Қоғам

"Вакцина арқылы чип салады": министрлік өз ұстанымын жариялады

© Sputnik / Абзал КалиевВ кабинете у врача
В кабинете у врача - Sputnik Қазақстан
Жазылу
"Спутник V" 18 жасқа дейінгі балаларға салынбайды. Екпе Қазақстанның кәмелет жасына толған азаматтарына ғана егіледі

НҰР-СҰЛТАН, 27 қаңтар – Sputnik. Денсаулық сақтау министрлігі вакцина арқылы чип салу мәселесіне қатысты өз ұстанымын жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Вакцина арқылы чип салу – бұл кәсіби емес әрі негізсіз мәлімдеме. Вакцинацияға қарсы адамдар осы жалған ақпаратты ара-тұра таратып отырады", - деді бірінші вице-министр Марат Шоранов орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

Бұдан бөлек, министрдің бірінші орынбасары коронавирусқа қарсы вакцинаға қатысты жалған ақпарат тарататындарға ескерту жасады.

"Қазіргі кезде вакцинацияның алдында осы екпенің кері әсері туралы фейк ақпарат таратылып жатыр. Осыған байланысты жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жазаның бар екенін еске салғым келеді. Оған сәйкес, 3 000 айлық есептік көрсеткіш (8 751 000 теңге) көлемінде айыппұлдан бастап үш жылға бас бостандығынынан айыруға дейінгі жаза қарастырылған", - деп атап көрсетті Шоранов.

Осы орайда бірінші вице-министр жалған сарапшылар мен арандатушыларға сенбеуге үндеді. Ресми мәліметке мән беруге кеңес берді.

"Пандемия жарияланғалы бір жыл өтті. Ол бізге көп нәрсе үйретті. Бүкіл адамзат өз басымдығын және құндылығын қайта қарауға мәжбүр болды. Бүгінде барша әлем вакцинацияның бәрімізді үйреншікті карантинсіз өмірге оралуға, экономиканы тұрақтандыруға, балаларды балабақшалар мен мектептерге, студенттерді дәріс залдарына оралуына жалпы отбасымызбен, әріптестерімізбен, достарымызбен қарым-қатынасқа оралуға мүмкіндік беретінін түсініп отыр", - дейді Шоранов. 

Жаппай вакцинация

Қазақстанда биыл 1 ақпанда жаппай вакцинациялау басталады. Инфекцияны жұқтыру және тарату қаупі жоғары халықтың осал топтарына кезең-кезеңмен ресейлік "Спутник V" вакцинасы егіледі. Вакцинациялау ерікті түрде және тегін салынады.

Вакцина бірінші кезеңде:

Инфекциялық ауруханалар, жедел жәрдем, реанимация бөлімшелері, науқастарды қабылдау бөлмесі, алғашқы медициналық-санитарлық көмек қызметінің медицина қызметкерлері, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет жұмысшылары – 2021 жылдың 1 ақпанынан бастап шамамен 100 мың адам;

екінші кезеңде:

жалпы білім беретін мектептер, жоғары оқу орындарының педагогтері, медициналық қызметтің жұмысшылары – 2021 жылдың наурызынан 150 мыңға жуық адам;

үшінші кезеңде:

мектеп-интернаттар, мектепке дейінгі мекемелердің педагогтері, созылмалы аурумен ауыратындар – сәуір айынан бастап 600 мың адам.

Айта кететін жайт, "Спутник V" 18 жасқа дейінгі балаларға салынбайды. Яғни, екпе Қазақстанның кәмелет жасына толған азаматтарына ғана салынады.

Денсаулық сақтау министрлігі жыл соңына дейін 6 миллион қазақстандыққа вакцина салуды жоспарлап отыр.

Ал 2021 жылдың наурыз айында COVID-19-ға қарсы қазақстандық вакцинамен жаппай егу басталады.
Қазір QazCovid-in вакцинасын клиникалық сынақтан өткізудің соңғы ІІІ сатысы өтіп жатыр. Оның аясында вакцина 3 мың еріктіге егілді.

Жаңалықтар
0