Қоғам

Халықты түстерге бөлу мен QR-код: министр Цой қазақстандықтарға үндеу жасады

© Sputnik / Владислав ВодневQR - код
QR - код - Sputnik Қазақстан, 1920, 10.02.2021
Жазылу
Қазақстанда 13 мыңнан астам бизнес нысан әлі күнге дейін өз қызметін қайта аша алмай отыр. Осыған байланысты "Атамекен" кәсіпкерлер палатасы "Ashyq" пилоттық жобасын қолға алды

НҰР-СҰЛТАН, 10 ақпан – Sputnik. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой "Ashyq" мобильді қосымшасына қатысты өз ойын айтты. Пилоттық жоба аясында адамдарды қызыл, сары, көк және жасыл түстерге бөліп, кейбір мекемелерге QR-кодпен ғана кіргізеді,  деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Министрдің айтуынша, пандемия басталғалы бері бизнеске біраз шектеу қойылды. Соның салдарынан кәсіпкерлер табысынан айырылды. Мәселен, Қазақстанда 13 мыңнан астам бизнес нысан әлі күнге дейін өз қызметін қайта аша алмай отыр. Осыған байланысты "Атамекен" кәсіпкерлер палатасы "Ashyq" пилоттық жобасын қолға алды. Негізгі мақсат – эпидемиологиялық жағдайда бизнесті жүргізуге мүмкіндік беру. Мобильді қосымшаны отандық компания әзірледі. Оны Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында пилоттық режимде іске қосты.     

"Оған фитнес пен SPA орталықтары, бассейндер, моншалар мен кинотеатрлар қосылды. Бүгінде 40 нысан ерікті түрде "Ashyq" жобасына қатысып отыр. Мобильді қосымша QR-кодпен денсаулық сақтау министрлігінің базасынан тиісті мәліметті алу арқылы келген адамның статусын, яғни коронавирус инфекциясынан шалдыққан ба, жоқ па, осыны анықтайды", - деді Цой орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

Министр QR-кодтың тек бизнес нысандарына ғана берілетінін ерекше атап өтті. Ал келушілер "Ashyq" мобильді қосымшасын өз телефонына жүктеп, барған мекеменің QR-кодын сканерлеп алады да, қызметкерлерге көрсетеді.

"Ал түстерге бөлу адамдардың өмірін бақылауды көздеп отырған жоқ. Ол тек адамның науқас немесе науқаспен қарым-қатынаста болып-болмағанын анықтауға арналған. Өйткені заң бойынша науқаспен қарым-қатынаста болған адамдар карантинде отыруы тиіс. "Ashyq" мобильді қосымшасын ерікті түрде жүктеледі және келушілерді вирусты жұқтырудан қорғауға көмектеседі. Сондай-ақ, бизнеске карантиндік шаралар кезінде жұмыс істеуге мүмкіндік береді", - деп атап көрсетті Цой.   

QR-код енгізіледі

Айта кетейік, бұған дейін цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі "Ashyq" мобильді қосымшасы туралы хабарлаған болатын. Соның аясында адамдарды денсаулығына қарай қызыл, сары, көк және жасыл түстерге бөледі де, кейбір мекемелерге QR-код арқылы кіреді. Пилоттық жоба карантин кезеңінде қызметі шектелген бизнес өкілдері арасында өткізілуде. Мысалы, spa, фитнес орталықтар, кинотеатрлар. Енді осы орындарға бару үшін арнайы QR-кодты сканерлеп, кіреберісте көрсету қажет. Қызыл түс қозғалысты шектеуді, амбулаторлық бақылаудағы адамдар үшін үйде оқшауланудың қатаң режимін сақтауды білдіреді.

Сары – қозғалысты ішінара шектеу – пайдаланушы ПТР деректер базасында науқаспен байланыста болған адам ретінде көрсетілген: пациентке тұратын жерінен 500 метрден аспайтын азық-түлік және шаруашылық дүкендерге, дәріханаларға баруға ғана рұқсат етіледі.

Көк түс шықса, ПТР-тест міндетті саналатын орындарды қоспағанда (мысалы, әуежайда), жүріп-тұруға ешқандай шектеу жоқ деген сөз.

Жасыл мәртебе қозғалыста ешқандай шектеу жоқ екенін білдіреді. Бұл пайдаланушы деректер базасында ПТР-тестілеуден өткен, COVID-19 теріс нәтижесі бар адам ретінде көрсетілген.

Ресми мәліметке сәйкес, адамдарды түстерге бөліп көрсету бизнеске өз қызметін жалғастыруға және клиенттерге қауіп төндірмеуге мүмкіндік береді. Егер мекемеге келген адамда смартфон болмаса, қосымшада қызметкерлерге арналған функция бар, олар келген адамның мәртебесін жеке сәйкестендіру нөмірі немесе жеке куәліктегі штрих-кодты сканерлеу арқылы тексере алады.

Пилоттық жоба өз тиімділігін көрсетсе, онда "Ashyq" мобильді қосымшасы басқа қоғамдық орындарға – сауда ойын-сауық орталықтары, дүкендер, мейрамханалар, дәмханалар, вокзалдар, әуежайларға кіру кезінде қолданылуы мүмкін. Оны App Store және Play Market-тен жүктеуге болады.

Жаңалықтар
0