Қоғам

Банктің "қара тізіміне" енгендер зейнетақы жинағын пайдалана ала ма?

© Sputnik / Абзал КалиевАқша мен монета
Ақша мен монета - Sputnik Қазақстан, 1920, 02.02.2021
Жазылу
Жақын арада зейнетақы жинақтарын емдеу шараларына және сенімгерлік басқаруға беру тәртібі бекітіледі

НҰР-СҰЛТАН, 2 ақпан – Sputnik. Кредиттік тарихы бұзылған адамдар зейнетақы жинағын арнайы есепшотқа түсіре алады. Бірақ ипотека рәсімдегенде қиындықтар туындауы мүмкін. Бұл туралы Отбасы банкінің басшысы Ләззат Ибрагимова айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Адамның кредиттік тарихы зейнетақы жинағын алуға кедергі бола алмайды. Өтініш жіберіп, бір жолғы төлемді алуға мүмкіндік бар. Сондықтан кредиттік тарихтың дұрыс болмауы мен зейнетақы жинағын алудың арасындағы ешқандай байланыс жоқ", – деді Ибрагимова орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

Оның айтуынша, банктің "қара тізіміне" енген адам электронды портал арқылы өтінішті емін-еркін жібере алады. Арнайы есепшотқа зейнетақы жинағының бір бөлігі де түседі. Бірақ ипотека рәсімдегенде қиындықтар туындауы мүмкін.

"Егер жаңа ипотекалық заем аламын десеңіз, онда міндетті түрде екінші деңгейлі банктерді аралап, тиімті шарттары бар ипотеканы іздейсіз. Ал ондайда адамның бұған дейінгі қарызды қалай қайтарғанына қарайды. Былайша айтқанда, кредиттік тарихына үңіледі", – деп атап көрсетті банк басшысы.  

Ипотека рәсімдеудің мүмкіндігі қандай?

Осы орайда Ибрагимова Отбасы банкінің тәжірибесін айтып берді. Оның айтуынша, азаматтың мерзімі өтіп кеткен карызы болмаса, ипотеканы рәсімдеуге мүмкіндігі бар.

"Мысалы, қарызды кеше ғана өтесеңіз де, ипотекаға құжат тапсырсаңыз болады. Ең бастысы, мерзімі өтіп кеткен төлемдер болмаса жеткілікті. Басқа банктермен арадағы қарым-қатынасыңыз да есепке алынбайды. Ал нарықтық бағдарламалар бойынша екінші деңгейлі банктегі қарызды жапқаннан кейін үш ай күту керек. Сол кезде адамның кредиттік тарихы түзелген болып саналады", – дейді Ибрагимова.

Оқи отырыңыз: "Маған қажет емес": астаналықтар зейнетақы жинағын қайда жұмсағысы келетінін айтты

Айта кетейік, 23 қаңтарда бірыңғай зейнетақы жинағын алуға арналған портал – enpf-otbasy.kz сайты іске қосылған болатын. Сол арқылы өтініш жіберіп, арнайы есепшот ашуға болады. Бес күннің ішінде оған БЖЗҚ-дан ақша түседі. Ал оператор 10 күнде қаржыны тиісті мақсатта жұмсау операцияларын орындайды. Жалпы, зейнетақы жинақтарын пайдалануға 45 күн беріледі. Осы уақыттың ішінде ақшаны пайдаланбаса, оны зейнетақы қорына қайтарады.

Әзірше, тұрғын үйді сатып алу және ипотеканы өтеу қызметі қарастырылған. Жақын арада зейнетақы жинақтарын емдеу шараларына және сенімгерлік басқаруға беру тәртібі бекітіледі.

Жаңалықтар
0