Қоғам

"Ақ жол" депутаттары мәжілісте таныстырылған заң жобасына дауыс беруден бас тартты

© Sputnik / Владислав ВодневПленарное заседание мажилиса
Пленарное заседание мажилиса - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Ақжолдықтар сауда министрлігі заң жобасында ведомстволық процедураларды қайталап жазып шықты деп санайды

НҰР-СҰЛТАН, 11 қараша – Sputnik. Мәжілістегі "Ақ жол" фракциясының депутаттары сауда және интеграция министрлігі "Техникалық реттеу туралы" заң жобасын әзірлеуге немқұрайлы қарады деп санайды. Осыған байланысты мәжілісмендер құжатқа дауыс беруден бас тартты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Партия төрағасы Азат Перуашевтің айтуынша, өнім қауіпсіздігіне талаптарды мемлекет белгілейді және оның орындалуына тиімді бақылауды қамтамасыз етуі қажет.

"Жуырда үкімет талаптарға сәйкес келмейтін өнімдердің 70%-і нарықта айналымда жүргенін, бірақ жаңадан әзірленген заң жобасы олардың үлесін бес жыл ішінде 30%-ке дейін төмендетуге септігін тигізетінін мәлімдеді. "Ақ жол" фракциясы бұл мәселені 8 жыл бойы көтеріп келеді", – деді депутат.

Айтуынша, 2014 жылы депутаттар үкіметке осы мәселеге қатысты нақты ұсыныстар жіберген. Сол кезде үкімет проблеманың өзектілігімен келісіп, заң жобасын әзірлеуге уәде етті. 2017 жылы партия "Атамекен" кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, үкіметке заң жобасының тұжырымдамасын жолдады. Алайда сауда және интеграция министрлігі депутаттардың ұсыныстарын назарға алмаған.

Ақжолдықтар сауда министрлігі заң жобасына немқұрайлы қарап, ведомстволық процедураларды қайталап жазып шықты деп санайды. Ал осы саладағы жүйелі проблемалар сол күйі қозғалмаған.

"Министрлік тұтас бір парламенттік фракцияның пікірімен санаспай отыр. Біз жұмыс тобы мен комитет үлкен шаруа атқарғанын түсініп отырмыз. Бірақ осы айтылғанды ескеріп, бұл заң жобасын қолдай алмаймыз. Сол себепті "Ақ жол" дауыс беру кезінде қалыс қалады", – деді Перуашев.

Заң жобасындағы жаңашылдықтар

Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, заң жобасы, ең алдымен, ішкі нарықты "тазартуды" көздейді.

"Бұл мәселедегі заңнамалық жаңалық – субъектілердің бақылауынан объектілердің бақылауына көшу. Яғни, өндіруші немесе сатушы емес, өнімнің өзі тексерілетін болады. Ол үшін зертханаларда сынақ жүргізу үшін адам өміріне қауіпті өнім үлгілерін сатып алу рәсімдері енгізіледі", – деді министр.

Сынақ нәтижесінде қауіпті екені дәлелденген өнім нарық айналымынан жедел түрде шығарылады.

Сұлтановтың айтуынша, бұл жаппай бақылауды білдірмейді. Объектілер ақпараттық базада онлайн режимде қадағаланады. Ал тексеріс тек "анықтау – сынау – нарықтан алу" схемасы бойынша жүзеге асады.

Екіншісі – сәйкестікті бағалау рәсімдерін жетілдіру, сертификаттау және аккредиттеу процестерін цифрландыру.

Ол үшін:

  • электрондық сертификаттарға көшу, кейіннен Еуразиялық экономикалық комиссияның ортақ процестерімен интеграциялау қарастырылған;
  • сәйкестікті бағалауға өндіруші, өндірушінің уәкілетті тұлғасы, импорттаушы, сатушы деген өтініш беруішілердің нақты тізімі бекітіледі;
  • сертификат "иесінің" және "пайдаланушысының" құқығы туралы мағынасы енгізіледі;
  • сынақ процесінің фото-бейне тіркеу механизмі көзделеді;
  • сынақ базасының болуына қойылатын талаптар белгіленеді.

Осылайша сертификаттау кезінде сынақ нәтижелерінің дұрыстығын 100%-ке дейін жеткізу күтілуде және сертификатталмаған өнімді толық бақылауға алуға мүмкіндік береді.

Үшінші – экономикалық салаларда техникалық реттеуді күшейту.

Еуразиялық экономикалық одақ аясында келіссөздер позициясын сапалы қалыптастыру мақсатында салалық мемлекеттік органдар жанынан Сараптамалық кеңестер қызметін қайта құру көзделуде.

Қазақстандық техникалық регламенттерді әзірлеудің тәртібі қайта қаралады.

Оқи отырыңыз: "Халыққа жеңілдік беруді сұраймыз": депутаттар үкімет басшысына сауал жолдады

Бизнес үшін ерікті сертификаттау жүйесін құрудың құқықтық тетігі белгіленеді.

Жаңа заң жобасы:

  • мемлекет үшін – бақылау-қадағалау қызметінің айқындығын арттыруға, қауіпті өнімді нарыққа жібермеуге, сыбайлас жемқорлық қаупін төмендетуге;
  • бизнес үшін – адал кәсіпкерлікке жағдай жасауға;
  • тұтынушы үшін – неғұрлым сапалы өнімді таңдауға мүмкіндік береді.

Мәжілісмендер заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Жаңалықтар
0