Қоғам

Зейнетақы жинағын алу: 10%-тік салыққа қатысты өзгеріс енгізілді

© Sputnik / Абзал КалиевПортмоне деньги, тенге купюры
Портмоне деньги, тенге купюры - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Министрліктің мәліметінше, 721 мың азамат келесі жылдан бастап зейнетақы жинағының бір бөлігін жұмсау мүмкіндігіне ие болады

НҰР-СҰЛТАН, 12 қараша – Sputnik. Қазақстандықтарға зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алған кезде, 10% табыс салығын зейнетке шыққаннан кейін бөліп төлеуге рұқсат етіледі. Сенат Салық кодексіне тиісті түзетулерді қабылдап, құжатты мәжіліске қайтарды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Қолданыстағы заңға сәйкес, зейнетақы жинағының бір бөлігін шешіп алған азамат 10% жеке табыс салығын төлеуі тиіс. Сенат депутаттары бұл қазақстандықтарға салмақ салады деп санайды.

"Соңғы уақытта қоғамда зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алу және оған салық салу мәселесі қызу талқыланып жүр. Мәселені оңтайлы шешу үшін сенат депутаттары жеке табыс салығын төлеу мерзімін кейінге шегеруді ұсынады. Яғни, салықты зейнетке шыққан соң, 16 жыл ішінде бөліп төлеуге болады", – деді сенатор Ольга Булавкина.

Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов үкімет сенаттың бұл бастамасын толығымен қолдағанын атап өтті.

"Депутаттар зейнетақыны алған кезде салықты бірден ұстап қалмауды ұсынды. Яғни, қазақстандықтар зейнетақы жинағының бір бөлігін алған уақытта жеке табыс салығын төлемейді. Оны төлеу кейінге, болашаққа қалдырылды", – деді Дәленов.

Сенат депутаттары Салық кодексіне енгізілген тиісті түзетулерді қабылдап, мәжіліске жіберді. Мәжіліс мақұлдаған жағдайда, құжат президентке жолданады.

Зейнетақы жинағын кім ала алады?

Қазақстан президенті 1 қыркүйекте халыққа жолдауы кезінде зейнетақы жинағын тұрғын үй сатып алу, емделу, қаржы компанияларына басқаруға беру үшін пайдалануға берілетінін хабарлады.

Соған сәйкес, 2021 жылдан бастап зейнетақы жинағының бір бөлігін алуға болады. Алайда қаражат адамның жеке шотына аударылмайды және қолма-қол берілмейді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, келесі жылдан бастап зейнетақы жинағының бір бөлігін жұмсау мүмкіндігіне 721 мың азамат ие болады. Олар:

  • зейнетақы жинағы бар, қордағы ақшасы "жеткіліктілік шегінен" асатын еңбекке жарамды жастағы азаматтар – 529,7 мың адам;
  • Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында жинағы бар зейнеткерлер – 178,4 мың адам;
  • зейнетақы аннуитетін рәсімдеген және шотында жинағы қалған қазақстандықтар – 13,3 мың адам.

Сонымен қатар әртүрлі жастағы азаматтар зейнетақы жинағынан ақша алуы үшін жасына қарай шотта болуы керек соманың жеткіліктілік шегі бар.

Оқи отырыңыз: "Зейнетақы төлемін мәжбүрлі түрде алып қояды": депутат неден қауіптенетінін айтты

Мысалы, 20 жастағы азаматтың шотында ең кемі 1 миллион 720 мың теңге болуы керек. Ал 30 жастағы азамат үшін жеткіліктілік шегі – 2 миллион 518 мың теңге.

Жаңалықтар
0