Нұрдәулет Назарәлі

"Құмар ойын қанымда бар": үш жылда 20 миллионнан айырылған жігіттің оқиғасы

154
(Жаңартылды 16:13 08.02.2021)
24 жастағы Нұрдәулет Назарәлі ұтыс тігуге тәуелділіктен арылу үшін Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласында емделді. Екі жыл мамандармен жұмыс істеген ол қазір ақша тігуге тәуелді адамдармен кездесіп, ақыл-кеңес береді

АЛМАТЫ, 8 ақпан – Sputnik. Әр ортада букмекерлік кеңсеге қалтасы қалың болып кіріп, қарызға батып шығатындар жиі кездеседі. Бірі балалықпен, енді бірі өмірден орнын таппай ұрынады. Жеңіл ақшаның жетегінде ата-ана, бауыр, дос-жаранды ұмытып кететіндер де бар. 24 жастағы Нұрдәулет Назарәлі айналдырған үш жылдың ішінде букмекерлік орталықтарда 20 миллион теңге ұтылған. Жас жігіт Sputnik Қазақстан тілшісіне кейінгі алты жылда бастан кешкен оқиғаларын айтып берді.

Бәрі алты жыл бұрын басталған

Нұрдәулет мектеп бітіріп, Шымкентте басқа ортаға түскенге дейін ойынға ұтыс тігу, ақша ұтылудың не екенін білмеген. Құрдасының букмекер кеңсесінде отырып, басқа дос-жаранмен байланысы үзіле бастағанын байқаған. Оны сол "балшықтан" шығарып алмақ болған. Алайда 18 жастағы баланың көзіне 40 мың теңге қомақты қаржы болып көрініп, өзі де жеңіл ақшаның соңына түседі.

"Бәрі университетте оқып жүргенімде басталды. Төрт жігіт жақсы дос болдық. Соның бірі футболға ақша тігетін. Бірігіп соны шығарып алғымыз келді. Бір күні оны іздеп букмекер кеңсесіне бардық. "Қай ойыншының қалай ойнайтынын білесің ғой, бүгін кім гол соғуы мүмкін" деп менің ойымды сұрады. Сол күні болжамым дәл келіп, досым 40 мың теңге ұтты. Бұл мен үшін қомақты қаражат болатын. Содан осылай ақша табуды ойлана бастадым", - дейді 24 жастағы Нұрдәулет Назарәлі.

Дәл осы жағдайдан кейін досына ойын болатын күндерді ескертіп тұруын өтінген. Осылайша интернет ойындар мен футболға ақша тіге бастаған.

Үш жылда 20 миллион теңге ұтылды

Нұрдәулет сол күннен бастап екі жыл бойы бірде ұтып, бірде ұтылып жүрді. Ал үшінші жылы ойыннан шыға алмай, қарызға белшеден батты. Сол жылы ақша тігу үшін су жаңа телефонын сатты, банктен кредит алды. Ағайын-туыстан қарыз алып, олардың қоңырауына жауап бермей, қашып жүрген. Ақша салған сайын келесі жолы ұтатынына сенді.

"Жұмыс істемесем де банк 400 мың теңге кредит берді. Сол жылы енді шығып жатқан телефонды кредитке алып, оны да сатып жібердім. Барлық ақшаны ойынға тіктім. Жалпы үш жылда 20 миллион теңге ұтылдым", - деді Нұрдәулет.

Жанындағы достары мен ағасының жолдастары да ақша сұрағанда бетін қайтармаған. Себебі бұған дейін көпшілік оны артық қылығы жоқ бала ретінде таныған.

"Ол кезде қарыз беретін адам көп болды. Не дегенмен жаман атым шықпаған, түзу жүрген соң бәрі сеніп, ақша берді. Ойынға кіріп кеткен соң өтірік айта бастадым. Қарызды алып, біреуге қайтару үшін басқадан ақша сұрап жүрдім", - деді ол.

Осылай үш жыл өткенде ағасы немен айналысып жүргенін біліп қойған.

Қарызымның бәрін ата-анам, бауырларым қайтарды. Әкем жақсы қызметте істейді, үй салуға, көлік алуға жинап отырған ақшасын берді. Мүмкін қарыз алған да шығар, оны маған айтпады, деді Нұрдәулет.

"Ауру қаныма сіңіп кетті"

Содан бастап ата-анасы ақша тігуге тәуелді болып қалған баласын емдейтін орталық іздеген.

"Ата-анам Алматыда адамдарды дұрыс жолға бағыттайтын орталық бар екенін білді. 5 жарым ай бойы сол жерде емделдім. Арнайы коттеджде тұрдым. Мен секілді ақша тігуге тәуелділер мен есірткіге тәуелді адамдар жиналған. Бәріміз отырып, ішіміздегіні ақтарамыз. Америка фильмдерінен көргенімді бастан өткердім", - деді Нұрдәулет.

Ата-анам емделуге болатын орталықты тапқан кезде қуандым. Себебі әркімнен қарыз алып, қашып жүргеннен шаршаған едім. Телефон көтермей жүрген күндерімді еске алғым келмейді, деп толықтырды ол.

"Жексұрын болдым": Танымал әнші құмар ойынға салынып, 200 000$-дан айырылғанын мойындады

Сондай-ақ, психолог мамандармен жұмыс істеп, өмірді басқа қырынан танып, құндылықтарын тапқандай болған.

Айтуынша, орталық ішінде жүргенде ойын, ұтыс, ақша туралы ой болмаған. Себебі қолында қаражаты да, телефоны да жоқ. Алайда жарты жылдан кейін ойынға тартып тұрды, дейді ол.

Ғаламтордан фильм көрген кезде ең алдымен 30 секунд ұтыс, ақша тігуге қатысты жарнама көрсетіледі. Нұрдәулет те сондай сәтте әлі күнге дейін елең ете қалатынын жасырмады. Алайда қаншама ем-дом жасағанын еске алып, ата-анасын ойлайды.

"Орталықтан шыққан соң аптасына 2-3 рет қайтадан ойнасам ба екен деген ой болды. Кейіннен мұндайды екі айда бір рет ойлап жүрдім. Қазірге дейін ойынға тартып тұратыны бар", - деп шынын айтты ол.

Мамандардың айтуынша, емделушіге ақша тігіп үйренген қаласына тез қайтып кетуге болмайды. Ал Нұрдәулет асығып, алты айдан соң Шымкентке қайтқан. Ол жақта жүріп ойынға қайта құмарта бастағанын сезіп, Нұр-Сұлтан қаласына барады, емін жалғастырады.

"Құмар ойын қанымда бар. Нағашыларымның арасында тәуелді адамдар бар екен. Уақыт өте келе ауру қаныма сіңіп кетті. Сондықтан күнделікті күресіп отырамын. Ерте оянып, күн сайын жаттығу жасап, миды тазартамын. Жақын дүниелерді ойлауға тырысамын. Дүниеге өкпелі кезімде қайтадан ойынға тартып тұрады", - деді ол.

Әдетте көпшілік қарызға батып, ойынның, ақша тігудің құмарына кіріп кеткенін жасырғысы келеді. Ал Нұрдәулет өз оқиғасын айтуды борышы деп санайды. Өзі секілді жастардың бұл жолға түспеуіне аз да болса көмектескісі келеді. Сондай-ақ, бұл "ауруды" жалғыз жеңу мүмкін емес екенін, мамандармен жұмыс істеу қажет екенін еске салды.

Нұрдәулет қазір медицина саласында жұмыс істеп жүр. Айтуынша, 150 мың теңге айлығы шығынын толық өтейді. Арасында ақша тігуге тәуелді адамдармен кездеседі, ақыл-кеңес береді.

154
Кілт сөздер:
құмар ойын
Тақырып бойынша
"Ақшаны унитазға ағызып жіберген": Шымкентте жалдамалы пәтерге арнайы жасақ жіберілді
Қазақстандықтар құмар ойынға салынған туыстарын сотқа бере алады
ҰҚК Алматыда қылмыстық топ ұсталғанын хабарлады
Қазақстанда барлық букмекерлік кеңсе екі облысқа көшірілуі мүмкін
"Тегін дүние жоқ": Бағлан Әбдірайымов ашық сұхбат берді
Шымкентте пәтерді жалға алған ер адамның заңсыз әрекеті анықталды – видео
Алматы тұрғыны казинодан 31 миллион теңге табыс тауып, түрмеге түсті
Мұғалім, оқушылар, сынып

Вице-министр оқушыларды қандай жағдайда мектепке жібермеуге болатынын айтты

935
Оқушылар мектеп формасын киюге міндеттелмейді, еркін, ұқыпты және жинақы киімде жүруге рұқсат етіледі

НҰР-СҰЛТАН, 1 наурыз – Sputnik. Бүгін, 1 наурыздан бастап 1-5 сынып оқушылары аралас оқыту форматына көшті. Осыған байланысты білім және ғылым вице-министрі Шолпан Қаринова бастауыш сынып оқушыларының қалай оқытылатынын түсіндірді.

Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес, 1 наурыздан жалпы білім беретін мектептердің 1-5 сынып және халықаралық мектептердің 1-7 сынып оқушыларын аралас форматта оқытуға рұқсат етілді.

"Тек ерекше жағдайларда, ауырғанда немесе науқаспен байланыста болса, ата-анасының өтінішімен балаларды қашықтан оқытуға қалдыруға рұқсат етіледі", - деп жазды Қаринова Facebook-те.

Вице-министрдің айтуынша, әр мектеп штаттық режимде немесе қашықтан оқытылатын пәндерді және оқу сағаттарының санын өзі анықтайды. Бұл ретте мектептер осы оқу жылында қолданыстағы жұмыс оқу жоспарларын басшылыққа алады.

Білім және ғылым министрлігі "Көркем еңбек" және "Музыка" пәндерін 1-5 сыныптарда қашықтан асинхронды форматта қалдыруды, қалған пәндерді мектепте оқытуды ұсынып отыр.

Осы орайда Қаринова бастауыш сынып оқушылары неге мектепке оралғанын түсіндірді.

"1-5 сыныптардың барлық оқушысын мектепке қайтару базалық білімнің, қажетті дағдылар мен құзыреттердің бастауыш мектеп деңгейінде қалыптасатынымен байланысты болып отыр. Олар үшін әлеуметтену және қарым-қатынас процестерінің жалғасуы, оқыту кезінде ұжымдық өзара қарым-қатынастың қолжетімді болуы маңызды. Сондықтан бірінші кезекте осы сыныптар бойынша шешім қабылданды", - деді вице-министр.

Тағы оқыңыз: Қазақстанда 1 наурыздан бастап не өзгереді

Ол оқушылар мектеп формасын киюге міндеттелмейтінін атап өтті. Балаларға еркін, ұқыпты және жинақы киімде болуға рұқсат етіледі.

"Ата-аналарға мектеп формасын сатып алудың қажеті жоқ", - деді Қаринова.

Сонымен қатар, 1 наурыздан бастап сабақтан тыс уақытта білімдегі олқылықтарды толықтыру үшін 15 адамнан аспайтын топтарда оқушыларды жеке оқытуға болады. Бұл жағдай әлі де қашықтан оқитын 6-8, 10 сыныптарға қатысты. Жеке оқыту міндетті емес, мұғалімдердің шешімі мен ата-аналардың келісімі бойынша жасалады.

Министрлік мектеп басшыларына балалардың қауіпсіздігін және денсаулығын сақтау үшін барлық жағдайды жасауды тапсырды. Оқушылар мен мұғалімдер санитарлық қауіпсіздік шараларын сақтауы тиіс.

935
Кілт сөздер:
Білім және ғылым министрлігі, вице-министр, оқушылар
Тақырып бойынша
Солтүстік Қазақстан облысында он мектеп карантинге жабылды 
Нұр-Сұлтанда 21 мектеп карантинге байланысты жабық тұр
Кісен

Дәретханаға сұранған: Алматыда ер адам тергеу изоляторынан қалай қашып кетті

444
(Жаңартылды 17:59 01.03.2021)
Алматы қаласындағы тергеу изоляторынан қашып кеткен Дамир Давутов екі аптадан кейін Ақтөбеде ұсталды

НҰР-СҰЛТАН, 1 наурыз – Sputnik. Ақтөбе облысының полиция департаменті 15 ақпанда Алматыда тергеу изоляторынан қашып кеткен сотталушының қалай ұсталғанын айтып берді.

Сотталушы қалай қашты

Баспасөз қызметінің ақпаратынша, 15 ақпанда сотталған Дамир Давутов адвокатпен сөйлесу үшін кездесу бөлмесіне шығарылған. Кездесуден кейін ол дәретханаға сұранады, содан кейін қараңғы түскенін күтіп, кездесу бөлмесінде жасырынып қалған. Одан әрі ол есіктің құлпын бұзып, әкімшілік ғимараттың мәжіліс залына кіреді де, қосалқы шығу есігінің металл құлпын сындырып, қоршаудан секіріп, қашып кеткен.

Ер адамның бір апта ішінде тергеу изоляторына өз еркімен оралуға мүмкіндігі болды. Егер қамаудан қашқан адам қандай да бір жаңа қылмыс жасамаса, ол қашқаны үшін қылмыстық жауапкершіліктен босатылады. Алайда Давутов бұл талаптарды елеген жоқ.

Ақтөбеден бір-ақ шықты

Жедел іздестіру шаралары барысында сотталушының Ақтөбе қаласында пәтерлердің бірінде жасырынып жатқаны анықталды.

Полицейлер одан өз еркімен берілуін талап етті, алайда Давутов бас тартқан. Осыдан кейін арнайы бөлімшелердің қызметкерлері тартылып, олар екінші қабаттағы балкон арқылы пәтерге кіріп, қылмыскерді ұстады.

Тағы оқыңыз: Алматыда сотталушы тергеу изоляторынан қашып кетті

Жауап алу кезінде Давутов изолятордан қашқаннан кейін таксимен, алдымен, Таразға барғанын, одан кейін бес күн бойы жолшыбай көліктермен Ақтөбеге жеткенін мәлімдеді.

Айта кетсек, 33 жастағы ер адам осы кезге дейін сегіз рет сотталған. Ол 10 жыл бұрын да қашуға ұмтылып, қайта ұсталған.

Сотталушы Дамир Давутов 15 ақпанда Алматыда ЛА-155/18 мекемесінен қашып кетті. Ол ірі көлемдегі ұрлық пен алаяқтық әрекеті үшін алты жылға бас бостандығынан айырылған. Ер адам үкім шыққан соң, Алматы қаласы сотына апелляциялық шағым бергендіктен тергеу изоляторында болған.

28 ақпанда сотталушы Ақтөбе қаласында ұсталды.

444
Кілт сөздер:
тергеу, ер адам, Алматы
Тақырып бойынша
Алматыда тергеу изоляторынан қашқан сотталушы 8 тәуліктен бері іздестіріліп жатыр
Алматыда тергеу изоляторынан қашқан сотталушы ұсталды
ЕуроОдақ туы

Еуропада вакциналау сертификаты енгізіледі

0
Солтүстікатлантикалық Pfizer/BioNTech, Moderna, AstraZeneca үштігіне қатысты бюрократиялық кедергілер болмауы керек. Алайда, Ресей мен Қытай вакцинасына қатысты қиындықтар бар

ЕО дипломатиялық ведомстволары басшыларының селекторлық кеңесінің қорытындысы бойынша сөз сөйлеген фрау канцлерин Ангела Меркель вакциналау сертификатын енгізу қажеттілігі туралы келіскенін мәлімдеді. Оның айтуынша, мұндай сертификаты жоқ азаматтарға ЕО аумағына кіруге тыйым салынады.

Әзірше тек сөз жүзінде келісім бар. Жоба шамамен үш айдан кейін талқылауға ұсынылады, деп хабарлайды РИА Новости.

Негізгі мәселе – вакциналауға қарсы көрсетілімі бар адамдардың жайы не болмақ? Уақытша қарсы көрсетілімдер жайы түсінікті. Мысалы, жақында ғана коронавирусты инфекциямен ауырып шыққан болса. Мұндай жағдайда біршама уақыт өтуін күтіп, содан кейін ғана екпе салғызу керек болады. Алайда, созылмалы ауруы бар адамдар ше?

Іс мұнымен де бітіп тұрған жоқ. Қазір әлемде вакцина көп. Оның саны арта түсетіні анық. Сонда ЕО серификатын алу құқығы нақты қай препараттарға беріледі?

Солтүстікатлантикалық Pfizer/BioNTech, Moderna, AstraZeneca үштігіне қатысты бюрократиялық кедергілер болмауы керек.

Бірақ, ресейлік ("Спутник V" және "ЭпиВакКорона") және қытай (Sinovac Biotech, CanSino Biologics, CNBG — Sinopharm) вакциналарына қатысты біршама қиындық туындайтын секілді. Олар өте жоғары деңгейде тиімді әрііаурудың жалғыз емі болса да, брюссеельдік бақылау органдарымен мақұлданбаған. Сондықтан, осы екі елдің препаратын салғызған азаматтар шекарадан асуы үшін қажетті сертификатқа қол жеткізбеулері ықтимал.

Осы тұста вакцинаның әлемдегі адамдарға тиімділігі емес, оның саяси маңызы жоғары тұрғаны анық. Ал, жаһандық мәселеге саясат араласқан кезде, оның ақыры ешқашан жақсылыққа алып келмеген. Осы сияқты жағдай "Солтүстік ағын – 2" жобасының төңірегінде де белең алып жатыр. Вакцинасы альянс аумағында мойындалмаған елді дәл осы вакцина арқылы қыспаққа алу мүмкін болса, ЕО мұны қалт жібермеуге бел буды.

Жақында ғана Еурокомиссия басшысы Усула фон дер Ляйеннің мәлімдемесі де осыған сәйкес келеді: "Ресейдің кокронавирусқа қарсы вакциналау стратегиясы ақылға қонымсыз. Басқа елдерге вакцинаның миллиондаған дозасын ұсынып отырған Ресей неге өз халқын екпемен толық қамтамасыз ете алмай отыр? Неге өз тұрғындарын вакциналауда тиісті ілгерілеу жоқ? Бұл сұраққа жауап беру керек".

Тиісті ілгерілеу деп нені меңзеп тұрғаны белгісіз. Оның үстіне, ілгерілеу мүлде байқалмайтын Еуропа бұл жайында сөз қозғауы қаншалықты орынды? Әйтпесе, Венгрия "Спутник" вакцинасын сатып алмас еді. Чехия, Австрия, Италия да осы ойда болмас еді.

Сол себепті, елге кіру визасына рұқсатнама ретінде қай вакциналар айқындалатыны туралы дау әлі талай ақиқаттың бетін ашатын секілді.

0