Қоғам

"Өте ауыр болды": министрлік Біртановтың ұсталуына қатысты пікір білдірді

© Sputnik / Владислав ВодневМинистр здравоохранения Елжан Биртанов
Министр здравоохранения Елжан Биртанов - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Елжан Біртанов денсаулық сақтау министрлігін үш жарым жыл, 2017 жылдың 25 қаңтарынан 2020 жылдың 25 маусымына дейін басқарды

НҰР-СҰЛТАН, 4 қараша – Sputnik. Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният осы ведомстовның бұрынғы басшысы Елжан Біртановтың ұсталуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Әрине, министрлік үшін бұл ауыр ақпарат болды. Қазіргі кезде құзіретті органдар осы іспен айналысып жатыр. Олар бәрін анықтайды деген ойдамын", – деді Ғиният орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

Вице-министрдің айтуынша, тергеу шаралары басталғаннан кейін министрліктің жұмысы көбейді. Себебі тергеушілер құжаттарды тексеріп қана қоймай, жауап алуға да шықырып тұрады.

"Жалпы, денсаулық сақтау министрлігінің қызметкерлеріне қосымша жүктеме түсіп отыр. Тергеу органдары құжаттармен жұмыс істеп, біздің қызметкерлерімізді жауап алуға да шақырып тұрады", – деп атап көрсетті Ғиният.

Біртанов ісі

Бұған дейін әлеуметтік желіде бұрынғы денсаулық сақтау министрінің ұсталғаны туралы хабарлама тараған болатын. Сол кезде қаржы мониторингі комитеті тергеуге қатысты ақпарат 201-бапқа сәйкес жарияланбайтынын және тиісті мәліметті кейін беретінін хабарлаған.

Ал желідегі ақпарат бойынша экс-министр 526 миллион теңге бюджет қаржысын жымқырды деген күдікке ілінді. Ақша денсаулық сақтау жүйесінің байланысын қамтамасыз ету және ақпарат платформаларын сатып алуға бөлінген. Қылмыстық кодекстің 189-бабына сәйкес ("Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу") тергеу жүргізіліп жатқаны айтылған.

3 қараша күні қаржылық мониторинг жөніндегі комитет тергеу уақытында Елжан Біртанов қамауға алынатынын мәлімдеді. Экс-министр бюджет қаражатын аса ірі көлемде ысырап ету фактісі бойынша айыпталып отыр.

Біртановтың орынбасары не үшін ұсталды

2 тамызда экономикалық тергеу қызметі денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішевтің ұсталғанын растаған болатын. Шенеунік ақпараттық жүйелерді жасауға бөлінген 500 миллион теңгеден астам қаржыны ысырап еткені үшін айыпталып отыр.

Тергеу материалдарына сәйкес, бұрынғы вице-министр ақпараттық жүйелерді құру шаралары аяқталмаса да, атқарылған жұмыстар туралы актіге қол қойған. Сол кезде ақша толығымен төленді. Бірақ пайдалануға берілген ақпараттық жүйе жұмыс істеп тұрған жоқ. Осылайша, бюджетке ірі көлемде шығын келді. Қаржы мониторингі комитетінің төрағасы Жанат Еламановтың айтуынша, бұл қылмыс пандемияға дейін, яғни 2018 жылдың аяғында жасалған.

Олжас Әбішевтің өзі денсаулық сақтау вице-министрі қызметіне 2018 жылы тағайындалған болатын. Ол цифрландыру және ақпараттық қауіпсіздік мәселелері саласына жетекшілік етті.

Елжан Біртанов денсаулық сақтау министрлігін үш жарым жыл, 2017 жылдың 25 қаңтарынан 2020 жылдың 25 маусымына дейін басқарды.

Оқи отырыңыз: COVID-19: Біртанов науқастардың күрт көбею себебін түсіндірді

14 маусымда Елжан Біртановтың коронавирус жұқтырғаны хабарланды. Диагнозы расталғаннан кейін, ол бірден астанадағы жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды.

25 маусым күні президент жарлығымен Біртанов министр қызметінен босатылды. Оның орнына Алексей Цой тағайындалды.

Жаңалықтар
0