Қоғам

Сотта LRT құрылысына жауаптылар миллиардтарды қалай жымқырғаны айтылды

© Sputnik / Владислав ВодневОпоры для "Астана LRT"
Опоры для Астана LRT - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Сұлтанбеков пен Ардан қылмыстық топ құрып, LRT құрылысына кететін шығындарды 24 миллиард теңгеге артық көрсеткен

НҰР-СҰЛТАН, 29 қазан – Sputnik. Елорданың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында LRT құрылысына қатысты сот отырысы басталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Қылмыстық топтың басшылары іздеуде жүр

Сот алдында жеті адам жауап беріп жатыр. Олар – жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бұрынғы бастығы Рәшид Аманжолов, Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының бұрынғы хатшысы және депутаты Жанат Нұрпейісов, "Astana Innovations" АҚ экс-басқарма төрағасы Талғат Әшім, сондай-ақ, әртүрлі кәсіпорындардың қызметкерлері Улугбек Ачилов, Тимур Қасабаев, Дулат Мусенов және Дәурен Әбдіхамитов.

Ал елорда әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков пен "Астана LRT" ЖШС бұрынғы басшысы Талғат Ардан халықаралық іздеуде жүр. Тергеу материалдарына сәйкес, Сұлтанбеков пен Ардан қылмыстық топ құрып, LRT құрылысына кететін шығындарды 24 миллиард теңгеге артық көрсеткен. Осы қылмысқа әкімдіктің басқарма басшылары, сондай-ақ, шетелдік және отандық компаниялардың өкілдері қатысқан.   

Жалған келісімшарттар жасалған

Бүгінгі процестің басында судья Қажымұқан Мекемтас барлық қатысушының құқықтары мен міндеттерін таныстырды. Ал прокурор Жангелді Есебаев айыптау актісін оқып берді. Оның айтуынша, 2012 жылы елорда әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков қылмыстық топ құрып, алдымен Талғат Ардан мен Рәшид Аманжоловпен сөз байласқан. Ал Ардан жақын досы Дәурен Әбдіхамитовты топқа қосылуға көндірген. Ал Сұлтанбеков әрқайсының міндетін анықтап берген.   

"Қылмыстық топтың барлық мүшесі бір-бірін тікелей танымаса да, әрбір сыбайласының мақсат-міндетін білген. Бәрі бір нәтиже – бюджет қаражатын аса ірі көлемде жымқыруды көздеді, соған жұмыс істеді. Мысалы, Аманжолов мемлекеттік органның басшысы ретінде кедергілерді анықтап, қылмысты жасауға жағдай жасаған. Сол үшін тиісті құжаттарды әзірлеп, қол қойып отырған. Соның ішінде ресми хаттар, артық шығындар туралы жобалық-сметалық құжаттар, техникалық-экономикалық негіздемелер, қаржы есептері және тағысын тағы. Осы құжаттардың негізінде бюджеттен ақша бөлінген", - деді Есебаев.

Ал Дәурен Әбдіхамитовқа қылмыстық жоспарды іске асыруға көмектесетін заңды тұлғаларды іздеу міндеті қойылды. Олар мердігер және қосалқы мердігер қызметін атқарған. "Астана LRT" ЖШС бұрынғы басшысы Талғат Ардан болса, техникалық-экономикалық негіздеменің шығындарын артық көрсетіп, мемлекеттік сатып алу конкурстарын өткізіп отырған. Конкурстық комиссияға өзі төрағалық еткен. Содан таныс компаниялардың көмегімен бәсекелестіктің бар екенін көрсетіп, қылмыстық топқа тәуелді заңды тұлғаларға конкурс жеңімпазы атануға жағдай жасаған. Артынан олармен келісімшарт жасалып, шын мәнінде орындалмаған жұмыстар мен қызметтердің актілері рәсімделіпті.

"Осылайша, қылмыстық топтың бақылауында болған ұйымдардың есепшоттарына бюджет қаржысы аударылған. Әбдіхамитов осы ақшаның бір бөлігін қолма-қол шығарып, жалған келісімшарттардың негізінде жымқырып отырған. Сөйтіп, одан кейінгі қаржының талан-таражға салынуына жағдай жасалды", - деп түсіндірді Есебаев.  

Қылмыстық топтың басшысы ауысты

2013 жылы Сұлтанбековтың тапсырмасымен техникалық бақылау және жобалау жұмыстарына француз және испан компаниялары тартылды. Бірақ бірлескен консорциум құру талабы қойылды. Ардан оның мүшелерін өзі таңдады. Шетелдік компаниялардың ішінен сыбайластар та табылды. Олар артық ақшаны қазақстандық компанияларға аударып отыруға көмектескен. Ал отандық кәсіпорындардың құрылтайшылары қылмыстық топ мүшелерінің өздері немесе олардың туыстары болған. Әбдіхамитов әрбір компанияның бас директоры қызметіне өз таныстарын тағайындаған. Олардың ішінде Улугбек Ачилов та бар.   

"Ачилов бұрын Әбдіхамитовтың қол астында жұмыс істеген. Ол - бухгалтерлік есептің шебері. Әбдіхамитов осыны біліп, бұрынғы әріптесін қылмыстық топқа тартқан. Ачилов консорциумның атынан орындалған жұмыстар туралы актілерге қол қойып отырған. Ал бюджет қаражатын алғаннан кейін жалған келісімшарттар арқылы қолды қылған", - дейді Есебаев.

2014 жылдың соңында Қанат Сұлтанбеков өз еркімен жұмыстан кетті. Алайда қылмыстық топтың әрекеті тоқтаған жоқ. Талғат Ардан басқаруды өз қолына алды. 2015-2016 жылдары оның басшылығымен бюджет қаражатын жымқыру жалғаса берді. Ал 2017 жылы шілде айында Арданның өкілеттілігі тоқтатылды. Сол кезде ғана қылмыстық топ тарқап кетті.

"Сұлтанбеков әкім орынбасары қызметінен кеткеннен кейін "Қазақстан инжиниринг" АҚ-ға барды. Сол жерде 2015-2016 жылдары тауарлар мен қызметтерді жеткізуші компаниялардан тұрақты түрде пара алып отырған. Заңсыз ақша әкелгендердің ішінде өзі құрған қылмыстық топтың өкілдері де болды. 2017 жылы ақпан айында Сұлтанбеков қамауға алынды", - деп атап өтті Есебаев.

Бүгінде қылмыстық топ мүшелері 5,8 миллиард теңгені жымқырғаны үшін айыпталып отыр.

Атышулы LRT

2013 жылы Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев LRT құрылысы тым қымбатқа түсетінін мәлімдеді. Бірнеше жылдан кейін қытайлық инвесторлар келді. Ал 2019 жылы шілде айында Қасым-Жомарт Тоқаев жеңіл рельсті көлік құрылысын сынға алып, осы жобаның тиімділігіне сенбейтінін айтты.

LRT-ның құрылысы 2019 жылдың соңында аяқталады деген жоспар болған. Алайда қытайлық инвесторлар қаржыландыруды тоқтатты. Артынан "Астана банкінде" тағы 200 миллион доллардың бұғатталып қалғаны туралы ақпарат тарады. Биыл наурыз айында Есеп комитеті осы жобаның өзін ақтамайтынын мәлімдеді. 

Қазан айында Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен LRT-ның міндетте түрде аяқталатынын айтты. Қазіргі кезде жергілікті билік инвесторлармен келіссөз жүргізіп жатыр.

Жаңалықтар
0