НҰР-СҰЛТАН, 13 қаңтар – Sputnik. Коронавирусқа қарсы QazCovid-in атты отандық вакцинаға уақытша тіркеу куәлігі берілді. Бұл туралы медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті төрағасы орынбасарының міндетін атқарушы Нұрлыбек Асылбеков мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Қазіргі кезде уақытша тіркеу куәлігі QazCovid-in атты отандық вакцинаға берілді. Оны 2020 жылы 31 желтоқсанда рәсімдеді. Мерзімі – 9 ай. Ал "Спутник V" бойынша дайындық жұмыстары атқарылып жатыр. Оның тіркеу құжаттарын жіберуі керек", - деді Асылбеков орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Оның айтуынша, клиникалық зерттеулер кезінде QazCovid-in жақсы нәтиже көрсеткен. 25 желтоқсанда зерттеулердің үшінші кезеңі басталған болатын. Ал 11 қаңтарда барлық 3 мың еріктіге қазақстандық вакцина салынды.
"Қазіргі кезде мамандар олардың барлығы бақылап жүр. Әзірше, мәлімет жоқ. Себебі еріктілердің вакцинациясы жақында ғана аяқталды", - деп атап көрсетті Асылбеков.
Осы орайда комитет басшысының орынбасары қазақстандықтарға әлемдегі барлық вакцина қолжетімді болу үшін тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді. Мәселен, Pfizer вакцинасын жеткізу бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр. Бірақ келісімшартқа әлі қол қойылмаған.
Айта кетейік, Қазақстанда жаппай вакцинация наурыз айында басталады деген жоспар бар.
НҰР-СҰЛТАН, 27 қаңтар – Sputnik. Қазақстанда өткен тәулікте 1 397 адамда коронавирус індеті ПТР арқылы расталып, ауырғаны белгілі болды, деп хабарлайды ведомствоаралық комиссия.
"Коронавирус індетіне шалдыққандардың ең көбі Павлодар облысында (219) тіркелді. Одан кейін Нұр-Сұлтан қаласы (147) мен Қостанай облысында (141) анықталды", – делінген хабарламада.
Қалалар мен өңірлер бойынша:
Айта кетейік, бүгінге дейін республика бойынша коронавирус індетіне шалдыққандар саны 181 117 адамға жетті.
НҰР-СҰЛТАН, 26 қаңтар – Sputnik. Коронавируспен күресте алдыңғы қатарда жүрген елордалық жұқпалы аурулар мамандары қала тұрғындарын санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтауға шақырды.
Коронавируспен ауруханаға түсушілердің көбеюін ескере отырып, медицина қызметкерлері карантин режимін сақтау бойынша алдын алу шараларын ұмытпау керектігін еске салды, деп жазды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Әлемді әбігерге салған індет: қазақстандықтар неге вирустың барына сенбеді?
"Күзде науқас саны аз болды. Кейбірі тіпті вирус тоқтады деп те ойлаған болса керек. Бірақ инфекция түбегейлі жойылған жоқ. Коронавирус үдеп тұрған шақта күн мен түнді айыра алмаған кезіміз болды. Уақытқа қарап, қай шақта жұмыс істеуіміз керектігін ойлаған жоқпыз. Коронавирустың күрт өршуі мен таралуының қайталануына жол бермеуіміз керек. Кейбіреулер қаланы бетпердесіз аралап, санитарлық нормаларды елемей жатыр. Ал біз мұнда күн сайын науқастардың денсаулығы мен өмірі үшін күресіп жүрміз", - дейді қалалық жұқпалы аурулар орталығының дәрігері.
Стационарда коронавирустан емделіп жатқан Әйгерім Өміржанова аурухана төсегіне таңылатынына сенбеген екен.
"Бұл қауіпті вирустың елімізге зиян тигізгеніне бір жылға жуық уақыт болды. Осы уақыт ішінде мен алаңсыз жүріп, денсаулығым туралы ойлаған емеспін, вирус жоқ деп те ойладым. Бірақ өзімді нашар сезінген сәттен бастап, бірден медициналық көмекке жүгіндім. Өкінішке қарай, менен коронавирус шықты. Шынымды айтсам, мұндай жағдайға тап боламын деп ойламаған едім. Бұл ешқандай да әзіл емес екен”, - дейді Өміржанова.
НҰР-СҰЛТАН, 27 қаңтар – Sputnik. Петропавлда қоқыс алаңдары мен автомобиль тұрақтарына және автобус аялдамаларына бейнебақылау камералары орнатылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Әкімдіктің мәліметінше, қала бойынша барлығы 120 камера орнатылған.
"Бұл камералар бұзақылық әрекеттердің алдын алу үшін орнатылды. Яғни, қоқысты арнайы белгіленбеген орындарға тастайтындарды анықтауға көмектеседі. Бақылау камералары IKOMEK-109 қызметімен байланыстырылған және жазбалар апта бойы базада сақталады", – делінген хабарламада.
Айталық, жуырда ғана аялдамадағы шыны әйнекті сындырған бұзақылар жаңа камералардың көмегімен табылған.
Сол сияқты вандализм фактісі туралы әрекеттер де осы құрылғылардың көмегімен анықталған. Алкогольдік ішімдік ішкен азаматтар үш автобус павильонының витражын шағып тастаған. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің мәліметі бойынша, олардың әрқайсысының құны 440 мың теңгеден асып түседі.
Оқи отырыңыз: Астанада бақылау камерасы мен куәгерлердің арқасында тонаушылар қолға түсті
Қазіргі кезде күдікті ретінде колледждің екі студенті мен олардың кәмелет жасқа толмаған досы ұсталды.