Қоғам

"Еденге жатқызуға орын болмады": Рамазан Стамғазиев інісінің қалай көз жұмғанын айтты

CC0 / pixabay.com / Театр сахнасы, иллюстративті фото
Театр сахнасы, иллюстративті фото - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Рамазан Стамғазиев інісі Ерлан ауырған кезде дәрі-дәрмек пен ауруханадан бос орын таба алмай қиналған

АЛМАТЫ, 21 қаңтар – Sputnik. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Рамазан Стамғазиев жас кезінде қандай кәсіппен айналысқанын, жары Ұлту Қабаевамен балалары ер жеткен соң неке қидырғанын, туған бауыры Ерланның қалай қайтыс болғанын айтып берді

"Біз өзімізді ана заманның адамы деп айтамыз ғой. Сол замандарда Ұлту екеуміз молданың алдына барып неке қидырған жоқпыз. Ол кезде студентпіз, барып, неке туралы куәлігімізді алдық. Ортада біраз жыл өтті. Балалар аяққа тұрды. Бір күні қызым келіп, Құдай алдында қол ұстасып, неке суын ішуімізді сұрады. Ертең барамын дедім. Ұлтуды, Ахмет деген досым мен оның жарын ертіп, орталық мешітке барып, неке қидырдық", – деді Стамғазиев.

Неке қидырған соң молда Ұлту Қабаевадан не қалайтынын сұраған.

"Ол бетіме қарады да "көлік бересің" деді. Молда менен сұрады. Алып беретінімді айттым. Бір күні "Ұлту, сен қандай көлік қажет екенін нақты айтқан жоқсың" деп, ойыншық көлік сыйладым", – дейді әнші.

Айтуынша, жарының некеге дейін де, одан кейін де жеке көлігі болған.

Кәсіп пен тойдағы қызықтар

Стамғазиев бір кездері мамандық бойынша жұмыс істеп бауырлары мен туған-туысына толық көмек көрсете алмайтынын ескеріп, кәсіп бастаған.

"Мамандық бойынша жұмыс істеп жалғыз басыңды асырауға болады. Бірақ менің іні-қарындастарым, туған-туысым бар, оларға көмектесу керек. Сол уақытта азды-көпті ел танып қалды. Бизнеспен айналысқым келді. Талғар ауданынан арнайы барып жер сатып алдық. Жанымда бірге жүрген, бірге оқыған 2-3 жігіт болды. Бірігіп ақша қосып, техника алдық та кәсіпке кірістік", – дейді әнші.

Сатып алған жерді арнайы сараптамадан өткізген, соры шығып кетпейтінін тексерген. Сол кәсіпті жүргізгенімен, әрі қарай қолынан келмейтін іс екенін түсінген.

Сондай-ақ, әнші той жүргізіп жатқан сәтте қалыңдықты той ортасында алып қашып кеткен жағдай туралы да айтты.

"Тараз жақта бір ағам тойына шақырды. Қазақстан мен шетелден қаншама адам шақырылды. Қыз ұзату тойы еді. Бірінші бөлім біткеннен кейін үзілісте қонақтар билеп жүрді. Әрі қарай жалғастырайық десек, жастар жоқ. Сонда тойдың үстінде ұзатылып жатқан қызды алып қашып кетіпті. Ел шулап жатыр. Той жасап жатқан ағамыздың жүрегі ұстап қалар ма екен деп ойладым. Ол ағамыз мені шақырды да "той бітті, тарат бәрін" деді", – деп еске алды Стамғазиев өміріндегі ең сәтсіз өткен тойды.

Ананың күйзелісін сөзбен жеткізу мүмкін емес

Сұқбат барысында Стамғазиев өміріндегі өкінішті сәттерді де сөз етті. Айтуынша, 2007 жылы әкесі, одан кейін ағасы дүниеден өткен.

"Ортамыз ойсырап, қабырғамыз қайысып, жол бастаған әкеден айырылу да оңай түспеді. Одан кейін бертін келе үлкен ағам қатты ауырып, дүниеден өтті. Өмір мен өлімнің арпалысты жолдарын көрдім. Қан түкіріп, түнімей ұйықтай алмайтын жағдайлар болды. Осыдан бір жыл бұрын үлкен ағамның 19 жастағы жап-жас баласын көлік қағып, өмірден өтті", – деп еске алды Стамғазиев.

Оқи отырыңыз: Қазақстанның танымал тұлғалары ұл-қызын қалай тәрбиелейді

Өзімді берік ұстанағаныммен шешемнің қайысқанын көрдім. Талай дүниені көрген кісі ғой. Сол кезде қайғыдан қан жұтып, жүріп кетсе қиын болады-ау деп ойладым. Баласынан айырылған ананың күйзелгенін сөзбен жеткізу мүмкін емес, деп толықтырды ол.

Еденге жатқызуға орын табылмады

2020 жылдың шілдесінде Рамазан Стамғазиевтің інісі – әнші Ерлан Стамғазиев дүниеден өтті. Ол коронавирустан көз жұмды. Әнші інісі ауырған кезде дәрі мен ауруханадан бос орын таба алмай қиналғанын айтты.

"Аллаға қарсылық сөз айта алмаймыз. Өлеңін айтып, 50 жылдығына дайындалып жүрген Ерлан інім өмірден озды. Өнердегі үлкен есеп беру кешін Алматыда концерт залында өткіземін деп дайындық жасады. Табан асты, бір аптаның ішінде 12 мүшесі аман, тілі сайрап отырған бауырдан айрылдық та қалдық. Анама қарайлай бердім...", – дейді ол.

Түнімен ұйықтамай, дәрі іздеген күніміз болды. Дәрі жоқ, жатқызатын орын жоқ, кислород жоқ, дәрігер жоқ. Дәрігердің өзі ауырып жатыр. Бауырыңның өз қолыңда дәрменсіз күйде өмірден озуды ойлашы, деп күйзеле еске алды ол.

Тіпті, науқастанып жатқан інісі түнгі үште хабарласып, үйге алып кетуін сұраған.

"Түнгі үште жедел жәрдем алып кетіп бара жатыр деді. Оған дейін дәрі ішіп, өзі біраз алысқан көрінеді. Жазылып кетермін деген үміт болған. Сол күні мен жол жүріп келгенмін. "Менмін" деген жолдастарымның бәріне хабарластым. Телефонды алғаны да, жауапсыз қалдырғаны да бар. Аурухананың адамға толғаны соншалық, жерге, еденге жатқызуға орын табылмады", – деді Стамғазиев.

Айтуынша, інісі тіркелген Талғар ауруханасында хирургия бөлімінде бір орын табылған. Алайда, ол жерде науқасқа диагноз қоятын маман болмаған.

"Коронавирус та, пневмония да бір жерде жатты. Бұл ауру бір айлап ауырып жатып, өмірден озатын сияқты емес, көзіңді бақырайтып қойып, алып кетеді. Мәйітханаға кезекте тұрып сүйегін алып жатқан адам көп болды. Алып, жерлеп, мұсылманша жаназасын шығардық. Әкем мен ағам жатқан жерге жерледік. Жеті күндік аста да, қырық күндік аста да адам жиналған жоқ. Бұл – өмірімдегі өкініштердің бірі. Қабырғам қайысып, жарты жағым опырылып түскен өкініш", – деді Стамғазиев.

Айта кетейік, Рамазан Стамғазиев 1967 жылы Алматы облысы Райымбек ауданы Көкпияз ауылында туған. Қазақтың халық әндері мен дәстүрлі әнін насихаттаушы, "Құрмет" орденінің иегері.

Жаңалықтар
0