НҰР-СҰЛТАН, 8 ақпан – Sputnik. Алдағы сенбі, 13 ақпаннан бастап көлік иелерінен жүргізуші куәлігі талап етілмейді. Алайда жеке куәлікті өзімен бірге ұстап жүру керек. Ішкі істер министрлігі осы құжатты алмағаны үшін қандай шара қолданылатынын түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіповтің айтуынша, көлік жүргізушісі полицияға жеке куәлігін көрсетпесе, көбінесе, ескерту жасалады. Ал осы тәртіп бұзушылық қайталанса, айыппұл салынады.
"Негізі, адам өз құжатын алғаш рет үйде қалдырып кетсе, ондай жағдайлардың 95 проценті ескерту берумен аяқталады. Ал он күннің ішінде осы тәртіп бұзушылық қайталанса, 5 айлық есептік көрсеткіш (14 585 теңге – Sputnik) көлемінде айыппұл салынады", – деді Түсіпов ішкі істер министрлігінің баспасөз орталығында өткен онлайн брифингте.
Кейбір жағдайларда адамда өзінің құжаты болмайды. Сондықтан да көліктің өзіне тиесілі екенін дәлелдей алмай жатады. Ондайда көлік құралы айыппұл тұрағына қойылады.
Осы орайда комитет төрағасының орынбасары жеке куәлік болмаса, төлқұжатты ұстап жүру керектігін ескертті.
Айта кетейік, 13 ақпаннан бастап қазақстандық көлік иелері жүргізуші куәлігін өзімен бірге алып жүрмесе де болады. Полицейлер жүргізуші куәлігін, көлікті тіркеу куәлігін, сақтандыру полисін, сондай-ақ техникалық байқаудан өткенін растайтын құжатты планшет арқылы тексереді.
Оқи отырыңыз: "Жүргізуші куәлігі үшін 20 мың теңге?" ІІМ жауап берді
Ал интернеті жоқ елді мекендерде және тас жолдарда тексеру радиобайланыс арналары арқылы жүзеге асырылады.
Заңның жаңа нормасы тек Қазақстан азаматтарына қатысты. Шетелдік нөмірі бар көліктер мен жүргізуші куәлігін шетелде алған жүргізушілер өзімен бірге барлық құжатты алып жүруі тиіс.
НҰР-СҰЛТАН, 7 наурыз – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үштөбеде тұратын білім саласының ардагерін Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады, деп хабарлайды Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Мемлекет басшысы құттықтау хатты 74 жастағы орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Валентина Спиридоноваға жолдады.
Валентина Григорьевнаның педагогикалық қызметі 1963 жылдан басталады. Спиридонова 1995 және 2009 жылдар аралығында Кемел Тоқаев атындағы жалпы білім беретін мектепті басқарған.
"Құрметті Валентина Григорьевна! Сізді Халықаралық әйелдер күнімен құттықтаймын. Көктемнің сұлулық пен нәзіктік мерекесінде мейірімділігіңіз, түсіністігіңіз бен жемісті еңбегіңіз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Әр күн сізге және жақындарыңызға қамқорлық пен махаббат сыйласын. Зор денсаулық, жан тыныштығы мен бақыт тілеймін", - деп жазды Тоқаев өз құттықтауында.
Президенттің құттықтау хатын Алматы облысының әкімі Амандық Баталов табыстады. Өңір басшысы да блім саласының ардагерін 8 наурызбен құттықтады.
"Мен ауыл мұғалімімін. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жұмысбастылығына қарамастан мені және біздің мектепті ұмытпайтыны қатты қуантады. Оған үлкен алғысымды айтамын. Қазақстанымыз әрқашан гүлдене берсін", - деді Валентина Спиридонова.
Ардагер педагог "Алтын барыс", "Ыбырай Алтынсарин", "ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері" төс белгілерімен, сондай-ақ "Шапағат" медалімен марапатталған.
Зейнетке шыққаннан кейін 2009 жылы Кемел Тоқаев атындағы қайырымдылық қорын басқарды. Қор көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларға қолдау көрсетеді. Соңғы бірнеше жылда отандық және шетелдік жоғары оқу орындарына елуден астам грант ұсынған.
НҰР-СҰЛТАН, 7 наурыз – Sputnik. 6 наурызда Қазақстанға Германия, БАӘ, Мысыр, Түркия, Ресей, Беларусь, Өзбекстан және Қырғызстаннан 17 халықаралық әуе рейсі келді, деп хабарлайды санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті.
Қазақстан аумағына 2 561 жолаушы ұшып келді. Оның ішінде 2 254 адамның теріс нәтиже көрсетілген ПТР анықтамасы бар. 307 азамат анықтамасыз келген. Олар COVID-19 инфекциясына тест тапсырып, карантиндік стационарда нәтижесін күтіп отыр.
Тағы оқыңыз: Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар туралы мәлімет жарияланды
Бұған дейін 3 наурыздан бір ПТР-тестке мемлекеттік зертханалар жеті мың теңге (17 долларға жуық) жұмсайтыны хабарланған еді. Бұл бағаға қонақ үй мен тамақтандыру төлемі кірмейді.
307 жолаушы үшін билік 2 149 000 теңге төлейді.
5 наурызда шет елдерден 316 қазақстандық анықтамасыз ұшып келді. Барлығында ПТР-тест теріс нәтиже көрсетті.