Қоғам

Министр Мусин Тоқаевтың тапсырмасынан кейін қандай өзгеріс болатынын мәлімдеді

Жазылу
Халықтан түсетін барлық өтініш пен арыз-шағым бір ақпараттық базада жинақталып, оларға талдау жасалады

НҰР-СҰЛТАН, 30 қаңтар – Sputnik. Осы аптада үкіметтің кеңейтілген отырысына қатысқан президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықтан түсетін арыз-шағымды қабылдау жүйесін қайта іске қосуды тапсырды. Жаздың ортасына дейін өтініш берудің жаңа электронды жүйесі және "Нәтиже" орталықтары ашылуы шарт. Осылайша "еститін мемлекеттің" тимді бір функциясы толығымен жаңартылады. Sputnik Қазақстан тілшісіне сұхбат берген цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин жаңа жүйенің ерекшелігі туралы айтып берді.   

Министрдің мәліметінше, жаңа ақпараттық жүйенің тұжырымдамасы дайын. Келесі аптада оны президент әкімшілігіне таныстыру жоспарланып отыр.

"Негізгі мақсат – халықтан түсетін барлық өтініш пен арыз-шағымды бір ақпараттық базада жинақтау. Мәселен, адам бұған дейін мемлекеттік органға жер мәселесі бойынша бірнеше рет арызданды делік. Сосын баланың құжаттарын рәсімдеуге қатысты өтініш жібергені бар. Осының бәрі бірден шығып тұрады. Сонда біз ол адамның мемлекетке қандай мәселемен арызданғанын және өз мәселесін қалай шешкенін көре аламыз", - деді Мусин.

Министрдің сөзіне қарағанда, бірыңғай ақпараттық база арқылы барлық өтініш пен шағымға талдау жасалады. Мемлекеттік органдардың жұмысына да баға беріледі. Бұдан бөлек, адам сотқа жүгінген жағдайда нақты бір мемлекеттік органға қай кезде арыз жазғанын және қандай жауап алғанын автоматты түрде шығарып отыруға мүмкіндік бар.

"Бұның барлығы жаңа әкімшілік процессуалды кодекстің талаптарына көшуге көмектеседі. Осы құжат мемлекет пен халық арасындағы қарым-қатынасты реттейді. Соттарға да жеңіл болады. Олар жаңағы жүйе арқылы адамның белгілі бір мемлекеттік органға қай кезде өтініш жазғанын және қандай жауап алғанын бірден көре алады. Бұның бәрін құжатпен көрсетіп, дәлелдеудің қажеті болмай қалады", - деп атап өтті Мусин.

Оқи отырыңыз: Тоқаевқа халық қаншалықты сенеді – сауалнама қорытындысы жарияланды 

Қазіргі кезде президент әкімшілігі халықтан түсетін арыз-шағымды бақылап отырады. Ал бірыңғай ақпараттық жүйе іске қосылғасын осы жұмыстың аясы кеңейе түседі. Президент әкімшілігі бәрін автоматты түрде қадағалайды.

"Сонда арыз-шағым биліктің кез келген деңгейінде берілсе де, біз оны осы жерде – Нұр-Сұлтанда отырып көре аламыз. Президент әкімшілігі шалғай жатқан ауылдық округ әкіміне түскен шағымды да бақылай алады. Ол арыз жазбаша беріле ме, электронды үкімет порталы арқылы жолдана ма, біз бәрін көріп отырамыз",- деді Мусин.

Министрдің айтуынша, халықтан арыз-шағым қабылдаудың жаңа ақпараттық жүйесі аясында "Нәтиже" орталықтары ашылады. Осылайша, "еститін мемлекет" тұжырымдамасының негізгі тетігі іске қосылады.

Жаңалықтар
0