Ақша, теңге, монета

Министрлік зейнет жасының өзгеретіні туралы ақпаратқа түсініктеме берді

16708
Ведомство зейнетке шығу жасы халықаралық тәжірибеге және әлемде қалыптасып отырған экономикалық, демографиялық жағдайға сәйкес келетінін атап өтті

НҰР-СҰЛТАН, 8 ақпан – Sputnik. Мессенджер мен әлеуметтік желілерде зейнет жасы төмендейтіні туралы ақпарат – жалған. Қазақстанда зейнеткерлікке шығу жасын өзгерту мәселесі қаралып жатқан жоқ. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.

"Мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде таратылған Қазақстанда зейнеткерлік жасының өзгеретіні туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, ерлер үшін зейнет жасы – 63 жас, әйелдер үшін қазір – 60 жас және одан әрі 2027 жылға қарай 63 жасқа дейін біртіндеп артады", - делінген ведомствоның ресми сайтында.

Қазақстанда белгіленген зейнет жасы халықаралық және отандық сарапшылар жүргізген зерттеу нәтижелері мен ұзақ мерзімді актуарлық болжамдарға негізделген.

"Зейнетке шығу жасы халықаралық тәжірибеге және әлемде қалыптасып отырған экономикалық, демографиялық жағдайға сәйкес келеді. Сондықтан Қазақстанда зейнет жасын өзгерту мәселесі қаралып жатқан жоқ. Азаматтардан жалған ақпаратқа назар аудармауды сұраймыз", - деді министрліктен.

Ведомство жалған ақпарат таратқандар заң бойынша жазаланатынын еске салды.

Қазақстандағы зейнетақы жүйесі

Бүгінде республикада ынтымақты, базалық және жинақтаушы зейнетақы төлемдерін қамтитын үш деңгейлі зейнетақы жүйесі қалыптасқан. Зейнетақының жиынтық мөлшері еңбек өтіліне байланысты болып келеді.

Ынтымақты зейнетақы жүйесі біртіндеп жойылып жатқаны белгілі, өйткені оны тағайындау кезінде 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі, яғни жинақтаушы жүйе енгізілгенге дейінгі еңбек өтілі ғана ескеріледі. Осыған байланысты міндетті зейнетақы жарнасы есебінен қалыптасқан жинақтаушы зейнетақының рөлі артады (зейнетақы жарналарын аудару кезеңі мен мөлшері неғұрлым көп болса, оның мөлшері де соғұрлым жоғары болады).

Тағы оқыңыз: Зейнетақы жинағын пайдалану: енді қайта өтініш беру үшін 45 күн күтудің қажеті жоқ

Базалық зейнетақы зейнет жасына жеткен барлық адамға тағайындалады. Ол зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-нен 100%-не дейінгі мөлшерде төленеді. Яғни, азамат неғұрлым ұзақ жұмыс істесе, базалық зейнетақының мөлшері соғұрлым жоғары болады.

Кімдер зейнетке ерте шыға алады

  • 5 және одан көп бала туған (асырап алған) және оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген әйелдер – 53 жас;
  • Семей ядролық сынақ полигонының төтенше және ең жоғары радиациялық қатер аймақтарында 1949 жылдың 29 тамызы мен 1963 жылдың 5 шілдесі аралығында кемінде бес жыл тұрған әйелдер – 45 жас.

Сондай-ақ, жұмыс істемейтін әйелдердің кішкентай балаларын бағып-күткен уақыты зейнетақы тағайындау үшін еңбек өтіліне есептеледі. Бірақ ол әрбір бала 3 жасқа толғанға дейін, жалпы алғанда 12 жылдан аспайды.

Бұдан бөлек, қазақстандықтар зейнетақы жинағы жеткілікті болған кезде зейнетақы аннуитетін пайдалана алады.

Биыл 1 қаңтардан бастап зейнетақы аннуитеті шартын жасасу жасы төмендетілді, енді ол 45 жастан басталады. Бұл ретте аннуитеттік төлемдер ерлер үшін 55 жастан, әйелдер үшін 52 жастан басталады. Зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін азаматтар зейнетақы аннуитетін 40 жастан пайдалана алады, ал  осындай шарттар бойынша төлемдер 50 жастан жүргізіледі.

16708
Кілт сөздер:
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, зейнетақы
Тақырып бойынша
Депутат ерлер мен әйелдер үшін зейнетақы жасын төмендетуді ұсынды
Зейнетақы жинағын пайдалану: өтінім берушілердің басты 5 қателігі
Зейнетақы төлемін ерте алу жүйесі жеңілдей түсті – өзгеріс жарияланды
Банктің "қара тізіміне" енгендер зейнетақы жинағын пайдалана ала ма?
Нұр-Сұлтан

Нұр-Сұлтан коронавирус бойынша "қызыл" аймаққа кірді

1755
Қазақстан астанасы коронавирус бойынша "қызыл" аймақта 11 ақпаннан бері болған жоқ

НҰР-СҰЛТАН, 28 ақпан — Sputnik. Қазақстанда коронавирустық инфекция бойынша эпидемиологиялық жағдайды бағалаудың мартицасы жаңартылды.

28 ақпандағы жағдай бойынша Нұр-Сұлтан "қызыл" аймаққа кірді, бұған дейін қала "сары" аймақта еді.

"Сары" аймақтағы өңірлер – Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар облыстары.

Қалған өңірлер "жасыл" аймақта – Жамбыл, Алматы, Ақтөбе, Қызылорда, Маңғыстау, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстары және Шымкент пен Алматы қалалары.

Матрицаға сәйкес, Қазақстан "жасыл" аймақта тұр.

Оқи отырыңыз: ДДҰ COVID-19 пандемиясының аяқталу мерзімін атады

 

1755
Кілт сөздер:
Нұр-Сұлтан, коронавирус
коронавирус

Қазақстанда бір тәулікте коронавирус пен пневмониядан 15 адам қайтыс болды

29
(Жаңартылды 11:14 28.02.2021)
Қазақстанда өткен тәулікте 791 адамнан коронавирус табылды, 58 адам пневмонияға шалдықты

НҰР-СҰЛТАН, 28 ақпан – Sputnik. Қазақстанда өткен тәулікте коронавирус пен пневмониядан 15 адам қайтыс болды, деп хабарлады денсаулық сақтау министрлігі.

Өткен тәулікте 13 адам коронавирустан, 2 адам коронавирус белгілері бар пневмониядан көз жұмды.

28 ақпандағы мәлімет бойынша, 20 280 адам коронавирус инфекциясынан емделуде, олардың ішінде 4 483 науқас стационарда, 15 797 адам амбулаториялық деңгейде ем қабылдап жатыр.

249 науқастың жағдайы ауыр, 52 адамның жағдайы аса ауыр деп бағаланды. 42 адам жасанды тыныс алу аппаратына қосылған.

Өткен тәулікте 791 адамнан коронавирус табылса, 58 адам пневмонияға шалдыққан. 

Пандемия басталғалы Қазақстанда коронавирустан 2 756 адам, пневмониядан (тамыз айынан) 622 науқас қайтыс болды. 

 

29
Түркістандағы бес адам қайтыс болған үй

Ұйықтап үлгермеген: полиция Түркістандағы қайғылы жағдай қалай болғанын айтты

272
(Жаңартылды 13:15 28.02.2021)
Отбасы өз меншігіндегі үш бөлмелі баспанада уақытша тұрып жатқан, оның жанында үлкен үйдің құрылысы жүріп жатыр

АЛМАТЫ, 28 ақпан –  Sputnik. Түркістан қаласында иіс тиіп қайтыс болған бес адамның денесін отбасының таныстары тапқан. Әйел 27 ақпанда жұмысқа шықпаған соң әріптесі іздей бастайды. Полицияның хабарлауынша, қайғылы жағдай 26 ақпан кешкі сағат жетілер шамасында болған, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Аталған жайт туралы хабарлама 27 ақпан күні кешке 18:12-де түсті. 26 ақпан күні кешке дейін Болатова Гүлназ базарда жұмыс істеген. Оның базарда бірге істейтін әріптесі 27-сі күні жұмысқа шықпаған соң іздеп, түсте үйіне баласын жіберген. Баласы үйінде ешкім жоқ деп қайтып келген соң, жұмыстан кейін күйеуін жіберген. Себебі ол жұмысқа келмеген, өздерінің кездесетін жоспары болған екен. Күйеуі үйдің терезесінен іште жарық жанып тұрғанын және әйелдің жатқанын көріп хабарлаған", - деді облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Әбдуғани Сейдуәлиев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен онлайн-брифингте.

Полицияның болжамына сәйкес, қайғылы жағдай әйел жұмыстан келген соң болды. Отбасы үш бөлмелі үйде тұрған.

"26 ақпанда ұйықтауға үлгермеген. Өйткені шешініп, төсекке де жатпаған. Кешкі уақытта пешті қосып, тамақтанып болған соң қайғылы жағдай болды деп болжап отырмыз. Әрқайсысы әр бөлмеде қимылдап жүріп, осы жағдайға тап болған. Байқамаған. Оқиға шамамен 26 ақпан кешкі сағат жеті-сегіз шамасында болды деп отырмыз. Оның дәл уақытын сараптама анықтайды", - деді Сейдуәлиев.

Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Арман Жетпісбайдың айтуынша, отбасы өз меншігіндегі үйде тұрып жатқан. Уақытша үш бөлмелі баспанада тұрған, жанында үлкен үйдің құрылысы жүріп жатыр.

"Қаза болған азаматтардың денесі сот-медициналық сараптамадан өткізіліп, туыстарына табысталды. Жергеу орнына жеткізу үшін көліктер ұйымдастырылды. Қазір Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов жерлеу рәсіміне қатысып жатыр. Зардап шеккен отбасыға қаржылай көмек көрсетіледі", - деді Арман Жетпісбай.

Айтуынша, облыстағы мемлекеттік қызметкерлер отбасыға көмек ретінде бір күндік жалақысын беруге ниет білдіріп отыр.

"Бұл жерде ашық өрт шықпаған, мүлікке зиян келмеген. Бәрі орнында тұр. Сол себепті демеушілер арқылы 7 миллион теңге қаржылай көмек көрсетеміз деп отырмыз", - деді облыс әкімінің орынбасары.

Алдын ала болжам бойынша, оқиғаға үй ішіндегі пеш себеп болған.

"Төтенше жағдай департаментіне 18:35-те жедел жәрдем бөлімінен хабарлама түсті. Түркістан қаласы Сұлтан Бейбарыс көшесінде орналасқан жеке үйден әйел мен төрт баланың денесі табылды. Жеке тұрғын үй табиғи газбен жабдықталған. Иран пешінің орнатылғаны анықталды. Алғашқы болжам бойынша иісті газбен уланып қайтыс болған", - деді облыстың төтенше жағдай департаментінің бастығы Нұрғали Жүнісов.

Айта кетейік, бұл оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды. Облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Әбдуғани Сейдуәлиевтің айтуынша, ҚК 292-бабы 3-бөлігі "Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу" бойынша іс біріңғай тізілімге тіркелді.

"Қазір өлім себебін анықтау үшін сот-медициналық сараптама белгіленді. Пештің талапқа сай немесе сай еместігін анықтау үшін сот-техникалық сараптама жасалады. Тергеу жүргізіліп жатыр", - деді Сейдуәлиев.

Түркістандағы қайғылы жағдай

27 ақпанда Түркістан қаласындағы жеке тұрғын үйлердің бірінен әйел мен төрт баланың мәйіті табылды. 40 жастағы әйел және 2004, 2006, 2013, 2016 жылы туған балалары иіс тиіп қайтыс болды. Үйде газбен жылытатын жабдық қойылған. Отағасы кәсіпкерлікпен айналысады, ол емделу үшін Шымкент қаласына кеткен.

272
Кілт сөздер:
полиция, Түркістан