Қоғам

Үкімет балаларды Сәбилер үйінде қалдыру мерзімін ұзартуды жоспарлап отыр  

© Photo : pixabay.comБала көтеріп тұрған әйел
Бала көтеріп тұрған әйел - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Қазіргі таңда республикада жиырма Сәбилер үйі жұмыс істейді, онда сегіз жүзден астам бала тәрбиеленіп жатыр

НҰР-СҰЛТАН, 22 желтоқсан – Sputnik. Үкімет депутаттардың балаларды Сәбилер үйінде алты жасқа дейін қалдыру туралы бастамасын қолдайды. Бұл үшін заңға тиісті түзетулер енгізіледі, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Үкімет балалардың Сәбилер үйінде болу мерзімін алты жасқа дейін ұлғайту бастамасын қолдайды. Өйткені бұл шара баланың психологиясына оң әсер етеді және өмірдің келесі кезеңдеріне дайын болуға мүмкіндік береді", - делінген премьер-министр Асқар Маминнің депутаттық сауалға берген жауабында.

Айтуынша, Сәбилер үйінде балалардың дамуына жағдай жасау үшін бірқатар ұйымдастырушылық шаралар жүргізу қажет. Мәселен, қызметкерлер штатын жасақтау, материалдық-техникалық базаны жабдықтау, шығындарды анықтау.

Премьер-министр балалардың Сәбилер үйінде қалу мерзімін ұзарту үшін "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Кодекске, сондай-ақ, "Қазақстандағы баланың құқықтары" туралы заңға енгізілетін өзгерістер пысықталып жатқанын атап өтті.

Бүгінгі таңда республикада 20 Сәбилер үйі жұмыс істейді, онда 833 бала тәрбиеленіп жатыр.

Қазір балалар Сәбилер үйінде үш жасқа дейін, ал ерекше қажеттіліктері бар балалар төрт жасқа дейін қалады.

Қараша айында мәжіліс депутаты Зағипа Балиева премьер-министр Асқар Маминге депутаттық сауал жолдаған еді. Мәжілісмен үкіметтен балаларды Сәбилер үйінде қалдыру мерзімін алты жасқа дейін ұзартуды өтінді. Айтуынша, сәбилердің 3-4 жасында балалар үйіне немесе мамандандырылған интернаттарға тапсырылуы оларға ауыр психологиялық соққы болып тиеді.

Жаңалықтар
0