Қоғам

Полицияда дөрекілік пен біліксіздікке жол берілмеуі керек – Тоқаев

© Photo : Официальный сайт президента РКМемлекет басшысы Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісін өткізді
Мемлекет басшысы Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісін өткізді - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Тоқаев тәртіп сақшылары халықпен ашық диалог жүргізіп, көмек керек кезінде қасынан табылу арқылы ғана олардың сеніміне ие болатынын айтты

НҰР-СҰЛТАН, 29 қазан – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев полицейлер азаматтарға үлгі болуы тиіс екенін айтты, деп хабарлайды Ақорда.

Президент ішкі істер органдары мен азаматтардың өзара қарым-қатынасында қызмет көрсету моделін енгізу маңызды екенін, оған "полиция қадамдық қолжетімділікте" қағидатын негізге алу керектігін атап өтті.

"Учаскелік инспектор – белгілі бір аумақтағы қылмысты болдырмауда, жергілікті халықтың мәселелерін шешуде, қылмыстың тікелей немесе жанама түрде алдын алуда, азаматтардың өмір сапасын арттыруда басты тұлға саналады. Халықпен ашық диалог жүргізу керек. Олардың жергілікті полициядан не күтетінін біліп, көмек керек кезінде қасынан табылуы қажет. Отандастарымыздың сеніміне басқаша ие болу мүмкін емес", – деді Тоқаев ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында.

Мемлекет басшысы құрылымдық өзгерістерді жалғастыра беруді, онсыз қолға алған реформаларды табысты жүзеге асыру мүмкін емес екенін айтты. Оның ойынша, полиция қосалқы функциялардан өкінбестен бас тартуы керек.

"Қазір полиция тікелей өз міндеттеріне жатпайтын жұмыстармен айналысатын уақыт емес. Бұл бағытта алғашқы қадам жасалды. ІІМ-нің құрамынан төтенше жағдайлар жөніндегі қызмет бөлінді. Ішкі істер органдары құрылымдарын одан әрі оңтайландыру жұмыстары Құқық қорғау және сот жүйесін реформалау жөніндегі комиссияның аясында жүзеге асырылады. Бірақ бұл полицияның қызметін әлсірету деген сөз емес", - деді президент.

Тағы оқыңыз: Тоқаев үкіметке кімдердің жалақысын өсіруді тапсырғанын айтты

Ол ІІМ және оның құрылымдық бөлімшелері тәртіпті қамтамасыз етуде мемлекеттің негізгі тірек күші болғанын және солай бола беретінін атап өтті.

Тоқаев кадр саясатына баса мән берді. Ол полиция қызметін жаңғырту жөніндегі жол картасы аясында ведомстволық оқыту мекемелері қайта ұйымдастырылып, қызметкерлерді іріктеу жұмысы жетілдірілгенін атап өтті.

"Полицияда дөрекілік пен біліксіздікке жол берілмеуі керек. Мұнда жоғары дайындықпен келген және өз ісіне шынайы берілген мамандар жұмыс істеуі қажет. Мемлекет пен қоғам оңтайлы өзгерістерді күтіп отыр. Тәртіп сақшылары азаматтарға үлгі болуы тиіс", – деді президент.

Алқа отырысында ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев сөз сөйлеп, мемлекет басшысына елдегі қылмыстық жағдай, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары, құқықбұзушылықтың алдын алу, ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимылдар, адам саудасы, есірткі және тонау қылмысы жайында баяндады.

Жаңалықтар
0