Қоғам

Елбасының қазақстандықтарға үндеуі жарияланды

© Sputnik / Владислав ВодневПлакат с изображением первого президента Казахстана - Елбасы Нурсултана Назарбаева
Плакат с изображением первого президента Казахстана - Елбасы Нурсултана Назарбаева - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Қазақстан республикасының тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздік күнімен құттықтады

НҰР-СҰЛТАН, 15 желтоқсан — Sputnik. Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды елді өркениетті отыз елдің қатарына қосу үшін аянбай қызмет етуге шақырды, деп хабарлайды Elbasy.kz.

"Баршаңызды еліміздің ең ұлық мерекесі – Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын! Біз 29 жыл бұрын ата-бабамыздың ғасырлар бойы аңсаған арманын орындап, тәуелсіздікке қол жеткіздік. Әлем қартасына Қазақстан атын ойып жаздық. Сол сәттен еліміздің жаңа тарихы басталды", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы елде тұрақтылықты, қоғамда татулық пен келісімді сақтай отырып, көп ұлтты халық бәсі бөлек артықшылыққа айналғанын атап өтті.

"Осы жылдар ішінде мемлекетіміз айтарлықтай өсіп-өркендеді, айтулы жетістіктерге жетті. Біз елдігіміз бен егемендігігімізді нығайтып, шекарамызды бекіттік. Бәсекеге қабілетті нарықтық экономикаға көшіп, мемлекетімізді аяққа нық тұрғыздық. Қазақстан әлем мойындаған іргелі елге айналды", - деді ол.

Назарбаев тәуелсіздікті алып, оны дүниеге паш ету бір бөлек, ал сол тәуелсіздікті сақтап қалу одан да зор міндет екенін жеткізді.

"Біз осы жылдар ішінде бұрынғы Кеңес одағы құлаған тұста дүниедегі ең үлкен экономикалық дағдарысты артқа тастап, қазіргі жаһандық пандемияны да еңсеріп отырмыз. Басымызға түскен сынақтар бізді шыңдап, рухымызды күшейтіп, жігерімізді арттырды, ортақ мақсатқа жұмылуымызға түрткі болды. Қазақстанның даму мен өркендеу жолында үнемі алға басуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасап, берік негіз қалыптастырдық", - деп жазады Елбасы сайты.

Тұңғыш президент тәуелсіздікпен бірге сан ғасырлық тарихымыз, төл мәдениетіміз бен ата дәстүріміз қайта түлегеніне ерекше тоқталды.

"Біз Алтайдан Атырауға, Алатаудан Арқаға дейінгі ұлан-ғайыр атырапты мекендеген баһадүр бабалардың ұрпағымыз. Үстірт пен Қарт Каспийдің жағасын, Сыр мен Ертістің арасын алып жатқан байтақ даланың заңды мұрагеріміз", - деді ол.

Елбасы ата-баба аманатын ешқашан ұмытпауымыз керек деп отыр.

"Біз тәуелсіздіктің отыз жылдығына қадам басып отырмыз. Бағындырар белесіміз бен шығар шыңымыз әлі алда!Баршаңызды сол мақсаттарға қол жеткізіп, Қазақстанды өркениетті отыз елдің қатарына қосу үшін аянбай қызмет етуге шақырамын. Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын! Қазақстанымыз мәңгі жасай берсін!", деп түйіндеді өз құттықтауын Назарбаев.

Жаңалықтар
0