Қоғам

Алтын Орданың құпиялары: археологтар ежелгі кесененің орнын тапты

© Sputnik / Елена БережнаяАрхеологический памятник Кызылоба
Археологический памятник Кызылоба - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Ежелгі кесененің жақсы сақталған кірпіш қабырғалары болашақта оны толықтай қайта қалпына келтіруге мүмкіндік береді

НҰР-СҰЛТАН, 26 қазан – Sputnik, Елена Бережная. Солтүстік Қазақстан облысының Уәлиханов ауданында Алтын Орда дәуіріне жататын археологиялық нысанды одан әрі зерттеу және сақтау жұмыстары жүргізілуде. Биыл пандемияға байланысты жұмыстың ауырлағанына қарамастан, археологтар суық ауа райы басталғанға дейін біраз ауқымды жұмыстың басын қайырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Тарихтың жаңа парағы

Алтын Орда дәуірі тарихындағы жаңа, бұрын белгісіз болған парақты ашатын бірегей археологиялық ескерткіш Солтүстік Қазақстан мен Павлодар облыстарының шекарасында, Сілеті өзенінің төменгі ағысындағы, Уәлиханов ауданы, Береке ауылының маңында орналасқан.

Соңғы уақытқа дейін ортағасырлық қала мәдениетіне жататын археологиялық ескерткіштер Қазақстанның оңтүстігі мен батысында ғана белгілі болды. Солтүстік Қазақстанда орта ғасыр мәдениеті аз зерттелген. Өйткені бұл өңірде негізінен тас және қола дәуіріне қатысты археологиялық зерттеулер жүргізілген. Сондықтан Қызылоба кесенесі ғалымдар, археологтар, этнографтар үшін осы дәуірді зерттеуге мүмкіндік беретін сенсациялық жаңалық болып отыр.

© Sputnik / Елена БережнаяҚызылобадағы археологиялық ескерткіш
Алтын Орданың құпиялары: археологтар ежелгі кесененің орнын тапты - Sputnik Қазақстан
Қызылобадағы археологиялық ескерткіш

Ғалымдар Сілеті өзенінің аңғарынан құнды жәдігерлер табуға болатынын бұрыннан білген. Аймақта ортағасырлық сәулет өнерінің маңызды нысандары бар екендігі туралы алғашқы ақпаратты 1896-1903 жылдары Қазақстан аумағында жұмыс істеген тарихшы Федор Щербиннің статистикалық экспедициясына қатысқан қоғам қайраткері, журналист, этнограф Әлихан Бөкейханов қалдырды.

Экспедиция жұмысына қатысу барысында Әлихан Бөкейханов Қазақстанның экономикасы, этнографиясы мен мәдениеті туралы фактіге негізделген көптеген материалдарды жинақтады. Кейіннен зерттеу көптеген жарияланымда, соның ішінде 1907 жылғы "Батыс Сібір Императорлық орыс географиялық қоғамының (ИОГҚ) Семей бөлімшесінің жазбаларында" қолданылды. Оларда Қызылоба ескерткіші туралы айтылған. Сонымен қатар осы өзеннің жағасындағы күйдірілген кірпіштен жасалған басқа ескерткіштер туралы да мәліметтер бар.

Бұл жазбаларда жергілікті тұрғындардың кесенелерді жасырын түрде үй қажеттіліктері үшін бұзғаны айтылады. Әсіресе, ондағы кірпіштердің төртбұрышты және сапалы болғандығы туралы факт айрықша атап өтілді.

© Sputnik / Елена БережнаяАлтын Орда заманына жататын жәдігердің сақталған кірпіші
Алтын Орданың құпиялары: археологтар ежелгі кесененің орнын тапты - Sputnik Қазақстан
Алтын Орда заманына жататын жәдігердің сақталған кірпіші

Кейінірек, Қазақстан археология ғылымының негізін салушылардың бірі Әлкей Марғұлан да бұл аймақтарда қалашықтар мен кесенелердің болғандығы жөнінде өз еңбектерінде жазады.

Осы мәліметтер негізінде 2019 жылдың қыркүйегінде Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің "Margulan centre"-мен бірге археологиялық барлау жұмыстарын жүргізді. Зерттеулер "Margulan centre"-ді басқаратын, археология саласындағы белгілі маман Тимур Смағұловтың бастамасымен жүзеге асты.

Экспедиция нысанның сақталу дәрежесі және оған одан әрі археологиялық зерттеу жүргізудің қажеттілігі жөнінде мәліметтер алуды мақсат тұтты. Осылайша, археологтар өздері зерттеу жүргізе бастаған үйінділердің ортағасырлық кесененің орны болуы мүмкін деген байламға келеді. Сондықтан 2020 жылы қазба жұмыстары одан әрі жалғасты.

Үлкен археологиялық жетістік

Биылғы карантиндік шаралар мен қолайсыз ауа-райы тудырған қиындықтарға қарамастан, көрші облыстардан келген археологтар орасан жұмыс атқарды: олар 600 шаршы метрден астам жерге қазба жұмыстарын жүргізе отырып, жақсы нәтижеге қол жеткізді.

Археологтар кезінде отбасылық қабірхана болған үй-жайдың орнын тапты. Сондай-ақ, кесененің жоспар бойынша төртбұрышты пішінге ие болғандығын анықтады. Оның қабырғалары кірпіштен қаланған. Қабырға қалыңдығы орта есеппен 2,45 метрді құрайды. Бағана тұғыры үш қабат кірпіштен тұрғызылған.

Тимур Смағұлов Солтүстік Қазақстан облысының Уәлиханов ауданында ашылған жаңалық ғалымдарға жерлеу рәсімінің жеке ерекшеліктерін бағалауға ғана емес, сонымен қатар сәулет өнерінің дамуы туралы ауқымды идея алуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай құрылыстарды тұрғызу кәсіби сәулетшілер мен құрылысшылардың ғана қолынан келген.

"Қабірлер табылған орынның ауданы 36 шаршы метрді құрайды, кесененің биіктігі 15-20 метрге жеткендіктен, алыстан көзге көрініп тұрған. Әрине, жергілікті ландшафтың сәні болған. Кейін бұл аумақ қаңырап қалған кезде, кесене бұзылып, үйіндіге айналған. Солтүстік Қазақстан мен Павлодар облысынан келген археологтар жұмыстарының арқасында бұл құрылыстың қалдығын тауып, қазба жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік туды. Портал өте жақсы сақталған, кесененің қалған қабырғалары да өз орнында тұр. Бұл оны жақын арада толығымен қалпына келтіруге мүмкіндік береді", – дейді Тимур Смағұлов.

Оның айтуынша, қазіргі таңда жерсеріктік технологияларды қолдана отрып, қазба жұмыстарының 3D-үлгісі жасалған. Алайда, ол тек әсер тудыратын жай ғана үлкен көлемді сурет емес. Әрбір табылған зат өзінің географиялық орналасқан жеріне байланысты осы үлгіге енгізіледі. Содан кейін үлгі мұражайға беріледі.

Қызылоба археологиялық есекрткішінің орнынан табылған жәдігерлер
Алтын Орданың құпиялары: археологтар ежелгі кесененің орнын тапты - Sputnik Қазақстан
Қызылоба археологиялық есекрткішінің орнынан табылған жәдігерлер

Археолог былтыр әуеден жүргізілген барлау кезінде ескерткіштің арықпен қоршалғаны анықталғанын жеткізді.

"Ежелгі құрылысшылар мұндай арықты белгілі бір себептермен жасаған, – деп есептейді Тимур Смағұлов. – Ол жерасты суларын ағызу үшін қажет болды. Өйткені солтүстік климаттағы ылғал кірпіштің қауіпсіздігіне кері әсер етеді. Ал дренажды қамтамасыз ететін арық шұңқыр мұндай қатердің орын алмауына сеп болды. Бұл сәйкесінше, ескерткіштің осындай маңызды бөлігінің сақталып қалуына ықпал етуі мүмкін".

Бұрын Қоржынқұл болысының Ақмола ауданына қарайтын, қазіргі таңда зерттеліп жатқан ескерткіш орналасқан аумақта халық қоныстанбағанын атап өту қажет. Өйткені ол жер ауыл шаруашылығына жарамсыз деп танылған. Ғалымдар ескерткіштің сақталуында бұл да үлкен рөл ойнады деп болжайды. Себебі егер де жер жыртылса, ескерткіш бәлкім, жермен-жексен болып, оның орнын табу қиынға соғуы мүмкін еді.

Кесене ішінен кірпіштен жасалған құлпытастар астына салынған төрт қорым табылды. Ғалымдардың пікірінше, олар – 14-15 ғасырларда Қазақстан даласында өмір сүрген билеуші элитаның жерленген орындары. Алдағы уақытта ғалымдар ДНҚ нәтижелерін алу үшін археологиялық жәдігерлерге одан әрі зерттеу жұмыстарын жүргізеді.

© Sputnik / Елена БережнаяҒалымдар ДНҚ нәтижелерін алу үшін археологиялық қалдықтарға одан әрі зерттеу жұмыстарын жүргізеді
Алтын Орданың құпиялары: археологтар ежелгі кесененің орнын тапты - Sputnik Қазақстан
Ғалымдар ДНҚ нәтижелерін алу үшін археологиялық қалдықтарға одан әрі зерттеу жұмыстарын жүргізеді

"Біз кесененің Алтын Ордада Дунайдан Алтайға дейінгі аумақтағы жерлеу рәсімдерінің канондарына сәйкес келетіндігін көрдік. Қабірлердің орны батысқа бағытталған. Мұнда жерлеу рәсімдерінің іздері бар, мысалы, онда арабографиялық жазулары бар монеталар сақталған. Олар екі түрл рөл атқарды: бір жағынан тұмар ретінде әрі қасиетті әріппен жазылған басқа дүниелер сияқты марқұмды о дүниеге кететін кезде күзетеді деп саналған. Екінші жағынан, олар молшылық пен әл-ауқаттың символы ретінде қарастырылды: адамдар басқа әлемге, яғни о дүниеге кетер кезде ғибадат заттарын, зергерлік бұйымдарды және т.б. алуы қажет деп сенген", – дейді Тимур Смағұлов.

Ол ешкімнің қолы тимеген жерлеу орындарын табу археологтар үшін үлкен жетістік екенін атап өтті. Себебі археологтар ғана емес, ежелгі адамдар да мұндай қорымдарда басқарушы элитаның өкілдері жерленгенін жақсы білді және олар бұл құрылымдардың бағалы екенін түсінді. Сондықтан ортағасырлық кесенелер жиі тоналған, ал кейбіреулері тіпті бірнеше рет тоналатын болған. Қызылобада жүргізілген қазба жұмыстары бұл жердегі ескерткіштердің сол күйі сақталғанын көрсетті.

Алтыннан да бағалы

Қорымдардың бірін қазу кезінде, яғни, дәл қазіргі зерттеу кезеңі аяқталмай тұрып, ол жерден төрт күміс монета табылды. Кейбіреулер үшін бұл аз болып көрінуі мүмкін. Алайда археологтар мұндай байлыққа қатты қуанады. Мәселе, олардың бағалы артефакттер қатарын толықтыруында ғана емес. Қазба жұмыстары нәтижесінде табылған жалғыз монетаның өзі ғалымдарға ескерткіштің қай кезеңге жататынын анықтауға мүмкіндік береді.

Белгілі нумизмат П.Петровтың анықтамасы бойынша, монеталар XIV ғасырға жатады. Олар Сарай әл-Махруса қаласында – Алтын Орданың астанасында соғылған. Монеталардың бірінде 737 хижри күні, яғни біздің заманымыздың 1337 жылы деген жазуы жақсы оқылады. Яғни, бұл монеталар Өзбек ханның басқаруы кезінде айналымда болған. Демек, археологтар бұл ескерткіш Алтын Орданың гүлденген кезеңіне сәйкес келеді деп толық сеніммен айта алады. Ал Солтүстік Қазақстан үшін бұл XIV-XV ғасырлардың тарихи құнды парағын ашуға мүмкіндік беретін алғашқы археологиялық нысан.

© Sputnik / Елена БережнаяКүміс монеталар
Алтын Орданың құпиялары: археологтар ежелгі кесененің орнын тапты - Sputnik Қазақстан
Күміс монеталар

Шынымды айтсам, біз бұл тарихи жәдігердің тұрғызылған уақытын тез әрі дәл анықтаймыз деп күтпеген едік, – деп мойындайды Тимур Смағұлов. – Себебі, табылған барлық архитектуралық нысанның тұрғызылған уақытын анықтау мүмкін болмай жатады. Бәлкім, сіз мұндай ескерткіштердің әдебиеттерде XIV-XV ғасырлармен, XIV-XVI ғасырлармен белгіленетінін оқыған боларсыз. Ал аталған ескерткіш өзінің нақты мерзімінің анықталуымен құнды болып отыр".

Сонымен қатар, ақша бұл жерлерде сауда қатынасының жақсы дамығанын байқатады. Осы маңда сауда-саттықтың дұрыс жолға қойылғанына басқа олжалар да дәлел бола алады. Олардың ішінде – түрлі-түсті шыныдан жасалған алтын сырға, сондай-ақ күмістен әзірленген екі сәндік бұйым, ою-өрнегі бар күміс айна.

© Sputnik / Елена БережнаяСұрақ белгісі түріндегі алтын сырға
Алтын Орданың құпиялары: археологтар ежелгі кесененің орнын тапты - Sputnik Қазақстан
Сұрақ белгісі түріндегі алтын сырға

"Табылған артефакттер бізге сауда байланыстарының болғандығынан хабар береді, – дейді қазба жұмыстары кезінде табылған сырғаға зер сала қараған археолог, "Margulan centre"-ге қарасты "Ymai" халықаралық ғылыми-зерттеу зертханасының жетекшісі Татьяна Крупа (Украинадан шақырылған маман, Павлодарда екінші жыл жұмыс істейді). – Бұл зергерлік бұйымдар жасалған алтын жергілікті жерде өндірілуі мүмкін. Бірақ сырғаның шыныдан жасалған пирамида іспетті жапсырмасы Таяу шығыста жасалғанынан хабар берсе керек. Ал екінші шыны, бәлкім сириялық өндіріске тиесілі. Сонымен қатар, менің жорамалым бойынша, осы жерден табылған айнадағы мата қытай жібегі болуы мүмкін. Сондықтан бұл жерде Ұлы Жібек жолының бір тармағының жұмыс істеп тұрған деп айтуға толық негіз бар".

Татьяна Николаевна адамдар әрдайым қазба жұмыстары жүргізілген жерден алтынның табылған-табылмағанына қызығушылық танытады, дейді. Бірақ археолог үшін алтын ең маңызды дүние емес. Себебі ғалым үшін тот басқан темірге немесе тіпті кішкене шүберекке қарағанда, алтынның құндылығы аз. Өйткені олардан сол кездегі адамзаттың өмір сүру салты туралы туралы көбірек ақпарат алуға болады.

© Sputnik / Елена БережнаяМұндай археологиялық нысандарды тек кәсіби сәулетшілер ғана тұрғыза алған
Алтын Орданың құпиялары: археологтар ежелгі кесененің орнын тапты - Sputnik Қазақстан
Мұндай археологиялық нысандарды тек кәсіби сәулетшілер ғана тұрғыза алған

Жаңа артефакттерді тапқаннан кейін уақытты бір минут та жоғалтуға болмайды. Мысалы, жәдігерлерді қазып алғаннан кейін жердің тіні тез кебеді және ыдырайды, мұндай кезде ақпараттың құндылығы жоғалуы мүмкін. Сондықтан Татьяна Крупаның дәл сол жерде уақытты оздырмай жұмыс істеуіне тура келеді. Сол үшін қазба жұмыстарының жанында далалық зертханалық фургон орналасқан.

Қазір маман қазба жұмыстары кезінде табылған темір ілгектердің не үшін қолданылғанын анықтап жатыр. Бәлкім, оларға кесенеге кіргізуді жеңілдету үшін ағаш жәшіктер ілінген болуы мүмкін. Бірақ бұл әзірге, ғалымдардың болжамы ғана.

© Sputnik / Елена БережнаяТатьяна Крупаға дәл осы жерде жұмыс істеуге тура келеді. Ал қазба жұмыстарының жанында далалық зертханалық фургон орналасқан
Алтын Орданың құпиялары: археологтар ежелгі кесененің орнын тапты - Sputnik Қазақстан
Татьяна Крупаға дәл осы жерде жұмыс істеуге тура келеді. Ал қазба жұмыстарының жанында далалық зертханалық фургон орналасқан

Сақтау және көрсету

Қазіргі уақытта қазба ескерткіштерді одан әрі зерттей түсу үшін оны сақтау жұмыстары басталды.

"Археологтар ашқан кез келген нысанның жойылу қаупі бар. Сондықтан да біз қазір қазба жұмыстарын келесі жылға консервациялаумен айналысып жатырмыз. Бірақ бұл тек уақытша шара. Бізге бұл өңірді әрі қарай зерттеу үшін толыққанды бағдарлама қажет. Ол нысанды одан әрі консервациялаудан бөлек, ғылыми және мәдени және туристік айналымға енгізуді қамтиды. Біз мұндай бағдарламаны қабылдау туралы мәселені Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ғани Нағыметовпен өткен кездесуде көтердік. Біз әріптестерімізбен бірге осындай бағдарламаны әзірлеуге ұсыныстар дайындап жатырмыз. Адамдар Алтын Орда мемлекетінің гүлденуі кезеңінде мұнда мықты өркениет болғанын білуі қажет", – деп есепейді Татьяна Крупа.

Орта ғасырға ашылған шымылдық

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетіне қарасты археологиялық оқу-ғылыми орталығының жетекшісі Анатолий Плешаков қазір орта ғасырдың шымылдығын ашатын сәт келгенін атап өтті. Ол Кеңес одағы тұсында бұл аймақта ортағасырлық кезеңнен хабар беруі мүмкін қазба жұмыстары ешқашан жүргізілмегенін, мұның еш жәрде айтылмайтын саяси және басқа да себептері болуы мүмкін екенін жеткізді.

"Қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлер ортағасырдың біз білмеген құпияларын аша бастайды, – дейді ол. – Мен экспедицияларда 1968 жылдан бастап, осымен 52-ші далалық маусымда жұмыс істеп келемін. Осы уақыт аралығында орта ғасыр туралы мұндай ақпаратқа ешқашан қол жеткізген емеспін. Енді тарихтың бұл кезеңінің жаңа парағы ашылады".

"Орта ғасырларда жабайы адамдар Қазақстанның қазіргі аумағында көшіп, қонып жүрген деген пікір бар. Бірақ табылған мына бір сырғаға зер салыңызшы, қандай нәзік жұмыс. Сонда мұны жабайы адам істеген бе? Бұрын белгілі бір дәуір бірнеше даму кезеңдеріне бөліп қарастырылған: сонда бір кездері балықшылар, аңшылар болған, ал мал өсірумен, одан кейін егіншілікпен барынша білікті адамдар айналысқан. Егіншілікпен айналысқандар мал өсірушілерге қарағанда кәсіби тұрғыдан анағұрлым білікті болған деген пікір бар. Бірақ мен мұнымен мүлдем келіспеймін. Мұндай кәсіптер қатар жүріп отырды деп есептеймін. Тек бір жерлер мал шаруашылығымен айналысуға, енді бір жерлер егіншілікпен айналысуға барынша мүмкіндік берді. Яғни, бұл даму деңгейін көрсетпейді. Мен тарихшы ретінде өз студенттеріме бұл жердегі ортағасырлық өркениет еуропалық деңгейде болғандығын айтып, түсіндіріп келемін. Біз жиі пікірлесеміз, тіпті қазақтардың өзімен дауласуға тура келетін кездер болады", – деп атап өтті Анатолий Плешаков.

Ол Уәлиханов ауданындағы Сілеті өзенінің аңғарынан әлі де көптеген қызықты олжаның табылатынына сенімді.

© Sputnik / Елена БережнаяСолтүстік Қазақстан өңірінен Алтын Орда кезеңіне жататын саяси-мәдени орталықтың орны табылды
Алтын Орданың құпиялары: археологтар ежелгі кесененің орнын тапты - Sputnik Қазақстан
Солтүстік Қазақстан өңірінен Алтын Орда кезеңіне жататын саяси-мәдени орталықтың орны табылды

"Биылғы қазба жұмыстары – біздің осы өңірдегі ортағасырлық ескерткіштерді зерттеудің алғашқы кезеңі ғана. Қазір олар бір ғана нысанды ашып, зерттеді. Ал бұл жерге жақын маңда кемінде тағы алты кесене бар. Оларға алдағы уақытта зерттеу жүргізу жоспарланған. Археологтар осы аймақтағы отырықшылық өмірден хабар беретін ескерткіштерді (тұрғын жайлар, өндірістік нысандар, пештер, арықтарды) зерттеуді жоспарлап отыр", – дейді Плешаков.

Мысалы, археологтар бөгеттер мен арықтар түріндегі ежелгі суару құрылымдарының іздерін анықтаған.

"Тұтас қалашық орнының табылуы – ортағасырлық қала мәдениетінің бірегей ескерткіші. Алдын ала мәліметтер бойынша, Алтын Орда кезеңіне жататын ескерткіштердің аумағы Сілеті өзені аңғарында шамамен 15 шаршы шақырымды құрайды. Бір сөзбен айтқанда, бұл жерде жүргізілетін жұмыс ауқымды", – деп түйіндеді өз сөзін археолог.

Жаңалықтар
0