Қоғам

Қазақстан парламенті мәжілісінің төрағасы сайланды

© Photo : Официальный аккаунт мажилиса парламента РК в FacebookЗдание мажилиса парламента Казахстана
Здание мажилиса парламента Казахстана - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Мәжіліс басшысының кандидатурасын мақұлдау рәсімі депутаттар арасында жасырын дауыс беру арқылы өтті

АЛМАТЫ, 15 қаңтар – Sputnik. Парламенттің жетінші шақырылымының жалпы отырысында Нұрлан Нығматулин мәжіліс төрағасы болып сайланды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Нығматулинді мәжіліс құрамына кірген үш партияның өкілдері бірауыздан қолдады.

"Микрофон өшіру артта қалды": Перуашев Нығматулиннің кандидатурасы туралы айтты

Депутаттардың жасырын дауыс беру қорытындысын санақ комиссиясының төрағасы – депутат Мұхтар Ерман хабарлады.

"Санақ комиссиясы Қазақстан Республикасы парламенті мәжілісі төрағасының лауазымына кандидат – депутат Нұрлан Нығматулинге берілген дауыстарды санады. Дауыс беру үшін мәжіліс депутаттарына 100 бюллетень берілді, дауыс беруге арналған жәшікті ашқанда ол жерде 100 бюллетень болды. Жарамсыз бюллетень жоқ. Жақтап 100 депутат дауыс берді, қарсы дауыс бергендер жоқ. Мәжіліс депутаты Нұрлан Нығматулин қажетті дауысты жинады", - деді Мұхтар Ерман.

Айта кетейік, бұған дейін Nur Otan төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев мәжіліс төрағасы қызметіне Нұрлан Нығматулиннің кандидатурасын ұсынды.

Сонымен қатар мәжілістегі Nur Otan фракциясының отырысында Нұрлан Нығматулин фракция басшысы қызметіне сайланды.

10 қаңтарда Қазақстанда мәжіліс пен мәслихаттар депутаттарын сайлау өтті. Орталық сайлау комиссиясының мәліметіне сәйкес, парламенттің төменгі палатасына үш партия өтті:

  • "Nur Otan" партиясы – 71,09% (76 мандат);
  • "Ақ жол" демократиялық партиясы – 10,95% (12 мандат);
  • Қазақстанның халық партиясы – 9,10% (10 мандат).

Сондай-ақ, мәжіліс депутаттарының қатарына тоғыз адам Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланды.

Нұрлан Нығматулиннің өмірбаяны

Нұрлан Нығматулин 1962 жылы Қарағандыда туған. Қарағанды политехникалық институтын бітірген. Саяси ғылымдар докторы. Институтты бітіргеннен кейін "Қарағандыоблгаз" өндірістік бірлестігі автоколоннасының инженері, бастығы болып жұмыс істеген.

1985-1990 жылдары Қазақстан ЛКЖО Ленин аудандық комитетінің бірінші хатшысы, Қазақстан ЛКЖО ОК комсомол ұйымдары бөлімі меңгерушісінің орынбасары, Қазақстан ЛКЖО Қарағанды облыстық комитетінің хатшысы, бірінші хатшысы болды.

1990-1993 жылдары – Қазақстан жастар ұйымдары комитетінің төрағасы.

1993-1995 жылдары – "Тенгри" қазақ-американ бірлескен кәсіпорнының президенті.

1995-1999 жылдары – Қазақстан Республикасы президенті әкімшілігінің ұйымдастыру-бақылау бөлімінің мемлекеттік инспекторы, бөлім меңгерушісінің орынбасары.

1999-2002 жылдары – Астана қаласы әкімінің орынбасары.

2002-2004 жылдары – Қазақстан Республикасы көлік және коммуникация вице-министрі.

2004-2006 жылдары – Қазақстан Республикасы президенті әкімшілігі басшысының орынбасары.

2006-2009 жылдары – Қарағанды облысының әкімі.

2009-2012 жылдары – "Нұр Отан" халықтық демократиялық партиясы төрағасының бірінші орынбасары.

2012 жылдың 20 қаңтар – 2014 жылдың 3 сәуір аралығында бесінші сайланған Қазақстан Республикасы парламенті мәжілісінің төрағасы, "Нұр Отан" халықтық демократиялық партиясының Қазақстан Республикасы парламенті мәжілісіндегі фракциясының жетекшісі болды.

2014 жылдың 3 сәуірі – 2016 жылдың 21 маусымы аралығында Қазақстан Республикасы президенті әкімшілігінің басшысы қызметін атқарды.

2016 жылдың 22 маусымнан бастап алтыншы сайланған Қазақстан Республикасы парламенті мәжілісінің төрағасы болып бірауыздан сайланды, "Нұр Отан" партиясының мүшесі, партиялық тізім бойынша сайланған.

2019 жылдың 22 тамызынан "Nur Otan" партиясының мәжілістегі фракциясының басшысы болды.

2016 жылдың 22 маусымынан бастап Қазақстан парламенті мәжілісінің төрағасы.

Үйленген. Үш баласы, төрт немересі бар. 

Жаңалықтар
0