Қоғам

Испанияда жауған қалың қар қазақстандық сайлау учаскесінің жұмысын қиындатты

© AFP 2024 / VYACHESLAV OSELEDKOЛюди на избирательном участке во время выборов, архивное фото
Люди на избирательном участке во время выборов, архивное фото - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Ауа райы мен коронавирус пандемиясына байланысты енгізілген локдаун шетелде жүрген қазақстандықтардың дауыс беруіне қиындық тудырып отыр

АЛМАТЫ, 10 қаңтар – Sputnik. Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров шетелдегі қазақстандықтардың парламент сайлауында қалай дауыс беріп жатқанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Америка құрлығындағы, Латын Америкасындағы сайлау учаскелері уақыт белдеуіне байланысты ең соңғы болып жабылады. Ол жерде үш-төрт учаске бар", - деді ол.

Оның айтуынша, коронавирус пандемиясы кезінде сайлау процесін ұйымдастыру қиындық тудырған.

"Биыл сайлау COVID-19 пандемиясына тура келді. Соған байланысты сайлау процесін ұйымдастыруда қиындықтар болды. Себебі әуелі өз еліміздің санитарлық-медициналық талаптары сақталуы қажет, сонымен қатар сайлау учаскесі ашылған елдің санитарлық талаптарын сақтау керек", - деді Смадияров.

Мысал ретінде Смадияров Оңтүстік Кореяны айтты. Ол жерде қатаң локдаун енгізілген, үш адамнан артық жиналуға болмайды.

"Осындай жағдайда сайлау өткізуге мәжбүрміз, соған қарамастан жұмыс істеп жатырмыз. Барлық қауіпсіздік нормасы сақталады", - деді ол.

Испанияда бірнеше күн бұрын қалың қар жауып, қазақстандық дипломаттар сайлау учаскесінде мәселемен бетпе-бет келген.  

"Алайда біз қазір бұл мәселені шешіп жатырмыз. Жалпы барлығы штаттық режимде жүріп жатыр", - деді Смадияров.

Айта кетейік, Қазақстанда 10 қаңтарда мәжіліс және мәслихаттар сайлауы өтіп жатыр.

Сайлау құқығы бар 11 миллионнан астам қазақстандық сайлауда дауысын бере алады.

Шетелде 53 мемлекетте 66 сайлау учаскесі ашылады. Оның мекенжайы мен байланыс нөмірлері сыртқы істер министрлігінің сайтында жарияланды.

Жаңалықтар
0