Қоғам

Қазақстан үкіметі келесі жылы 19 заң жобасын әзірлейді

© Sputnik / Владислав ВодневЗдание правительства РК в Астане
Здание правительства РК в Астане - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Министр парламентке 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында – бес, ал екенші жартыжылдығында – он төрт заң жобасы енгізілетінін айтады

НҰР-СҰЛТАН, 27 қазан – Sputnik. Қазақстан үкіметі 2021 жылы 19 заң жобасын әзірлейді. Оның ішінде биологиялық қауіпсіздік туралы заң жобасы бар. Бұл туралы әділет министрі Марат Бекетаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Әділет министрлігі үкіметтің заң жобалау жұмыстарының 2021 жылға арналған жоспар жобасын әзірледі. Бұл жоба президент пен мемлекеттің стратегиялық құжаттарында айқындалған міндеттер негізінде дайындалған.

"Жоспар жобасы 19 заң жобасын әзірлеуді көздейді. Олар сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын реттеуге, биржалық сауда, көлік, жер қатынастары, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, құқық қорғау қызметі, геодезия, картография және кеңістіктік деректер, волонтерлер қызметі және қайырымдылық, инновациялық және ғылыми-техникалық даму, биологиялық қауіпсіздік және басқада салаларды одан әрі дамытуға бағытталған", – деді Бекетаев үкімет отырысында.

Айтуынша, алдағы жылы үш жаңа заң жобасын әзірлеу көзделіп отыр. Олар "Геодезия, картография және кеңістіктік деректер туралы", "Әскери полиция органдары туралы" және "Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігі туралы" заң жобалары.

Бұдан бөлек, президенттің жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарынан туындайтын екі заң жобасы парламентке енгізіледі. Олар биржалық сауданы дамыту мәселелері туралы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері туралы заң жобалары.

Оқи отырыңыз: Қазақстандықтар митинг өткізу үшін не істеуі керек – заң жобасы мақұлданды

Министр жоспарда көзделген 19 заң жобаның ішінен парламентке 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында – бес, ал екенші жартыжылдығында – он төрт заң жобасы енгізілетінін айтты.

"Құқықтық актілер туралы" заңға сәйкес жоспар жобасы мемлекет басшысымен келісілуі тиіс. Жоспар жобасы президент әкімшілігіне енгізіледі.

Жаңалықтар
0