Ұялы телефон, архивтегі фото

"Төбеңнен қойып қалады": әртістер жалған ақпарат тарағанда қандай күйде болатынын айтты

1356
Әлеуметтік желі мен БАҚ беттерінде әншілерге қатысты жалған ақпарат ара-тұра жарияланып жатады. Sputnik Қазақстан тілшісі әртістерге хабарласып, бұл жөнінде не ойлайтынын білді

АЛМАТЫ, 4 қараша – Sputnik. Халық әртісі Роза Рымбаева жалған ақпарат таратқандарды қамап, жазалау керек деп санайды. Ал әнші Қарақат Әбілдина өзіне қатысты оқиғаны мысал ретінде келтіріп, заңды қатаңдатуға қатысты ойын білдірді.

Өлтіріп те қояды...

Жақында Роза Рымбаеваның атынан белгісіз біреулер парақша ашып, ұтыс ұйымдастырған еді. Халық әртісі олардың үстінен арыз жазған.

"Жалған ақпарат таратушылар тағы да сандырақтап, ойына келгенін айтпауы үшін оларды тұтқындап, жазалау керек. Жақында мен де құзырлы органдарға арыз жаздым. Менің атымнан ақша жинап жатқандарды сотқа бердім. Содан кейін қорыққан болар, бұл әрекетін қойды. Олар елден 10 мың теңгеден жинап, пәтер, зат ұтып аласыздар деген болатын", - дейді Роза Рымбаева.

Айтуынша, мұндай мәселенің барлығын заң шеңберінде шешу қажет.

"Көп жаңалықты естімей қаламын, сол себепті көңіл аудармаймын. Мен туралы ондай өсек көп шықпайды. Бірақ айтқан кезде төбеңнен қойып қалады. Біресе өлтіріп қояды, біресе тірілтеді", - дейді халық әртісі.

Айта кетейік, 2016 жылы Роза Рымбаеваның көлік апатынан қайтыс болғаны туралы хабар тарады. Халық әртісі мұндайды есту ауыр екенін айтты.

"Әрине, естіген кезде жаман болып қалдым. Ұлым хабарласып, "Мама, қайдасың? Амансың ба?" деді. Ойымда ештеңе жоқ: "Сенімен сөйлесіп тұрмын ғой" дедім. Балаларым да шошып кетеді", - деп түйіндеді Рымбаева.

Хабарласып, кешірім сұраған

2018 жылы Ескендір Хасанғалиевтің қайтыс болғаны туралы ақпарат пайда болды. Араға біраз уақыт салып Хасанғалиев өзінің аман-сау екенін, жалған ақпаратты жариялағандарды сотқа беруге дайын екенін жеткізді. Ал әншінің ұлы Біржан Хасанғалиев қазақылыққа салынып, ол адамдарға кешірім бергендерін хабарлады.

"Жалған, жүрекке тиетін ақпаратты таратушылардың соны естігенде адамның қандай күйде болатынын ойламайтынына таңғаламын. 2018 жылы әкем туралы масқара ақпарат тарады. Ол кезде үйде емес едім. Осындай ақпаратты алған кезде қандай күйге түсетінімді бағамдамай, тексермей жариялағаны ақылға сыймайды", - дейді Біржан Хасанғалиев.

Оның пікірінше, бұл кәсіби және адами этикаға жат нәрсе. Сол уақытта жалған ақпарат таратқандар хабарласып, отбасыдан кешірім сұраған.

"Бас редакторлар хабарласып, кешірім сұрады. Желіден алып, тексермей салып жібергенін айтты. Қазақ – мейірімді халық, кешіре салдық. Бір жағынан өлімге байланысты жалған ақпарат шықса, ол адам ұзақ өмір сүреді, 100-ге жетеді деген сеніммен кешірдік", - дейді ол.

Әртіс ресми ақпарат тарататын сайттарды мұндай қателігі үшін жабу қажет, ал жеке адам болса, жауапқа тарту керек деген ұсыныс айтты.

Халықты жамандыққа итермелеп жатыр

Ал әнші Қарақат Әбілдина басынан мұндай жағдайдың бірнеше рет  өткенін, ол жүйкесіне әсер еткенін жасырмады.

"Бұл – біздің заңның әлсіздігі. Бетімен кеткендік деп айтуға болады. Адамның құқығын қорлау. Сыртымнан ғайбат айтып жатқан кезде нашар сезімде боламын. Ол айналаңа, жүйкеңе әсер етеді. Осыған байланысты заңды күшейту керек, талапты жоғарылату керек. Себебі бұл – үлкен мәселе, тәртіпсіздік", - деп ашынды Әбілдина.

Қара пиар, хайп дегенді сылтауратып, шектен шықты, дейді әнші.

Мысал ретінде Қарақат Әбілдина бірнеше жыл бұрын тараған екі жалған ақпаратты келтірді.

"Қарақат мешітте жын-ойнақ жасады" деді, екіншісінде қолөнер шебері Ырза Тұрсынзада мені үйін тартып алды деп келтірді. Осы екі мәселе өте үлкен ғайбат, жала жабу болды. Адамның жүйкесін жейтін жағдай еді. Қазір ойлағым келмейді. Әрине, уақыт өтіп кетті. Бәрі ұмытылды. Бірақ сол ақпарат тараған кезде халық ақ пен қараны ажыратып алмай, ештеңенің байыбына бармай, пікір жазды. Бұл – үлкен күнә", - дейді ол.

Сонымен қатар әнші сондай жағдайда айыбы бар болса, халықтың алдына шығып ақталатынын айтты.

"Біз мұндайды қоюымыз керек. Бір адам жалған ақпарат таратып, қаншама адам артынан ілесіп кетіп жатыр. Сөз қақысы, көз қақысы, ғайбат айту – бәріне жауап береміз. Жазылатын ақпаратты тексеріп алса дейміз. Осы сарындағы әңгіме біздің жасымызға да сай келмейді", - деп атап өтті Әбілдина.

Айтуынша, ар, намыс, ұят мәселесінде мұндай қателікті кешіруге болмайды. Алайда әнші жала жапқандарды сотқа беруге ұзақ уақыт кететіндіктен, ондай қадамға бармаған.

"Әлеуметтік желі дамыған сайын бұл үдеп бара жатыр. Бұл жерде жеке басыма жамандық келді деп уайымдамаймын, біз халықты жамандыққа итермелеп жатырмыз. Ұлт ретінде бір-бірімізге жаман  тәрбие беріп, улап жатырмыз", - дейді ол.

Айта кетейік, жақында Қазақстанның халық әртісі Нұрғали Нүсіпжановтың 83 жасында ұлды болғаны туралы ақпарат тарады. Кейіннен ақпаратты жариялаған телеарна басшылығы халық әртісінен жалған хабар таратқаны үшін кешірім сұрады.

Сонымен қатар әнші Қайрат Түнтековтің қызды болғаны да өтірік болып шықты. Бұл ақпаратты әншінің өзі жоққа шығарды.

1356
Кілт сөздер:
Қарақат, Роза Рымбаева, жалған ақпарат, қазақ әншілері
Тақырып бойынша
Сәкен Майғазиев: Көкемнің жақындарының жүрегін ауыртқаннан мүйіз шыға ма?
Гауһар Әлімбековаға ақша жинаған Ақбота Керімбекованың басы дауға қалды
Күнәсін Құдай кешірсін: Төреғали өзінің тірі екенін дәлелдеуге мәжбүр болды
"7500 теңге таратамыз": Роза Рымбаеваның ұлы желіде тараған ақпарат туралы жазды  
"Шатастырып алған": Қайрат Түнтеков қызды болғаны жайлы ақпаратты жоққа шығарды
Ақорда

Тоқаев ұлттық қауіпсіздік стратегиясын бекітті

48
Стратегия – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша енгізілетін мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесінің негізгі құжаттарының бірі

НҰР-СҰЛТАН, 21 маусым - Sputnik. Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық қауіпсіздік стратегиясын бекіту туралы" жарлыққа қол қойды, деп хабарлады Ақорда

Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы бұдан бұрын Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен қауіпсіздік кеңесінің отырысында қаралып, мақұлданған және елдің ұлттық мүдделерін қорғауға қатысты тұжырымдамалық жағынан жаңартылған тәсілдерді қамтиды.

Стратегия – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша енгізілетін мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесінің негізгі құжаттарының бірі. Осыған орай құжатта таяудағы бес жылда болуы мүмкін деп болжанып отырған негізгі сын-қатерлерге қарсы іс-қимылға баса мән берілген.

"Атап айтқанда, біріншіден, коронавирус пандемиясының жалғасуы және биологиялық қауіпсіздіктің басқа да қатерлері. Екіншіден, экономиканы, еңбек қатынастарын, әлеуметтік саланы, ақпараттық кеңістік пен коммуникацияны түбегейлі өзгертетін технологиялық өзгерістер. Үшіншіден, қаржы-экономика саласына әсер еткен сыртқы нарықтардағы дағдарыс жағдайы. Төртіншіден, жаһандық және өңірлік аренада дағдарыстың одан әрі ушығуы кері әсер етеді", - делінген хабарламада.

Осыған байланысты әлемнің көптеген дамыған елдері қазіргі халықаралық және ішкі жағдайларды ескере отырып, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз  ету жөніндегі өздерінің саясатын қайта қарайды.

Сонымен қатар Қазақстан стратегиясында ұлттық қауіпсіздікті нығайтудың негізгі басымдықтары айқындалды.

Азаматтардың, қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігі бірінші орынға қойылған. Стратегияда адами капитал саласындағы  қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, ең алдымен, ұлттың зияткерлік әлеуетін сақтауға және ұлғайтуға назар аударылады. Биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі кешенді жұмыстармен бірге қоғамдық денсаулық сақтау ісін дамыту мәселесі де ұлттық қауіпсіздіктің базалық факторларының қатарына енгізілді.

Аталған бағыт құқық қорғау органдары мен сот жүйесі жұмыстарының тиімділігін арттыруды, халықты құқық бұзушылықтардың барлық түрінен қорғауды қамтиды.

Экономикалық қауіпсіздіктің міндеттері айтарлықтай түзетілді. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұрақты өсудің жаңа моделіне көшуге, экономиканың технологиялық күрделілігін арттыруға, өнімділігі жоғары жұмыс орындарын ашуға және халықтың табысын арттыру үшін жағдай жасауға байланысты.

Атап айтқанда, басты бағыттар азық-түлік қауіпсіздігі, қаржы жүйесінің тұрақтылығы, көлік-транзит саласындағы қатерлерді азайту болып табылады.

Бұдан бөлек басымдықтардың қатарында экологиялық қауіпсіздік, соның ішінде, экожүйелерді қорғау ғана емес, табиғи ресурстарды басқару да бар. Мұнда елдің су қауіпсіздігі ерекше орын алады.

Табиғи және техногендік апаттардың алдын алу және олардың зардаптарын барынша азайту жөніндегі жұмысты жүйелі түрде күшейту талап етіледі.

Ақпараттық қауіпсіздік саласында кибер қауіптерге қарсы іс-қимыл, қазақстандықтардың жеке деректерін қорғау, ақпараттық инфрақұрылым, стратегиялық нысандар және ұлттық ақпараттық кеңістіктің қорғалу деңгейін арттыру маңызды рөл атқарады.

Оқи отырыңыз: Тоқаев конституциялық кеңес мақұлдаған заңға қол қойды

Қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету, ұлттық мүдделерді халықаралық аренада ілгерілету мәселелері ұлттық қауіпсіздіктің дәстүрлі бағыттарының қатарына жатады. Сонымен бірге олардың мазмұны жаңа аймақтық және жаһандық сын-қатерлерге, соның ішінде, гибридті және асимметриялы сын-қатерлерге байланысты елеулі өзгерістерге ұшырады.

Әрбір басым бағыт бойынша алдын алу тетіктері және қатерлердің алдын алу жөніндегі нақты шаралар әзірленді. Олар ұлттық қауіпсіздік тәуекелдерін басқару жөніндегі іс-қимыл жоспары арқылы іске асырылады, сондай-ақ, ұлттық жобаларға және мемлекеттік жоспарлау жүйесінің басқа да құжаттарына енеді.

Сонымен қатар стратегия азаматтардың, қоршаған ортаның қорғалуына, әлеуметтік-экономикалық сала мен халықтың әл-ауқатына төнетін қатерлерді төмендетуге қатысты нақты нысаналы көрсеткіштерді айқындай отырып, толық қолданбалы мәнге ие болады.

Стратегиялық тәуекелдерді басқарудың озық әдістері негізінде индикаторлардың бірыңғай жүйесі қалыптастырылады. Бұл стратегияны іске асыру жөніндегі шараларға жедел мониторинг жүргізуге, олардың азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздік жағдайына әсерін бағалауға мүмкіндік береді.

48
Қылмыскер, көрнекі фото

Топпен зорлаған: Шымкентте 7 жыл бойы жасырынып келген күдікті ұсталды видео

298
(Жаңартылды 18:45 21.06.2021)
Бұған дейін полиция оның үш серіктесін тұтқындап, қылмыстық жауапкершілікке тартқан

АЛМАТЫ, 21 маусым – Sputnik. Жеті жыл бұрын топпен бірге зорлық жасап, сот төрелігінен жасырынып жүрген күдікті Шымкентте ұсталды, деп хабарлады ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі.

Бұған дейін полиция оның үш серіктесін тұтқындап, қылмыстық жауапкершілікке тартқан. Олар 2014 жылдың наурызында Шымкент қаласының Игілік ауылында Москвич 412 автокөлігінің салонында 23 жастағы қызды зорлаған.

Полиция күдіктінің тұрған жерін анықтап, оны ұстау үшін көршілері мен туыстарынан, жақын достары мен таныстарынан, бұрынғы серіктестерінен жауап алды.

Оқи отырыңыз: Павлодарда күдікті өзін полицей зорлағанын мәлімдеді - департамент түсініктеме берді

Оған мемлекетаралық, содан кейін халықаралық іздеу жарияланды. Ол бой тасалауы мүмкін Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Ресей Федерациясының ішкі істер министрліктеріне бағдарлар жолданған.

"Қылмыс жасалғанға дейін күдікті Ресей аумағына бірнеше рет барған. Соған байланысты қазақстандық детективтер көрші елге іссапарға барды. 7 жыл іздеуден кейін жедел полиция қызметкерлері қашқынның орналасқан жерін анықтап, оны Шымкент қаласында "Эврика" сауда орталығының жанында тұтқындады", - деп хабарлады министрлік.

Күдікті бой тасалап жүргенде туыстары және достарымен араласуын тоқтатқан. Әртүрлі қалаларда жалдамалы пәтерлерде тұрып, пәтер мен үйлерді жөндеумен айналысқан.

Әшкере болып қалмас үшін үнемі баскиім, қара көзілдірік тағып, мұрт пен сақал өсірген.

Адамдар көп жиналатын жерлерге, қоғамдық орындарға бармаған. Қазір күдікті Шымкент қаласы полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды.

298
Кілт сөздер:
Шымкент, зорлау
Жаңбыр

Ауа райына байланысты бірнеше өңірде дабылды ескерту жарияланды