НҰР-СҰЛТАН, 11 ақпан – Sputnik. Грузияда Солтүстік Қазақстан облысының тумасы Николай Павлюк ұсталды. Ол Ресей түрмесінен қашып кеткеннен кейін 21 жыл бойы жасырынып жүрген. Осы уақыт ішінде бірнеше елде, тіпті туған жерінде де тұрды деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Петропавловск.news порталына сілтеме жасап.
Павлюк 1974 жылы Солтүстік Қазақстан облысының Бескөл ауылында дүниеге келген. Ал ер жеткеннен кейін Ресейге барды. 90-жылдар қылмыстық әлемнің дүркіреп тұрған кезі болатын. Жас Павлюк те осы әлемге тез сіңісіп кетті. Ал 20 жасында әккі қылмыскерге айналды. Сөйтіп, 1994 жылы бір топ адаммен кісі тонауға барған.
Тергеу материалдарына сәйкес, Павлюк сыйбайластарымен бірге Ростов қаласында тұрған ер адамның пәтеріне баса көктеп кірген. Оны қатыгездікпен ұрып-соғып, 100 миллион рубль, саяжай учаскесі мен КамАЗ көлігін талап етті. Қылмыскерлер үйден құр қол кеткен жоқ. Телевизор, магнитофон, зергерлік бұйымдар, қымбат әтір суы, тіпті, аяқкиім мен киім-кешекті де қолды етті. Дәл осы жолмен тағы бір қала тұрғынына қысым көрсетіп, мүлікті өз аттарына жазып алды. Ал бір жылдан кейін қылмыскерлер қолға түсті.
Павлюк 8 жылға сотталды. Бірақ 1999 жылы екі сотталған адаммен бірге Краснодар өлкесінің Хадыженск қаласындағы ИК-9 колониясынан қашып кетті. Сөйтсе, олар алдымен күзетшілерге ақша берген. Мекеме қызметкерлері оларды сөмкеге салып, жасырын түрмеден алып шықты. Қылмыскерлер "общакта" болған 300 мың долларды да үптеп кеткен деген ақпарат бар.
Бір жарым жылдан кейін екі қашқынның Адыгея республикасында жүргені белгілі болды. Ұстау операциясы кезінде қылмыскерлер полицияға оқ жаудырды. Сол кезде екі милиция офицері көз жұмды. Біреуі қатты жарақат алды. Екі күннен кейін тағы бір операция ұйымдастырылды. Алайда қылмыскерлер қашып кетті. Жарты жылдан кейін ғана қолға түсті. Екеуі өмір бойына бас бостандығынан айырылды.
Ал Николай Павлюк із-түзсіз жоғалып кетті. Түрмеден қашқаннан кейін бірден шетелге шықты. Жалған төлқұжат жасап, Эстонияда тұрды. Ал 2004 жылы осы мемлекет Еуропа одағына қосылғаннан кейін Германияға анасының қасына көшіп барды. Ол кезде Интерпол да оған іздеу салды. Бір қызығы, Германияның Ольденбург қаласында Павлюкты көліктік полиция тоқтатып, бір күнге қамауға алған. Бірақ Ресейге берген жоқ. Себебі Германияда түрмеден қашу қылмыстық әрекетке жатпайды. Осылайша, іздеуде жүрген қылмыскер келесі күні босатылды.
2010 жылы Павлюк Қазақстан азаматына жалған төлқұжат жасатып алды. Оған Михаил Иванович Уткевич деп жазылды. Осы төлқұжатпен біршама уақыт Петропавл қаласында тұрған. Тіпті, үйленіп, ұл сүйді. Бірақ бірнеше жылдан кейін ерлі-зайыптылар ажырасып кетті. Павлюктің Қазақстандағы әйелі оны сотқа беріп, алимент төлеуді талап етті. Сол кезде Бескөлдің тумасы Грузия қашып үлгерді.
Павлюк грузин жерінде бес жылдай жасырынып жүрді. Бірақ Ресейдің федералды қауіпсіздік қызметі оны тауып, Грузия полицейлерінің көмегімен қолға түсірді. Қазіргі кезде оны Ресейге экстрадициялау мәселесі пысықталып жатыр.
Ресейдің заңнамасы бойынша Николай Павлюк 1995 жылдың соты тағайындаған жазаны өтеуге міндетті. Оған қоса, түрмеден қашу, жалған құжат жасау және тағы басқа әрекеттер үшін қосымша жаза қарастырылған. Осының негізінде 7-10 жылға бос бостандығынан айыру жазасы қосылуы да әбден мүмкін.
НҰР-СҰЛТАН, 27 ақпан – Sputnik. Желіде Қазақстанның бас прокурорының жалған қаулысы таратылып жатыр.
Хабарламада Ресейде есепке қойылған көлік иелеріне Қазақстан аумағында бас сенімхатсыз жүруге тыйым салынатыны жазылған. Бас прокуратураның баспасөз қызметі бұл ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлады Stopfake.kz.
"Желіде Бас прокурор бас сенімхатсыз ресейлік автокөлікті басқаруға тыйым салу туралы қаулыға қол қойғаны жазылып жатыр. Бұл ақпарат шындыққа жанаспайтынын хабарлаймыз. Бас прокурор бекіткен құқықтық актілердің мәтіндері ресми сайтта жарияланған", – делінген Бас прокуратураның ресми хабарламасында.
Жалған хабарға мұқият қарағанда, орта мектептің мөрі қойылғанын байқауға болады. Сондай-ақ, мәтінде құжат ішкі істер министрлігінің ресми сайтында жарияланғаны айтылған, бірақ іс жүзінде сайтта мұндай ақпарат жоқ.
Фейкті жасаған адам негізге алып отырған "Әкімшілік рәсімдер туралы" заңда 60-бап жоқ. Олардың саны 25 қана.
Сондай-ақ, фейк мәтінінде грамматикалық және стилистикалық қате көп екені байқалады.
Бас прокуратура арандатушылыққа бой алдырмауды және тек ресми дереккөздерге ғана сенуді сұрады.
НҰР-СҰЛТАН, 27 ақпан – Sputnik. Қазақстандық бизнесмен Алмаз (тегі белгісіз) украиналық тележүргізуші Иванна Онуфрийчукке үйленді. Қалыңдық бірге түскен суретпен Instagram парақшасында бөлісті.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Үйлену тойы Мальдивтегі Воава жеке аралында өтті.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Шақырылған әртістер қатарында Дан Балан, Дима Монатик сынды әртістер болды. Тойды шоумен Александр Белов пен тележүргізуші Екатерина Варнава өткізді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Иванна Онуфрийчук "Без галстука" авторлық шоуын жүргізеді. "Страна.ua" басылымының ақпаратына сәйкес, бизнесмен Швейцарияда тұрады.
НҰР-СҰЛТАН, 27 ақпан – Sputnik. Жеке тұрғын үйден табылған әйел мен төрт баласы иіс тиіп қайтыс болған. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
"27 ақпан күні Түркістан қаласындағы жеке тұрғын үйде 5 адам - 1980 жылы туған әйел және 2004, 2006, 2013, 2016 жылы туған балалары иіс тиіп қайтыс болған. Отағасы кәсіпкерлікпен айналысады, ол емделу мақсатында Шымкент қаласына кеткен", - деп хабарлады баспасөз қызметі.
Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев, полиция департаменті және төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, Түркістан қаласының әкімі оқиға орнына барды. Өңір басшысы оқиғаның тергеу барысын жеке бақылауына алып, қаза болғандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Отбасына материалдық көмек көрсетуді тапсырды.
"Зардап шеккен отбасына қажетті психологиялық және материалдық көмек көрсетіледі. Мәселе менің жеке бақылауымда. Мен қайтыс болған отбасының туыстары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтамын", - деді Өмірзақ Шөкеев.
Төтенше жағдайлар департаментіне қалалар мен аудандардың әкімдіктерімен бірлесіп, барлық жерде жылыту жүйелерін тексеруді және жылыту жүйелерімен жұмыс істеу кезінде қауіпсіздік шараларын сақтау бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту тапсырылды.
Қайғылы оқиғаның мән-жайын анықтау үшін облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Жетпісбаевтың басшылығымен арнайы комиссия құрылды.
Айта кетсек, бүгін сағат кешкі алтылар шамасында Түркістан облысы төтенше жағдайлар департаментінің кезекші-диспетчерлік пультіне "103" қызметінен хабарлама түскен. Түркістан қаласындағы жеке тұрғын үйлердің бірінде бес адамды көршілері өлі күйінде тапқан, оның төртеуі бала.