Қоғам

Димаш Құдайберген Андрей Малаховтың шоуынан кейін сынағандарға жауап берді

Жазылу
Димаш 2013 жылғы байқаудың видеосын жіберуді тоқтатуды сұрады және сынға әрқашан дайын екенін атап өтті

НҰР-СҰЛТАН, 28 желтоқсан – Sputnik. Белгілі қазақстандық әнші Димаш Құдайберген "Привет, Андрей!" шоуы эфирге шыққаннан кейін әлеуметтік желіде тыңдармандарына үндеу жариялады.

"Құрметті достар, "Россия" арнасынан "Привет, Андрейдің!"кешегі эфирін көрген шығарсыздар. Бағдарламадағы кішкентай, бірақ мен үшін өте маңызды эпизод эфирге шықпай қалды. Онда өз елімді мақтан тұтатынымды және барлық жерлесімді жақсы көретінімді айттым", - деп жазды Димаш Құдайберген Instagram парақшасында.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Dimash Kudaibergen (@kudaibergenov.dimash)

2013 жылы "Саз әлемі" бағдарламасында болған жағдай барлық қазақстандықтың маған деген көзқарасын білдірмейді, деп толықтырды ол.

"Осы бағдарламаға дейін де дәл осылай ән айттым және халықаралық байқауларда жеңіске жеттім. Өз қалауымша ән шырқай беремін. Маған көмектесетін ата-анам, туыстарым, достарым бар. Бірақ бүгінгі күнге ең алдымен ҚАЗАҚСТАННЫҢ арқасында жеткенімді ұмытпау керек. Өйткені мен Қазақстанда туып-өстім, қазақ тағамын жедім, қазақ вокал педагогынан үйрендім, қазақ отбасында тәрбиелендім. Мені алға жетелейтін ең басты күш – ұлтым және елім!", - деп жазды танымал әнші.

Ол халықаралық байқауларға жалғыз ғана ниетпен – Қазақстанның даңқын шығару үшін қатысқанын атап өтті.

Димаш Құдайберген Андрей Малаховтың шоуы кезінде талқыланған видеоға қатысты да пікір білдірді.

"Шынымды айтсам, бұл видеоны қайта көремін деп ойламадым, өйткені ол оқиғаны ұмытып кеттім. Әлі күнге дейін біреуге кек сақтап жүр екен деп ойламаңыздар, қажетсіз дүниені ұмытып кетемін. Сол күні кешке мен отандастарымды қорғайтын сөз айтпады емес, айттым, өкінішке қарай, бұл фрагмент қандай да бір себептермен эфирге шықпады. Тағы айта кететін жайт, қымбатты достар, ол видеоны жіберуді доғарайықшы", - деп жазды әнші.

Димаш ол видеодағы адамдарға көптеген жаман сөз айтылып жатқанын атап өтті.

"Әркімнің өз пікірі бар, ол уақыт өте келе өзгеруі мүмкін, олай болмауы да ғажап емес, алайда бәрі артта қалды. Әркімнің өз отбасы, балалары бар. Оларға әрдайым ауыр сөз есту ұнамайды. Әртүрлі елде осы видеоның шыға келгенін өзім де ұнатпаймын", - деді Димаш Құдайберген.

Ол бала кезінен сынға дайын болғанын атап өтті.

"Болған нәрсе болды. Өз басым оны ұмытып кеттім. Қазір бізге мына беймаза әлемде бірігу керек және бір-бірімізді қолдауымыз керек. Мейірімді, әдепті болайық. Ешкімді ренжітпейік", - деп аяқтады Димаш.

Естеріңізге сала кетейік, "Привет, Андрей!" бағдарламасына қазақстандық танымал әнші қатысты. Шоуда 2013 жылғы "Саз әлемі" байқауының үзіндісі көрсетілді, онда қазылар алқасы Димашқа дауысын дұрыс пайдаланбағанын айтқан.

Осыдан кейін кейбір желі қолданушылары әншіні ішкі келіспеушілікті сыртқа жайды деп сынады.  

Жаңалықтар
0