бөлігі мас күйінде жасалады. Сосын жұмыссыз жүрген адамдар ұрыс-керіс жиі шығарады. Зардап шеккендердің жартысы әйелдер болса, 6 проценті – кәмелеттік жасқа толмаған балалар. Ал қалған 40 проценті – ер адамдар. Олар әкесінен, ағасынан және тағы басқа туған-туысынан жәбір көрген екен.

Жаңалықтар
0