Қоғам

Билік қай тілде сөйлесе, халық та сол тілде сөйлейді – Тасмағамбетов

© Sputnik / Абзал КалиевШкольные учебники, иллюстративное фото
Школьные учебники, иллюстративное фото - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Иманғали Тасмағамбетов әкімдерге тілге қатысты қандай талап қойғанын еске алды. Ол кезде мемлекеттік комиссияның төрағасы болған

НҰР-СҰЛТАН, 10 қараша – Sputnik. Билік қай тілде сөйлесе, халық та сол тілде сөйлейді, деді мемлекет қайраткері Иманғали Тасмағамбетов осылай айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Қазақ тілі өзінің ауызша және жазбаша бірізділігі бар әлемдегі жоғары дамыған 600 тілдің, мемлекеттік тіл мәртебесіне ие 200 тілдің қатарында екен. Кез-келген тілдің әлеуеті оның сөздік қоры байлығымен өлшенеді. Қазақ тілі түркі тілдерінің ішінде өте бай тіл. Бұл қазақ тілі – ғылым мен технологияның тілі емес дейтіндерге жауап", - дейді Тасмағамбетов "Қазақ әдебиеті" газетіне берген сұқбатында.

Дегенмен, адамзат тарихында талай халықтың тілі жойылып кеткені белгілі. Оның басты себебі – қолданыстан шығуы. 

"Өкінішті-ақ, бірақ тіл мәселесі біз үшін өзінің өзектілігін әлі жойған жоқ. Тәуелсіздігіне 30 жыл болған ел үшін бұл өте ұят", - дейді саясаткер. 

Осы орайда ол 2001 жылы Тәуелсіздіктің 10 жылдығы кезінде әкімдерге тілге қатысты қандай талап қойғанын еске алды. 

"Мемлекеттік комиссияның төрағасы болдым. Сол кезде 5 облысты таңдап тұрып, хат жаздым. Барлығына бір ғана – "іс-қағазды толығымен қазақ тіліне көшіріңдер" деген талап қойдым. Одан бері 20 жыл уақыт өтті. Білуімше, Қызылорда мен қазіргі Түркістан облысынан басқасында нәтиже жоқ", - деп атап көрсетті Тасмағамбетов. 

Оның айтуынша, мәселе іс-қағазда ғана емес. Жанашырлық, ең бірінші, биліктен бастау алу керек. Себебі билік қай тілде сөйлесе, халық та сол тілде сөйлейді. Ал қоғамдық сананы жаңғырту жолында мемлекеттік қолдау да, биліктің жол көрсетер қолы керек. Өйткені адамды қалыптастыратын қоғам болса, қоғамды тәрбиелейтін – билік.

"Жасырын емес, халықтың мұрасы, ұлттың тілі деген ұғымдарға шекеден қарайтын, салт-дәстүрді ескінің қалдығына балайтындар билікте аз емес. Сондықтан санадағы өзгерістер соларды райынан қайтарудан басталса, ең басты жетістік осы болар еді", - деді Тасмағамбетов.

Жаңалықтар
0