Қоғам

Ауылдағы ауыз су бағасы өзгереді – заң президентке жіберілді

© Public DomainАуыз су
Ауыз су - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Сенатордың айтуынша, заңның негізгі мақсаты – халықты ауызсумен қамтамасыз ету үшін өңірлерге субсидияны уақтылы бөлу және оны алуы болып табылады

НҰР-СҰЛТАН, 14 қаңтар – Sputnik. Сенат депутаттары орталық және жергілікті атқарушы органдар арасында ауыз сумен жабдықтауды субсидиялау өкілеттіктерінің аражігін ажыратуға қатысты заңды қабылдады. Енді жергілікті жерде ауыз сумен жабдықтау қызметінің бағасын мәслихаттар анықтайды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Сенатор Нариман Төреғалиевтің айтуынша, бүгінде халықты ауыз сумен жабдықтау қызметінің құнын төмендету мақсатында мемлекеттен субсидия бөлініп тұрады. 2021 жылда осы мақсатта 16 миллиард теңге қарастырылған. Ресми мәліметке сәйкес, қазіргі кезде ауыл халқының 87 проценті орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген. Осы санатқа 4 078 ауыл кіреді. Олардың ішінде 42 проценті субсидия алған.

"Қолданыстағы заңнамаға жасалған талдау сумен жабдықтау объектілерін уәкілетті орган бекітетін тізбеге енгізу процесі көптеген ведомствоаралық келісулерді талап ететінін көрсетіп отыр. Өкінішке қарай, аталған келісулер бір жылдан екі жылға дейін созылып жатады. Осыған байланысты жаңа заңмен ауыз суды субсидиялау үшін тізбені бекіту кезінде өкілеттіктердің аражігін ажырату ұсынылып отыр", – деді Төреғалиев сенаттың жалпы отырысында.

Оның сөзіне қарағанда, ауыз сумен жабдықтаудың жергілікті жүйелері жергілікті атқарушы органдарға беріледі. Ал топтық жүйелер бұрынғыдай уәкілетті органның қарауында қалады.

"Бұдан бөлек, жергілікті өкілдік органдарының өзіне өңірде сумен жабдықтау бойынша көрсетілетін тарифтеріне байланысты ауыз судың бір текше метрі үшін төлем мөлшерін бекітуге өкілеттік беріледі. Мысалы, мәслихат республика бойынша ең төменгі тарифтен төмен емес және облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуын ескере отырып, орташа облыстық деңгейден жоғары емес төлемдер мөлшерін бекіте алады", – деп атап көрсетті Төреғалиев.

Заң жобасының негізгі мақсаты – халықты ауыз сумен қамтамасыз ету үшін өңірлердің субсидияны уақтылы бөлуі және алуы болып табылады.

Негізгі міндеттері:

  • халықты ауыз сумен жабдықтауды қамтамасыз ету рәсімін оңтайландыру;
  • жаңадан салынған ауыз сумен жабдықтау жүйелерін жеңілдікті объектілер тізіміне қосуды жеделдету;
  • ауылдық жерлердегі халықты ауыз сумен жабдықтау қызметтерінің құнын төмендету.

Сенаторлар "Қазақстан Республикасының Су кодексіне жергілікті өкілді, орталық және жергілікті атқарушы органдар арасында ауыз сумен жабдықтауды субсидиялау жөніндегі өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңды екі оқылымда қарап, бірауыздан қабылдады.

Оқи отырыңыз: Тоқаев: таза ауыз су әрбір үйде болуы керек

Заң президенттің қол қоюына жіберілді.

Жаңалықтар
0