Қоғам

Ағашты заңсыз кескені үшін жаза қатаңдатылды

© Sputnik / Тимур БатыршинДеревья вырубили возле Sulpak в Алматы
Деревья вырубили возле Sulpak в Алматы - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Мәулен Әшімбаев ағаштарды кескені үшін салынатын әкімшілік айыппұл көлемі 5 есеге көбейтілетінін атап өтті

НҰР-СҰЛТАН, 21 желтоқсан – Sputnik. Қазақстанда ағашты заңсыз кескені үшін әкімшілік айыппұл 5 есеге өседі. Сонымен қатар, қылмыстық жауапкершілік те енгізіліп отыр. Парламент сенаты Экология кодексіне ілеспе заң жобаларына түзетулер енгізіп, мәжіліске кері қайтарды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Сенат депутаттары "Кейбір заңнамалық актілерге экология мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" және "Әкімшілік құқық бұзушылық  туралы кодекске экология мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобаларын екі оқылымда қарап шықты.

Оқи отырыңыз: Сағынтаев Көктөбеде ағаштардың жаппай кесілуіне қатысты түсініктеме берді 

Түзетулер қолданыстағы заң актілерінің нормаларын Экология кодексінің нормаларына сәйкестендіреді.

Президенттің жасыл екпелерді сақтау, ағаштар мен бұталарды заңсыз кескені, жойғаны немесе зақымдағаны үшін жауапкершілікті арттыру туралы тапсырмасын орындау мақсатында сенаторлар Қылмыстық кодекстің 340-бабына және Әкімшілік кодекстің 381-1, 386 және 505 баптарына тиісті өзгертулер енгізді.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев ағаштарды кескені үшін салынатын әкімшілік айыппұл көлемі 5 есеге көбейтілетінін атап өтті.

"Мұндай құқықбұзушылық қайталанған жағдайда немесе ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы ағаштарды кескені үшін жеке тұлғаларға – 150 АЕК (416 700 теңге), шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 450 АЕК (1 250 100 теңге), ірі кәсіпорындарға 1500 АЕК-ке (4 167 000 теңге) дейін айыппұл салынады", - деді спикер.

Айтуынша, егер келтірілген шығын 100 АЕК-тен асып кетсе, онда заң бұзушылар қылмыстық жауапқа тартылады. Соған байланысты дүние-мүлкін тәркілей отырып, айыппұл салу немесе түзету және қоғамдық жұмыстарға тарту немесе қамауға алу жазалары қарастырылған.

Заң күшіне енгеннен кейін өкілетті орган осы және басқа нормаларды түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыруы тиіс.

"Экология кодексі және оған ілеспе заң жобалары қоршаған ортаны қорғау ісінде елімізде жаңа кезеңді ашады деп сенеміз", - деді Әшімбаев.

Сенат екі құжатқа енгізілген түзетулерді қабылдап, мәжіліске кері қайтарды.

Жаңалықтар
0