Қоғам

Терминдердің ішінде көңілге қонбайтын аудармалар аз емес –  депутат

© Sputnik / Абзал КалиевСловари
Словари - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Мәжілісменнің айтуынша, орыс тіліндегі "гостиница" терминінің қазақ тілінде үш түрлі атауы бар: "мейманхана", "қонақүй", "қонақ үйі"

НҰР-СҰЛТАН, 9 желтоқсан – Sputnik. Мәжіліс депутаты, Nur Otan партиясы фракциясының мүшесі Кәрібай Мұсырман республикалық терминология комиссиясының мәртебесін қайта қарап, ол бекіткен терминдердің барлық жерде бұрмаланбай, бірізді қолданылуын заңманалық түрде бекітуді ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Депутаттың айтуынша, президенттің қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлін күшейту туралы міндетін орындау үшін, ең алдымен, қазақ тіліндегі терминдерді қалыптастыру процесін жетілдіру және оларды біріздендіру қажет.

"Қазіргі қазақ тілі терминологиясы саласындағы көзге ұрып тұрған кемшіліктер әлі де толық түзетілмей, қоғам тарапынан орынды сынға ұшырап жүр. Үкімет жанындағы Республикалық терминология комиссиясы бекіткен терминдердің ішінде көңілге қонбайтын аудармалар аз емес. Мәселен, орыс тіліндегі "гостиница" терминінің қазақ тілінде үш түрлі атауы бар: "мейманхана", "қонақүй", "қонақ үйі". Ал тіс щеткасының қазақшасы "мәуесек" екен. Ауызекі тілде ешкім айтпайтын, ал іс қағаздарында тым сирек қолданылатын мұндай терминдердің өміршеңдігі өте күмәнді. Олар ана тілімізді байытпайды, қиындатады. Сондықтан да қазақ тілінің терминология саласы түбегейлі өзгеріс жасауды қажет етеді", - деді Мұсырман премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа жолдаған депутаттық сауалында.

Оқи отырыңыз: Мәдениет министрі бірқатар терминнің қазақша аудармасы қайта қаралғанын айтты 

Депутаттың пікірінше, мұндай олқылықтың үш себебі бар.

Біріншіден, Республикалық терминология комиссиясының құрамына тіл мәселелерімен айналысатын мемлекеттік қызметшілер, филологтар, аудармашылар, журналист-жазушылар енген. Бірақ, олардың арасында медицинадан басқа, әлеуметтік және экономикалық салалардың мамандары жоқ.

Екіншіден, Республикалық терминология комиссиясының жұмысына ашықтық жетіспейді.

Үшіншіден, Республикалық терминология комиссиясы консультациялық-кеңесші орган болғандықтан, оның қабылдаған терминдері ұсынымдық сипатқа ие, яғни, оларды қолдану міндетті емес.

"Жоғарыда баяндалғанның негізінде Республикалық терминология комиссиясының мәртебесін қайта қарау және ол бекіткен терминдердің мемлекеттік органдарда, меншік түріне қарамастан, кәсіпорындар мен ұйымдардың барлығында, қоғамдық бірлестіктерде іс қағаздарын жүргізуде, білім беру ұйымдарының оқу бағдарламаларында, көрнекі жарнамада бұрмаланбай, бірізді қолданылуын қамтамасыз етуге бағытталған нормативтік-құқықтық актілерді қабылдауды ұсынамыз", - деді ол.

Сонымен қатар, мәжілісмен Республикалық терминология комиссиясының құрамын әлеуметтік және экономикалық салалардың тәжірибелі мамандарымен, белгілі сарапшы-ғалымдармен, үкіметтік емес ұйымдардың және зиялы қауымның өкілдерімен толықтырған жөн деп санайды.

Республикалық терминология комиссиясының отырысында қаралатын терминдердің жобалары осы комиссияның ресми сайтында ғана емес, қазақтілді республикалық газеттер мен әлеуметтік желілерде алдын-ала жарияланып, кең қоғамдық талқылаудан өткізілуі тиіс.

Жаңалықтар
0