Ауыл шаруашылығы

Мораторий аяқталады: Жанұзақ Әкім жер дауына нүкте қою үшін не істеу керектігін айтты

2219
Жанұзақ Әкім қазақтың жерін шетелдіктерге сатуға және шекаралас мемлекеттерге жалға беруге тыйым салу керек деп санайды

НҰР-СҰЛТАН, 31 қаңтар – Sputnik. Биыл 31 желтоқсанда Жер кодексінің жекелеген нормаларына жарияланған мораторий аяқталады. Осыған байланысты ел президенті Жер комиссиясының жұмысын қайта жандыруды тапсырды. Үкімет қарашаға дейін Жер кодексіне түзетулер енгізуі тиіс. Sputnik Қазақстан 2016 жылы құрылған Жер комиссиясының мүшесі, Халықаралық адам институтының президенті Жанұзақ Әкіммен тілдесіп, жер дауына нүкте қою үшін қандай өзгерістер енгізу қажеттігін сұрады.

"Шекаралас елдерге жер берілмесін"

Жанұзақ Әкім қазақтың жері шетелдіктер мен шетелдік компанияларға сатылмауы және жалға берілмеуі керек екенін айтты. Бірақ, Қазақстанпен шектеспейтін елдерге ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жалға беру жолдарын қарастыруға болады деп санайды.  

"Мәселен, Қазақстанмен шекаралас емес Үндістан, Америка немесе Еуропа елдеріне жерді жалға беруге қарсы емеспін. Алайда, 49 жылға емес, ең көбі 25 жыл. Оларға жерді ауыл шаруашылығы мақсатында немесе шағын зауыттар салуға ғана пайдалануға рұқсат етілуі тиіс. Зауыттар кейін көшіріп алып кетуге ыңғайлы болатындай, модульді болуы керек. Ал ауыл, қала тұрғызуға, әлбетте, тыйым салынуы қажет", -деді ол.

Оның айтуынша, Қытайдың 17 көрші елмен жер мәселесінде дауы бар. Оның ішіне қазақтың жері де кіреді. Сол себепті Қазақстанмен шекаралас елдерге жерді жалға беруге мүлде болмайды.

Ал шекара аймағындағы жерлерді Қазақстан азаматтарының игеруіне рұқсат етілуі тиіс.

"Шекара аймағындағы жерлерді өз азаматтарымызға үш-бес жылға жалға беруге болады. Ол жерлер бос тұрмауы керек. Бірақ, жерді жалға берерде шекарашылардың қызметіне кедергі келтірмеуін ескерген жөн", - деді Әкім.

Ол қазақстандықтар ауыл шаруашылығы жерлерін барынша игеруі керек екенін атап өтті. Айтуынша, 1991 жылы ауыл шаруашылығының жалпы ішкі өнімдегі, яғни экономикадағы үлесі 41% болса, 2016 жылы 8 есе, 4,7%-ке дейін түскен.

"Бұл үлкен проблема, біздің экономикадағы дисбаланс. Ауылдық жерлер дамымай қалғаннан кейін қаржылық-экономикалық процестерден шет қалды. Мәселен, Батыс елдерінде ауылда тұратын халықтың 8%-і қалған 92%-ті асырайды. АҚШ-та ауыл фермері орта есеппен 130 адамды азық-түлікпен қамтамасыз етеді. Ал бізде ауыл адамдары өз отбасын да асырай алмайды. Сондықтан қазақтарға барлық мүмкіндікті беру керек, сонда ғана экономика көтеріледі", - деп есептейді жер комиссиясының мүшесі.

Шетелдіктермен некеде тұрғандарға жер беруге бола ма

Жанұзақ Әкім азаматтық алып, қазақтың баласымен шаңырақ көтерген шетелдік Қазақстан азаматының құқықтарын пайдаланатынын атап өтті. Яғни, заңда осы жағы да назардан тыс қалмауы керек деп жалғастырды сөзін.  

Тағы оқыңыз: Мемлекет басшысы қарашаға дейін Жер кодексіне түзету енгізуді тапсырды

"Қазақстанның азаматы болсаңыз, онда жер алуға құқылысыз. Басқа елден қоныс аударып, қазақтың қызына үйленсе, азаматтық алса, заңда бұл жағын қарастыру қажет. Азаматтық алған шетелдік Қазақстан азаматының құқықтарын пайдаланады. Егер ол шын ниетімен осы елдің азаматы болып, Қазақстанға қызмет етемін, өмірімді арнаймын десе, беруге болады. Жерді елдің мүддесін, болашағын ойлайтын азаматтарға ғана беру қажет. Жер мемлекеттің негізі, сондықтан оған сақ болуымыз керек",- деді ол.

Латифундистермен күрес

Жанұзақ Әкімнің сөзінше, Қазақстанның ең құнарлы жерлері ірі төрт латифундистік компанияның қолында. Олар жерді алғанмен, басым бөлігін игермейді.

Комиссия мүшесінің пікірінше, 10 мың гектардан артық алатын адамдарға прогрессивті салық салу керек. Қанша гектер жер алса, сонша мөлшерде салық төлеуі тиіс.

"Сол кезде жерді ұрлау, тонау деген болмайды. Бұған қатысты біз 2016 жылы ұсыныс жасадық. Қазақстанға 22 миллион гектарға егін егудің қажеті жоқ, ол бюджет ақшасын жеу. Біздің елге 12-13 миллион гектар жетеді. Алты миллионы экспорт, қалғаны ішкі сұраныс пен тұқымға қалады. Оның бәрі ғылыми дәлелденген. Ал бұлар отыз жыл бойы 22 милллионға егіп, содан кейін күзде бес миллионы шіріп кетті, жинай алмай қалдық деп өтірік есеп береді. Осының барлығын тоқтату үшін үкіметке ұсыныстар берген едік. Енді соны қадағалау керек. Латифундистер керегі жоқ. Ауыл халқы мал бағатын жер таппай отыр, ал бізде 30 жылда 100 миллион гектар жайылым қысқарған. Ол жер қайда кетті?", -деп ашуланды Әкім.

Егін егу неге тиімсіз

Спикер Қазақстан үшін бидай егу экономикалық тұрғыдан тиімсіз деп санайды. Оның орнына тары мен жүгеріні өсірген жөн.  

"Тары мен жүгері орташа 60-80 центнер береді. Яғни, 6-8 есе көп. Екінші жағынан, нанды көп жесек, қант диабеті, жүрек ауруы, онкология ауруларына жиі шалдығамыз. Қазақ мыңдаған жыл бойы тары жеп келген халық. Ол кезде мұндай аурулар болған емес", - дейді Әкім.

Тағы оқыңыз: Қазаққа жерді ешкім сыйға тартқан жоқ - Тоқаев

Ол қазақстандықтарды ауыл шаруашылығы жерлерін игеруге ынталандыру қажет екенін жеткізді. Өйткені халықтың 43 проценті ауылда тұрады.

"Аграрлық саланы дамытуымыз керек. Оның ішінде жайылым. Жайылымда жүретін ірі қара мен қойды алсақ, біздегі бір келі еттің құны – 1 доллар 10-20 цент. Нарықтағы құны 4 долларға барады. Әлемдегі ең арзан ет өндіретін ел – Қазақстан. Бізден кейін Канада, одан кейін Аргентина. Біз осы саланы дамытуымыз керек. Себебі шығын жоқ, мал өзінен өзі жайылады. Ал біз әлі осыған қол жеткізе алмай келе жатырмыз", - деді Жанұзақ Әкім.

Комиссия жұмысын қашан бастайды

Ауыл шаруашылығы министрлігі Sputnik Қазақстанға қазір комиссия құрамын жасақтау үшін тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Комиссия құрамына депутаттар, агроөнеркәсіп саласындағы беделді тұлғалар, қоғам қайраткерлері, блогерлер, мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың өкілдері кіреді.

"Комиссия құрылғаннан кейін, Жер кодексінің мораторий жарияланған нормалары бойынша комиссия мүшелерімен бірыңғай шешім жобасы дайындалып, қоғаммен ашық талқыланады", - делінген ресми жауапта.

Түбегейлі шешім қабылданғаннан кейін, заң жобаларының жұмыс жоспары аясында Жер кодексіне өзгерістер енгізу бойынша заң жобасы әзірленеді.

2219
Кілт сөздер:
кодекс, мораторий, жер
Монета

Зейнетақы жинағын жеке басқаруға қалай беруге болады қысқаша нұсқаулық

39
Зейнетақы жинағын басқаруға рұқсат етілген басқарушы компаниялардың тізімі қаржы реттеуші сайтында ай сайын жарияланып отырады

НҰР-СҰЛТАН, 26 ақпан — Sputnik. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің порталы – Fingramota.kz зейнетақы жинағын жеке басқаруға қалай беруге болатыны туралы ақпарат жариялады.

Зейнетақы жинағын жеке басқаруға берудің алты қадамы

1. Ең алдымен салымшы БЖЗҚ-дағы өзінің жеке зейнетақы шотында басқарушы компанияға беруге қолжетімді зейнетақы жинағының сомасын тексеруі керек. Бұл сома үкімет бекіткен жеткіліктілік шегінен жоғары болуға тиіс. Жеткіліктілік шегі туралы мына жерден білуге болады.

Сақтандыру компаниясымен зейнетақы аннуитеті шарты жасалған жағдайда зейнетақы жинағы жеке оның зейнетақы шотындағы қалдығы шегінде берілуі мүмкін.

2. Одан кейін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) сайтынан зейнетақы активтерін басқаруға рұқсат берілген жеке басқарушы компаниялардың тізімін зерделеу қажет. Айта кету керек, зейнетақы активтерін басқаруға рұқсат берілген басқарушы компаниялардың тізімі ай сайын жарияланады.

3. Салымшы инвестициялық декларациясы талаптарға және тәуекелдерге сәйкес келетін басқарушы компанияны өз бетінше таңдауға тиіс.

БЖЗҚ-ның сайтынан зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару туралы шарт жасасқан жеке басқарушы компаниялар және олардың инвестициялық декларациялары туралы ақпаратпен танысуға болады.

4. Зейнетақы жинағының бір бөлігін жеке басқарушы компанияға беру туралы өтініш ұсыну үшін БЖЗҚ сайтындағы жеке кабинет арқылы кіру немесе қор бөлімшелерінің біріне бару керек.

5. БЖЗҚ өтінішті, жеке басын куәландыратын құжаттың шынайылығын және салымшыда басқарушы компанияға беру үшін қолжетімді зейнетақы жинағы сомасының болуын тексереді.

Қандай да бір сәйкессіздіктер анықталған болса, өтініш берген күннен кейін 5 күн ішінде салымшының өтінішін қанағаттандырмау туралы хабарлама келуі мүмкін.

6. Ал егер барлығы заң талаптарына сәйкес болса, онда БЖЗҚ өтініш түскен күннен кейін 30 күнтізбелік күн ішінде өтініште көрсетілген зейнетақы жинағының сомасын салымшы таңдаған басқарушы компанияға аударады.

39
Кілт сөздер:
зейнетақы жинағы
Тақырып:
Зейнетақы қорындағы ақшаны мерзімінен бұрын алу
Тақырып бойынша
Зейнетақы жинағын сенімгерлік басқаруға беру: қалай табыс алуға болады
БЖЗҚ Қазақстандағы ең жоғары зейнетақыны атады
Қазақстандықтардың зейнетақы жинағы бір айда 255,5 миллиард теңгеге өсті
Зейнетақы қорында жеткіліктілік шегін қалдырмауға болады – не істеу керек
"100 мың теңге жоғалтасыз": зейнетақы қоры ескерту жасады
Алматыдағы митинг

Бас прокуратура қазақстандықтарға ескерту жасады 

2370
(Жаңартылды 19:26 26.02.2021)
Бас прокуратура азаматтарды қолданыстағы заңнаманы сақтап, арандатушылыққа бой алдырмауға және заңсыз акцияларға қатыспауға шақырды

НҰР-СҰЛТАН, 26 ақпан – Sputnik. Әлеуметтік желілерде жекелеген тұлғалар елді заңсыз митингілер мен шерулерге шығуға шақырып жүр. Осыған байланысты Қазақстан бас прокурорының орынбасары Болат Дембаев халыққа үндеу жолдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан қадағалаушы органның ресми сайтына сілтеме жасап. 

"Бас прокуратура митингілерді ұйымдастыру және өткізу тәртібі 2020 жылы 25 мамырда қабылданған "Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы" жаңа заңмен реттелетінін еске салады. Нақты айтқанда, жиналыстар, митингілер мен пикеттерді ұйымдастыру және өткізу үшін хабарлама жасау тәртібі қарастырылған", - дейді Дембаев.

Заң талабына сәйкес, митингіні өткізу туралы хабарлама белгіленген күнге дейін 5 жұмыс күнінен кешіктірілмей, жергілікті атқарушы органға жазбаша түрде берілуі шарт. Онда бейбіт жиналыстың мақсаты мен нысаны, ұйымдастырушылар мен қоғамдық тәртіпті сақтауға жауапты адамдардың деректері көрсетіледі. Жергілікті атқарушы орган оны тіркеген күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде қарауға тиіс. Үш күннің ішінде жауап болмаса, ұйымдастырушы берілген хабарламаға сәйкес бейбіт жиналыс өткізуге құқылы. Ал демонстрациялар мен шерулер келісу тәртібімен өткізіледі.

Оқи отырыңыз: Митинг өткізгісі келетіндер жаңа заңға бағынуға міндетті – Тоқаев 

"Ол үшін ұйымдастырушы оның өткізілетін күніне дейін 10 жұмыс күн бұрын өтініш беруге, ал жергілікті атқарушы орган ол бойынша 7 жұмыс күні ішінде жауап беруге міндетті. Ұйымдастырушы өтініште қатысушылардың жүру бағытын, сондай-ақ қоғамдық тәртіпті сақтауды, медициналық көмекті ұйымдастыруды, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жәрдемдесу шараларын көрсетеді. Жергілікті атқарушы орган ұйымдастырушыға демонстрация немесе шеру өткізу келісілгені не оны өткізуден бас тартқаны туралы хабарлайды", - деп атап өтті бас прокурордың орынбасары.

Заң бойынша бейбіт жиналыстар қатаң түрде арнайы жерлерде және қалалық, аудандық мәслихаттар белгілеген бағдар бойынша ұйымдастырылып, өткізілуі керек. Ал заңсыз бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және оған қатысу әкімшілік құқық бұзушылық болып есептеледі. Ол үшін 25 тәулікке дейін қамауға алу шарасы қарастырылған.

"Егер бұл әрекеттер азаматтардың, ұйымдардың, қоғамның немесе мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтірумен қатар жүретін болса, Қылмыстық кодекстің 400-бабы бойынша қылмыстық жауаптылық туындайды, ол айыппұл не 200 АЕК-ке дейінгі мөлшерде түзеу жұмыстары немесе 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту не 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамау түріндегі жазаны көздейді", - дейді бас прокурордың орынбасары.

Осы орайда Дембаев коронавирус пандемиясына байланысты адамдар көп жиналатын іс-шараларды өткізуге әлі де тыйым салынғанын еске салды. Осы шектеуді сақтамағаны үшін әкімшілік жаза бар. Ал ондай әрекеттер абайсызда адамдардың жаппай ауру жұқтыруына себеп болса, 2 мың АЕК мөлшеріндегі айыппұлдан бастап 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза қарастырылған.

Бас прокуратура азаматтарды қолданыстағы заңнаманы сақтап, арандатушылыққа бой алдырмауға және заңсыз акцияларға қатыспауға шақырды. Себебі құқық қорғау органдары белгіленген тәртіп бойынша қоғамдық қауіпсіздікке қайшы кез келген құқық бұзушылықтың жолын кеседі, сондай-ақ, оларға жол бермеу жөнінде заңда көзделген шараларды қолданады.

 

2370
Кілт сөздер:
Бас прокуратура, митинг
Тақырып бойынша
ІІМ сайлау күні болған митингілерге қатысты түсініктеме берді
Димаш Құдайберген АҚШ-тағы тәртіпсіздікке қатысты пікір білдірді
Мемлекет басшысы митинг жайлы: ешкім қудаланбайды
Алматыда полиция заңсыз митингіге шыққандарды ұстап әкетті – видео
Ақорда

Тоқаев екі мемлекеттегі елшіні ауыстырды

0
Ерболат Сембаев Қазақстанның Италиядағы, Болат Сүгірбаев Малайзиядағы төтенше және өкілетті елшісі болып тағайындалды

НҰР-СҰЛТАН, 26 ақпан — Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев екі мемлекеттегі елшіні тағайындау туралы жарлыққа қол қойды, деп хабарлады Ақорданың сайты.

Сонымен, Ерболат Сембаев Қазақстан Республикасының Италия Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі қызметіне тағайындалды. Бұған дейін ол Қазақстан Республикасының Бельгия Корольдігіндегі елшілігінің кеңесші-уәкілі қызметін атқарған.

Оқи отырыңыз: Президент өзінің көмекшісін лауазымынан босатып, басқа қызметке тағайындады 

Ал Болат Сүгірбаев Қазақстанның Малайзиядағы төтенше және өкілетті елшісі болды. Ол бұрын Қазақстан сыртқы істер министрлігіндегі Америка департаментін басқарған.

Интернеттен Ерболат Сембаев пен Болат Сүгірбаевтың бұрынғы жұмысы туралы басқа ақпарат табылмады.

0
Тақырып бойынша
Ринат Зайытов лауазымды қызметке тағайындалды
Назарбаев Nur Otan партиялық бақылау комитетінің төрағасын тағайындады