Қоғам

"Күмәнмен қараймын": Тасмағамбетов латын графикасына қатысты өз ойын айтты

© REUTERS / Shamil Zhumatov/IllustrationКазахский алфавит на латинице
Казахский алфавит на латинице - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Бірнеше күн бұрын мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова президентке ғылыми тұрғыдан зерделенген әліпби жобасын таныстырған болатын

НҰР-СҰЛТАН, 10 қараша – Sputnik. Саясаткер, мемлекет қайраткері Иманғали Тасмағамбетов "Қазақ әдебиеті" газетіне берген сұқбатында латын жазуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Кейбір ғалымдар түркілік жазба әдебиетінің түп тамырын, осы ата-бабаларымыздың тасқа қашалған көне түркі жазуларынан бері қарай таратып жүр. Ендеше, жазба мәдениетіміздің тарихы – кирилица мен латын жазуының пайда болған кезеңінен де ертерек дәуірлерден, яғни, олардан 5-6 ғасыр бұрынырақ басталады десек, қателеспейміз ғой?", – деп сұрақ қойған журналист. 

Иманғали Тасмағамбетовтың айтуынша, бұл – бүгінгі жаңалық емес. Осыдан 80 жыл бұрын әлем мойындаған тарихшы-түрколог Лев Николаевич Гумилевтің дәлелдеп кеткен айшықты ақиқаты.

"Иә, ұлттық жазба әдебиетіміз ұлы Абайдың атымен, ұлттық мемлекеттігіміздің негізі Қазақ хандығының құрылуымен тікелей байланысты… Оған дау жоқ. Бірақ, оның алдындағы 3000 жылғы тарихты қайда қоямыз?! Біз неге атты қолға үйретіп, дөңгелекті ойлап тапқан көне дәуірдің көшпенді жұртынан бас тартуымыз керек?! Неге сонау Еділ патшадан басталған өркениеттер көші мен кешегі Шыңғысханның әлемді билеген күшіне таласпауымыз керек?! ", – дейді Тасмағамбетов.

Осы орайда қоғам қайраткері бұның барлығы төрткүл дүниеге тараған түркіге ортақ қазына екенін ерекше атап өтті. Ал түркі жұртының түп атасы –  сіз бен біздің бабамыз.

"Ана тілімізді алайық… Ол кешегі Күлтегіннің тасына VIII ғасырда басылған руникалық жазбадан басталған жоқ қой. Қаншама мың жылдар бойы қалыптасып, қанымызға сіңді. Сондықтан да, бұл мәселеде жүйелілік керек. Тарихшы-ғалымдарымыз ғана емес, тұтас қоғамның ортақ көзқарасын қалыптастыру шарт", – деп атап көрсетті Тасмағамбетов.

Ол өз сөзінде әліпбиді ауыстыра бергенге күмәнмен қарайтынын да жеткізді.

"Ал енді, латын жазуы деп жатырсыз… Өз басым әліпбиді ауыстыра бергенге күмәнмен қараймын. Қазір әріп таңдайтын емес, ілім-білім қуатын заман. Әріп ауыстырамыз деп жүргенде осыған дейін жиған-терген барымыздан айырылып қалуымыз мүмкін. "Абай жолы" мен "Қан мен терді", "Аласапыран" мен "Дарабозды" оқи алмайтын күйге түспесек деймін", – деді Тасмағамбетов.

Осы орайда қоғам қайраткері ойын тағы да нақтылай түскен.

"Тағы да қайталап айтайын, әріпте тұрған ештеңе жоқ. Ой-өріс керек, білім қымбат. Өркениеттің көшінен қалмауымыз керек", – деп атап көрсетті Тасмағамбетов.

Айта кетейік, күні кеше Ақордада өткен жиында латын графикасына көшу мәселесі қаралды. Сол жерде мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова президентке ғылыми тұрғыдан зерделенген әліпби жобасын таныстырды.  Жетілдірілген әліпби халқымыздың жазу дәстүрінде орныққан "бір дыбыс – бір әріп" принципіне толық сәйкес келеді, диграфтар, яғни бір дыбысты екі немесе одан көп таңбамен белгілеу принципі қолданылмайды. Бұл әліпби жобасында қазақ тілінің 28 дыбысы толық қамтылған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа графиканы енгізу бір күнде, тіпті, бір жылда іске аса қоятын жұмыс емес екенін ерекше атап өтті. Себебі  асығыстық бүкіл мәдениетімізге және тарихи болмысымызға зиян келтіруі мүмкін.

Жаңалықтар
0