Қоғам

Аймағамбетов грантты өтеуге қатысты заң талаптарын түсіндірді

© Sputnik / Владислав ВодневАсхат Аймағамбетов
Асхат Аймағамбетов  - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Министрдің айтуынша, мемлекеттік грант арқылы оқуға түскен студенттердің грантты жұмыспен өтеу шарттары жеңілдетілді

АЛМАТЫ, 14 қаңтар – Sputnik. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов білім саласына қатысты қабылданған заңды түсіндірді.

Оның айтуынша, мемлекеттік грант негізінде білім алғандар мемлекет шығынын жұмыспен өтеуді айналып өтудің әдісін тапқан.

"Олар грант арқылы 3-курсқа дейін тегін оқып, үш жыл бойы стипендия алады. Содан кейін мемлекеттік грантты жұмыспен өтемеу үшін 4-курста ақылы бөлімге ауысады", – деп жазды министр Facebook парақшасында.

Осыған байланысты мемлекет жұмсаған шығындарды өтеу бойынша жаңа норма енгізілді. Енді студент қанша жыл грантта оқыса, сол уақыт аралығындағы шығынды өтейді.

"Студент грантта екі жыл оқып, кейін ақылы бөлімге ауысты делік. Бұл жағдайда студент қанша жыл грантта оқыса, сонша жыл грантты жұмыспен өтеуге міндетті болады.  Дәл осы норма, ақылы бөлімнен грантқа ауысқан студенттерге де қатысты", – деді ол.

Грантты жекеменшік ұйымда істеп те өтеуге болады

Мемлекеттік грант арқылы оқуға түскен студенттердің грантты жұмыспен өтеу шарттары жеңілдетілді. Енді түлектер тек мемлекеттік мекемелерде ғана емес, жекеменшік ұйымдарда да жұмыс істеп, гранттарын өтейді. Басты шарт – дайындық бағыты (мамандығы) бойынша жұмыс істеуі тиіс.

"Бұл мәселені түлектер жиі көтеретін. Жаңа норма түрлі ұйымдардағы кадр мәселесін шешуге де септігін тигізеді. Сондай-ақ түлектердің жұмыспен қамтылу мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады", – дейді министр.

Енді дипломның барлығы біркелкі болмайды

Сонымен қатар 2021 жылдан бастап әрбір жоғары оқу орны білім алған азаматтарға жеке үлгісі бойынша диплом береді. Яғни, енді әр жоғары оқу орнында берілетін диплом барлығы біркелкі болмайды.

"Әр оқу орны жеке брендке айналып, студенттер оқу орындарын білім беру сапасына қарай таңдайды. Бұдан былай мемлекеттік үлгідегі дипломдар берілмейді", – деді министр.

Айтуынша, заңсыз немесе жалған құжат айналымына жол бермеу мақсатында тиісті шаралар қабылданды.

Оқи отырыңыз: Аймағамбетов студенттер үшін жақсы жаңалықты бөлісті

 

Жаңалықтар
0