Қоғам

Тоңазытқыштағы нәресте өлімі: сот залында шу шықты – видео

© Sputnik / Тимур БатыршинТемір тор мен кісен, архивтегі сурет
Темір тор мен кісен, архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Бұрынғы бас дәрігердің жұбайы сот үкімін естігеннен кейін судьяға дөрекі сөйлеп, "олардың бәрін антикор басқарып отыр" деп шықты

НҰР-СҰЛТАН, 19 қаңтар – Sputnik. Ұзақ уақытқа бас бостандығынан айырылған дәрігерлер өз эмоциясын ұстай алмады. "Ақ Жайық" порталында сот залында түсірілген видео да жарияланды.

Айта кетейік, дүйсенбі күні Атырауда жаңа туған баланы алдын ала сөз байласу арқылы өлтіргені үшін айыпталған облыстық перинаталдық орталықтың дәрігерлеріне қатысты үкім шыққан болатын. Сот оларды кінәлі деп танып, перинаталдық орталықтың бұрынғы бас дәрігері Қуаныш Нысанбаевты 18 жылға, акушер-гинеколог Асқар Қайыржанды 16 жылға, акушер Жәмилә Құлбатырованы 15 жылға бас бостандығынан айыруға шешім қабылдады. Ал неонатолог-дәрігер Руслан Нұрмұхамбетов пен Дариға Жұмабаева қылмыс туралы хабарламағаны үш жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді.

Судья үкімді жариялағанда дәрігерлер өз эмоциясын ұстай алмады. Акушер-гинеколог Асқар Қайыржан "үкіммен келіспеймін!" деп, сотталушыларға арналған кабинаның терезесін ұра бастады. Осыдан кейін қарауыл оны сот залынан алып кетті.

Бұрынғы бас дәрігердің жұбайы сот үкімін естігеннен кейін судьяға дөрекі сөйлеп, "олардың бәрін антикор басқарып отыр" деп шықты. Ал Қуаныш Нысанбаевтың өзі ештеңе түсінбегенін жеткізді. Содан кейін әділ сот болмады деп айқайлады.

"Неге бұл жерде Әлімбаева (кезекші неонатолог-дәрігер) жоқ. Ол бірінші болып баланы қараған", – деді ол. Оны да сот залынан алып кетуге тура келді.

Акушер Жәмилә Құлбатырова да сот үкімімен келіспейтінін мәлімдеді.

"Мен дәрігерлердің айтқанын ғана істедім. Басқа еш кінәм жоқ!", – деп айқайлады Құлбатырова.

Судья Гүлмира Дәулетова үкімді аяғына дейін оқып, 15 күннің ішінде қарсы шағым түсіруге болатынын айтты.

Жаңа туған нәрестенің өлімі

2019 жылдың 29 қыркүйегінде Атырау перинаталдық орталығында дүниеге келген нәресте қимылсыз жатқаннан кейін дәрігерлер оны өлі туды деп тіркеген. Алайда сәбиді тоңазытқыш камераға апарған кезде аяғы қимылдай бастаған.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің хабарлауынша, дәрігерлер құжатты түзетпеу үшін оны тоңазытқышта қалдыруға шешім қабылдаған. Сотта тергеуші Асқарбек Ермұқашев дәрігерлердің телефон арқылы сөйлескен стенограммасы бар екенін айтқан.

Оқи отырыңыз: Сегіз сағат жер астында жатқан нәресте тіріліп кетті - видео

Филологиялық сараптаманың қорытындысы да жасалды. Сонда дәрігерлердің бір-бірімен кеңесіп, баланың тағдырын шешкені анық байқалады. Әңгіменің стенограммасында "Құдай бізді кешірсін" деген сөздер бар.

Жаңалықтар
0