Қоғам

Сенатор Мұрат Бақтиярұлы қандастарға берілген үйлерде "мал да тұрмайтынын" айтты

© Sputnik / Екатерина Штукина / Медиабанкке өтуАрхивное фото портфеля
Архивное фото портфеля - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Красный Яр ауылындағы әрбір үйді салуға бюджеттен 56 мың доллар бөлінген. Алайда құрылыстың сапасы сын көтермейді

НҰР-СҰЛТАН, 27 қазан – Sputnik. Ақмола облысындағы Красный Яр ауылында қандастар үшін салынған "Нұрлы көш" шағын ауданының проблемасы ұлттық комиссияның қарауына шығарылады. Осылайша, 11 жылдық тарихы бар проблема шешілуі керек. Бұл туралы Отандастар қорының жанындағы қоғамдық комиссияның отырысында сенатор Мұрат Бақтиярұлы мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Былтыр бір топ сенатор сол ауылды барып көрдік. Шынымен де, көше тартылған, электр қуаты берілген. Ол жағынан бәрі жақсы. 276 үй салынған. Бірақ әңгіме сол үйдің сапасында болып тұр", - дейді Бақтиярұлы.

Оның айтуынша, ауылдағы әрбір үйді салуға бюджеттен 56 мың доллар бөлінген. Алайда құрылыстың сапасы сын көтермейді. 

"Мен бес үйді көріп шықтым. Қабырғасын гипсокартонмен салған. Төбесі өте жұқа. Фундамент те жоқ. Қыста қандастарымыздың барлығы туған-туысын жағалап кетеді екен. Ондай үйге ақша төлеу үшін жағдай болуы керек қой. Өзім бір тиын да төлемейтін едім. Кешірім сұраймын, біздің оңтүстік жақта ондай үйлерде мал да тұрмайды. Ал олар адам ғой, өз бауырларымыз", - деп ашынды Бақтиярұлы.

Бүгінде "Нұрлы көштің" үйлері қандастарымызға жалға беріліп отыр. Бірақ олар ақысын төлемейді, себебі жағдай жасалмаған. Жерді меншікке берсе, сапалы үйді өзіміз салып аламыз деп отыр.

"Сондықтан бұл мәселені шешудің бір ғана жолы бар. Ол – барлық жер учаскесін жекеменшікке беру. Бұл шешілетін дүние ғой. Премьер-министр бұл мәселені ұлттық комиссияның қарауына шығарамыз деді. Өйткені қарызын кешіріп, жерді жекеменшікке бермесе болмайды. Үкімет басшысы айтса, шешілуі керек қой. Жерді заңдастырып береді. Ал қарыздарын кешіруі мүмкін", - дейді сенатор.

Ақмола облысы әкімінің орынбасары Малғаждар Тәткеев барлық үйдің сапасыз салынғанын растады. Жергілікті билік жерді жекеменшікке беруге қарсы емес.

"Мен осы қызметке наурыз айында тағайындалғанмын. Ол жерге бардым, үйлерді көрдім. Иә, сапасы төмен. Үйлерді құмнан жасалған кірпішпен салыпты. Ондай материал суық тартады. Қазір ол жерлерді жекеменшікке беретін болсақ, облыстық бюджет те ақша үнемдейтін еді. Өйткені жыл сайын жөндеу жұмыстарына қыруар қаржы кетеді", - деді Тәткеев.

"Нұрлы көш" шағын ауданының тарихы

2009 жылы Ақмола облысы Красный Яр ауылында "Нұрлы көш" бағдарламасымен 138 екі пәтерлі тұрғын үйлер салынған болатын. Оған республикалық бюджеттен 1,5 миллиард теңге бөлінді. Құрылысқа тапсырыс беруші – "Сарыарқа" компаниясының еншілес кәсіпорны. Ал құрылыс жұмыстарын "Көкшетау өндіріс" компаниясы атқарған.

Бұдан бөлек, облыстық бюджеттен 281 миллион теңге бөлінген. Ол ақшаға электр желілері тартылып, үйлерге жеңіл жөндеу жұмыстары жасалды. Спорт алаңы салынып, жол жөнделді.

"Тұрғын үйлер үш жақты келісімшартпен Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы қандастарымызға таратылды. Олар пәтер құнының 50 процентін депозитте жинауы тиіс еді. Одан кейін үйді 4,5 проценттік мөлшерлемемен сатып алуға мүмкіндік берілді. Алайда көптеген салымшы шарт талаптарын орындамады", - дейді Малғаждар Тәткеев.

2011 жылы "Есіл" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының балансында болған үйлерді Көкшетау әкімдігіне ауыстырып, жалға берілетін баспананың санатына қосты. Бір шаршы метрін жалға алу құны – 88 теңге. Сонда бір үйдің айлық төлемақысы 6 866 теңгені құрайды. Бірақ оны бірде-бір адам төлемеген. Себебі барлығы құрылыстың сапасына наразы.

"Қазіргі кезде "Нұрлы көш" шағын ауданында 1 057 адам тұрып жатыр. Оның 427-сі жұмыс істейді. 64 адам сәби күтімі бойынша демалысқа шыққан. Бұдан бөлек, 39 зейнеткер, 191 мектеп жасына дейінгі бала, 220 мектеп жасындағы бала, 50 студент пен 6 мүгедек бар", - дейді Тәткеев.

Отандастар қорының жанындағы қоғамдық комиссияның бүгінгі отырысына Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының өкілдері де қатысты. Олардың айтуынша, "Нұрлы көш" шағын ауданында қоғамдық тәртіп дұрыс бақыланбайды. Соның салдарынан қылмыс көбейген. 

"Балабақша саламыз деген. Ол жоқ. Өткенде жарық та болмады. Осы күзде өлім-жітім көбейді. 13 жастағы қыз баланы өлтіріп кетті. 11 жасар баланы көшеге асып кеткен. Ол жерде не бейнебақылау, не жарық жоқ. Жағдай жасалмаған", - дейді олар.

Жаңалықтар
0