НҰР-СҰЛТАН, 11 ақпан – Sputnik. Әнші Жазира Байырбекова жануар терісінен жасалатын тондардан бас тартатын болды. Бұл туралы ол өзінің Instagram парақшасында жазды.
"Кешіріңіздерші. Мен енді жануарларды қинап, терісін тірідей сыпырып жасайтын шубаларды сатып алмаймын. Қалай жасайтынын көрсеткен видеолар көріп жаным ауырып кетті", - деді әнші.
View this post on Instagram
Ол мұндай тондарға жарнама да жасамайтынын жеткізді.
"Болашақта құдаларыма да сатып алып бермеймін, сыйлыққа да алмаймын. Алланың жан бітіргендерінің жанын қинауға үлес қосқым келмейді", - деді Байырбекова.
Әншінің оқырмандары да мұндай шешімді қолдап отыр.
"Тон кимесе, жұрт жалаңаш қалмайды", "Әрине, обал ғой", "Жүрегіңіз жұмсақ екен, дұрыс айтасыз обал. Мен де видеоларды көріп, жүрегім ауырып кетті", - деп жазды қыз-келіншектер.
НҰР-СҰЛТАН, 25 ақпан – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құрылыс компанияларымен алдын ала сатып алу келісімін жасасуды ұсынды. Соның нәтижесінде тұрғын үйлер "Нұрлы жер" бағдарламасындағы бағамен сатылады. Бұл туралы президент ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Айтуынша, былтыр тұрғын үй құрылысының қарқыны 11,2 пайызға өскен. Бұл жақсы көрсеткіш, алайда өңірлердің ахуалы әркелкі. Мәселен, пайдалануға берілген дайын үйлердің 40%-і тек Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында. Оның үстіне бұл үйлердің көпшілігінің бағасы әлі де қымбат.
"Нарықтың өз ережесі бар. Нақты экономикалық факторларға байланысты құрылыс компаниялары қазір арзан үй салуға мүдделі емес. Сол себепті қолжетімді әрі сапалы үй салуды жандандыру үшін құрылыс компанияларымен оффтейк, яғни алдын ала сатып алу келісімін жасау керек. Соған сәйкес, тұрғын үйлер "Нұрлы жер" бағдарламасындағы бағамен сатып алынады", - деді Тоқаев кеңес отырысында.
Ол мұндай тәсіл сынақ жобалары аясында алдын ала пысықталғанын атап өтті. Енді мұны бүкіл ел бойынша жүзеге асыру қажет.
"Бұл қадам аз уақыт ішінде құны қолжетімді жаңа тұрғын үйлер салуға мүмкіндік береді", - деп санайды мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, Тоқаев ауылдық жерлердегі тұрғын үй мәселесіне тоқталды.
Ол баспанаға ие болған жастар ауылда тұрақтап қалудан қашпайтынын айтты. Жалпы ауылдық жерде үй салу баспана мәселесін ғана шешпей, экономикалық белсендікті арттыруға және тұрмыс сапасын жақсартуға септігін тигізеді.
Депутат шенеуніктер былығы кесірінен кейбір отбасы үйсіз жүргенін айтты
"Баспана мәселесі "Дипломмен ауылға" бағдарламасымен ғана шешілмейді. Бұл іске әлеуметтік жауапкершілігі бар жұмыс берушілерді жұмылдыру керек. Кәсіпкер өз жұмысшыларына арнап ауылда үй салса, мемлекет оған кеткен шығынның 50 пайызына дейін қайтаратын болады. Бұл қай жағынан алып қарасақ та, бәріне пайдалы", - деді Тоқаев.
Айтуынша, жұмыс дұрыс жолға қойылса, осы бастама ауылды дамытуға жан- жақты септігін тигізеді. Сондай-ақ, қажетті мамандарды, ең алдымен, мұғалімдер мен дәрігерлерді, мал дәрігерлерін ауылға тартуға мүмкіндік береді.
Президент үкіметке бұл тәсілді осы жылдың екінші жартысынан қалдырмай қолданысқа енгізуді тапсырды.
АЛМАТЫ, 25 ақпан – Sputnik. Желіде қар құрсауында қалып қойғандарды құтқару кезінде түсірілген полицейдің фотосы тарап жатыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Қостанай облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Жітіқара ауданы полиция бөлімінің бастығы Болат Иманов әріптестерімен бірге ауа райының қолайсыздығына байланысты жолда қалған адамдарға көмектесуге барған. Фото сол кезде түсірілген.
Фотодан ер адамның үсті-басы қар болып, көлік жүргізіп отырғанын көруге болады. Полиция қызметкерлері қаладан 25 шақырым жерде жолдан шығып кеткен көлікке көмекке барған. Олар көлікті ең жақын елді мекенге дейін сүйреп апарған.
Ал фотосы желіде қызу талқыланып жатқан полицей ауа райы нашар кезде қоластындағыларды жалғыз жібергісі келмей, құтқару шарасын өзі басқарғанын атап өтті.
"12 шақырымды сегіз сағат жүріп өттік. Менімен бірге 7 полиция қызметкері болды. Жүргізуші жақтағы терезе ашық тұрғандықтан жел соғып, үсті-басымды қар басты. Ал көліктің жанында полиция қызметкері көлік терезесінен ұстап, жүгіріп жүрді. Өйткені, жол мүлдем көрінбеді. Ол асфальтті аяғымен сезіп, көлікті жолдан шығып кетуден сақтандырып отырды", – деді Болат Иманов.
Содан кейін полицейлер элеваторға жақындаған. Сол жерде құтқарылған жолаушылармен бірге ауа райының реттелуін күтеміз деп ойлаған. Алайда оған таяғанда 20 метрлік қар құрсауына тап болып, әрі қарай жүре алмаған.
Сол сәтте оларға жергілікті кәсіпкерлер көмектескен. Имановтың айтуынша, өздерін сол жердегі күзетші әйел құтқарған.
Желіде полицейлердің құтқарушылардың қызметін атқарып жатқанын жазып жатыр. Ал жергілікті полиция департаменті патрульдік полиция қызметінің екі жылдан бері барлық қажетті жабдығы бар екенін, олар оқиға орнына барғанда құтқарушыларды шақырмай-ақ, зардап шеккендерге көмектесетінін атап өтті.
Оқи отырыңыз: "Ол жылап жіберді": Полицей иен далада жоғалған баланы қалай тапқанын айтып берді
Айта кетейік, полиция подполковнигі Болат Иманов ішкі істер органдарында 1996 жылдан бері жұмыс істейді. 2020 жылы Жітіқара ауданы полиция бөлімінің бастығы болып тағайындалды.