Қоғам

Қордай мен Сәтбаевта болған қайғылы оқиғалардан сабақ алу қажет – президент

© Photo : polisia.kzПолицейские в Кордае
Полицейские в Кордае - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Мемлекет басшысы ұлтаралық келісім, татулық пен қоғамдағы тұрақтылық – басты құндылық екенін атап өтті 

НҰР-СҰЛТАН, 29 қазан — Sputnik. Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісі өтті. Жиында биыл 9 айда ішкі істер органдары атқарған жұмыстың қорытындылары және президент тапсырмаларын орындау барысы қаралды.

Шараға министрлік қызметі мен полицияның аумақтық департаменттерінің басшылары және еліміздің барлық аймақтарының учаскелік инспекторлары қатысты.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, биыл Қордай ауданында және Сәтбаев қаласында болған қайғылы оқиғалардан сабақ алу қажет.  

"Бейбіт күнде халқымыздың амандығын, береке-бірлігін сақтай алмасақ, мемлекетімізге сын. Ұлтаралық келісім мен татулық, қоғамдағы тұрақтылық – біздің басты құндылықтарымыз. Халықтың көңілі алаңсыз, ұйқысы тыныш болуы керек. Полиция тәртіп сақшысы екенін сөз жүзінде емес, іс жүзінде дәлелдей білуі тиіс", – деді мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы полицейлердің күнделікті жұмысы қауіп пен қатерге толы екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, тәуелсіздік жылдарында өзінің қызметтік міндеттерді орындау кезінде 797 полицей қаза болып, 2604 қызметкер ауыр дене жарақаттарын алған.

"Мемлекеттің тұрақтылығын және қоғамның береке-бірлігін сақтау – басты міндет. Осындай сәтте көп нәрсе полиция қызметкерлерінің кәсіби деңгейіне, отаншылдық рухына, қажыр-қайратына байланысты. Мұны ішкі істер органдарының барлық қызметкерлері жете түсінеді деп ойлаймын, – деді президент. 

Қасым-Жомарт Тоқаев ішкі істер органдары мен азаматтардың өзара қарым-қатынасында қызмет көрсету моделін енгізу маңызды екенін, оған "полиция қадамдық қолжетімділікте" қағидатын негізге алу керектігін атап өтті.

Қордайдағы жаппай тәртіпсіздік

7 ақпанда Жамбыл облысының Қордай ауданында жаппай тәртіпсіздік белең алып, салдарынан 10 адам қаза болды, 185 адам түрлі дене жарақатын алды. Масанчи ауылында 11 ақпанда үйінді астынан күйіп кеткен тағы бір адамның мәйіті табылды.

120 қылмыстық іс тергеліп жатыр. 50-ден астам адам ұсталды.

Сәтбаевтағы толқу

24 шілдеге қараған түні Сәтпаев қаласында тәртіпсіздіктер басталды. Оған жоғалған 5 жасар қыздың белгісіз ер адамның пәтерінен табылуы себеп болған.

Бүлдіршінді бүкіл қаладан іздеді. Бала табылғаннан кейін күдікті тұратын үйдің маңына бір топ адам жиналды. Олар күдіктіні өздері жазаламақ болған. Ашулы топ барлық пәтердің есігін қағып, тұрғындардың зәресін ұшырған.   Халық толқуын басу үшін қалаға Ұлттық ұлан күштері тартылды.

Содан кейін жиналғандар күдіктіні беруді талап етіп, қалалық әкімдікке қарай бет алды. Қала билігі бала анасының қасында екенін мәлімдеді және тұрғындарды арандатушылыққа ермеуге шақырды. Таңға қарай қалада жағдай тұрақталды.

7 қазанда Қарағанды қаласында тергеу изоляторында Сәтбаевта бес жасар қызды зорлады деп айыпталған ер адамның денесі табылды. Алдын ала нұсқа бойынша күдікті өз-өзіне қол жұмсаған, денесінде ешқандай жарақат жоқ. Қызметтік тексеріс тағайындалды.

Жаңалықтар
0