Қоғам

Он жыл құлдықта болған қазақстандық әйел көрген азабын айтып берді

© Photo : Рixabay/Beatrice SchmukiРешетка
Решетка - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Қызғалдақ Байсаханова құлдыққа түскенде 23 жаста болған. 2000 жылы біреулер жақсы жұмыс тауып береміз деп Ташкентке шақырған

НҰР-СҰЛТАН, 3 қараша – Sputnik. Алматы облысының тұрғыны Қызғалдақ Байсаханова он жылын құлдықта өткізді. Осы уақыттың ішінде сынбаған сүйегі қалмады. Ал туған жеріне қайтқаннан кейін тағы бір қиыншылыққа тап болды. 

Қызғалдақ Байсаханова құлдыққа түскенде 23 жаста болған. 2000 жылы біреулер жақсы жұмыс тауып береміз деп Ташкентке шақырған. Ол бірден келісіп, сыныптастарымен бірге көрші елге барыпты. Ташкент қаласында бір қонақүйге тоқтаған. Сол түні  полиция формасын киген адамдар келіп, төлқұжат беруді талап етті. Содан шекарадан өту тәртібін бұздыңдар деп айыптады. Артынан бәрін құлдыққа сатып жіберді. Қызғалдақ плантациядан бір-ақ шықты, деп хабарлайды жалғызбасты ананың ауыр тағдыры жайлы AstanaTV арнасы 

"Біз жылыжайда жұмыс істедік, мақта жинадық, кірпіш тасып, тас сындырдық. Жұмыс өте ауыр болды. Бір нәрсені дұрыс істемесең, соққыға жығатын. Мақта алқабының қақ ортасында жүріп, қызымды тудым. Медициналық көмек те болған жоқ", – деп еске алады Байсаханова.

10 жылдың ішінде Қызғалдақты талай рет ұрған. Содан 67 сүйегі сынған. Абырой болғанда, қызымен бірге қашып кетті. Ташкентке барып, полицияға арызданды. Бірақ қызын алып қойды да, балалар үйіне тапсырды. Артынан елшілік қызметкерлері көмекке келді. Сөйтіп, жарты жылдың ішінде қызымен бірге Қазақстанға қайтарды.

Ал Қаскелеңге келгенде Қызғалдақ қайғылы хабар естіді. Бірнеше жыл бұрын туған әпкесі де, әкесі де қайтыс болған. Ал бұрынғы үйде басқа адамдар тұрып жатыр. Қазір Қызғалдақ бір ғана нәрсені армандайды. Ол – өз үйіне кіру. 

"Мемлекет мені естісе екен деймін, тұратын жер берсе ғой. Өз үйімді қайтара алмай отырмын. Басқа бірдеңе берсе, жақсы болар еді. Бөтен біреуге жұмыс істегім келмейді. Онсыз да өмір бойы қара жұмыс істедім. 11 жыл бойы баспана кезегінде тұрмын. Бірақ өзгеріс жоқ", – дейді Байсаханова.

Қазіргі кезде Қызғалдақ шағын үй-жайды жалдап тұрады. Жанашыр адамдар мен еріктілер оған азық-түлік, отын мен көмір әкеліп отырады. Ал қоғамдық ұйымдардың өкілдері ақша жинап, жаңа үй салуға болады дейді. 

"Әділ" қайырымдылық қорының негізін қалаушы Оксана Маралованың айтуынша, алдымен бұрынғы үйді қайтарып алуға тырысу қажет. Болмаса, жаңа үй салуға тура келеді. Алдын ала есепке сәйкес, жер учаскесі мен үйдің құрылысына, шамамен, 7 миллион теңгедей кетеді.

Жаңалықтар
0